№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Газет оқу – сүйікті іс

Газет оқу – сүйікті іс


Ауданның төл басылымы – «Жаңақорған тынысы» газетін асыға күтіп, әрбір мақалаларына зер салып, оқу дағдысын қалыптастырған белсенді оқырманымыздың бірі – Бақтыгүл Тұртанова апамыздың шаңырағына арнайы бардық.


– Армысыз апа, Мақпал деген қызыңыз боламын, – деп таныстырдым өзімді.
– Е-е-е, сен осы бұрынырақта «Қаратаудың Мақпалы» деп Сыр бойы газетіне шығатын қыз емессің бе? – деді апамыз.
– Иә, апа. Мұны қайдан білесіз?
– Біз Кеңес дәуірінің адамымыз ғой, газет пен журналда жарық көрген әрбір мақаланы талғаммен оқитын дағды қалыптасқан. Өзім 1974 жылдан бастап «Жаңақорған тынысы» мен «Сыр бойы» газетінің әр санын қаттап, жинаймын.
– Газет тігіндісінің үлкен қорын сақтаған екенсіз. Ондағы мақса­тыңыз не?
– Өсіріп отырған ұл мен қызым, келіндерім бір-бір маман иесі. Жайсан қызым Түркістанда тұрады, Нұртас ауылдық ауруханада бас медбике, үлкен ұлым Бақытжан орман шаруашылығы бөлімінде жауапты қызметте, Ердәулетім аудандық ауруханада қызмет етеді. Үлкен келінім Жүсіпова Гүлзият ауылда медбике, кіші келінім Борашова Сымбат «Болашақ» мектебінде психолог. Осылардың қызметте кәсіби өсіп, ортасында білімділігін байқатуы үшін тың тақырыптар мен көлемді мақалаларды оқуын қадағалаймын. Ауылда дерек іздеген жандар менің газет тігінділерімді парақтап, құнды деректерге құлақ түретіні бар, – деген апа әңгімесін тиянақтап, парақтары сарғайған, әр беті өңір тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерді қолына алып ұзақ ойланып қалды. «Газеттің әр кезеңінде қаламгерлердің даму деңгейін байқауға болады. Көп газетті қолыма алғанда өзімнің де қызықты жылдарым, алаңсыз сәттерім ойға оралады», – дейді күлімісіреп.
Тарихы тереңге тартқан газеттің өндірісінде өлшеусіз еңбегі қалған Айдархан Бибасаров, Жақсылық Рахматулла, Адырбек Сопыбеков, Құдайберген Ертасов пен Оразалы Мұсабековтің қолтаңбасы қалған тігінділерді көздің қарашығындай қорыған жанның жанарында қаламгерлерге деген үлкен құрмет жатқанын аңғардым. Әңгіме барысында, Баян Үсейінованың шығармашылық әлеуетін ерекше бағалайтынын әрі әр мақаласын сүйсіне оқитынын білдім. «Қазақ қызы» айдарына іліккен жазушының жары, ақынның жары, шопанның жары, диқанның жары секілді қазақ әйелдерінің қасиетін сөзбен өрнектеп, қазақтың салт-дәстүрін көпке насихаттап жүрген қуатты қаламгерлігін сөз етті. Бүгінгі ақпараттық салада өз қолтаңбаларын қалдырып жүрген Нұрлат Бәйгенже, Әйгерім Мырзабаева Әли Жарықбаев, Лаура Бибасарова, Айсұлу Алданазарова, Әсел Рзаеваның еңбегін атап өтті. «Жел болса жарық сөнеді. Неге?», «Қорғаныш құралдары құбылып тұр», «Сүрбойдақтар салық төлей ме?», «Ұлық Ұлыс: Алтын орда тарихы не дейді?», «Ерлер неге ұсақталып барады?», тағы басқа жас тілшілердің қоғамдағы түйткілді мәселерге арналған, сын мақалалары оқитынын айтты.
Адамның назары интернетке ауған шақта газет оқуға ынтызар адамдар аз. Кітап пен газет оқырманға ұялы байланыс арқылы таралып жатқан дәуірде газеттің тігіндісін жинайтын жандар азайып бара жатқаны да жасырын емес. Дегенмен, интернет сөнсе ақпарат алмасу тоқтайды. Ал, газет тігіндісі өшпейтін мұра. Мұнда талай туындыға жүк боларлық үлкен еңбектер бар. Газет тігіндісі – тағылымды тарих.

Мақпал ПӘТЕНОВА

06 қаңтар 2021 ж. 664 0