БИЗНЕСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН БҰРЫМДЫ КӘСІПКЕР

Міне, осындай қыз балаға лайықты, мәртебелі де, табысты кәсіпті таңдаған жаңақорғандық жас кәсіпкер Дананың жүзінен мейірім лебі мен жылулықты бірден аңғаруға болады. Сүйікті кәсібіне адалдықтан айнымаған бүгінгі кейіпкеріміз – «DS» сән салонының жетекшісі Дана Жанғабылова.
Бірден айта кету керек, кейіпкеріміз елімізге танымыл визажист Санди Бексырғаның шәкірті. Алматы, Астана, Қызылорда қалаларынан тәжірибе жинақтап өз кәсібімді ашсам деген ойға келген Дананың сұлулық саласындағы тәжірибесі 6 жылдан асқан, нақты жеке салонын кент орталығынан 2015 жылы ашады. Салон ішіне кіргеннен әр ұсақ-түйекке дейін өз орнында тұрғанын, ең бастысы жарық пен жайлылықты және кызмет көрсететін қыздардың ыстық ықыласын сезесің.
– Өзім шаштаразым болса деп қатты армандадым. Адам бір нәрсені қалап және сол жолда нақты жоспарларын жүзеге асырса алынбайтын асу жоқ екен. 2015 жылы кәсібімді бастап ашқанымда жүрексінгенім де, сәл қобалжығаным да рас.Өйткені айна алдында қайшы мен тарақтың қолданыс реті бөлек те, клиентіңнің көңілінен шығатындай дәрежеде шашын жинақы да, көрнекті қалыпта қиып берудің жөні тіпті бөлек. Оған этика мен мәдениетті тағы қосыңыз.Шүкір, әзірге естігенім тек жылы лебіз бен алғыс. Кәсібімізге сұраныс жоғары деңгейде деп айта аламын. Кент ішінде тұрақты клиенттерім жеткілікті, бірақ соңғы уақытта ауылдық жерлерден де «Instagram» желісі арқылы арнайы іздеп келіп қызметімізге жүгінетіндер де бар, – деді Дана Сапарбекқызы.
Дана басты мақсатына жету үшін көптеген оқыту курстарынан өтті. Мәселен, халыққа сапалы қызметін ұсыну мақсатында шаш сәнінен Алматы қаласында «Колорист» саласы бойынша оқып, Диплом алып келген. 4 адамды жұмыспен қамтып отырған маман түрлі семинарларға қатысып, тәжірибе жинақтап отырады. Шеберлікті арттыру курсынан қалмай оқуы оның ізденімпаз жан екенін аңғартады. Соның нәтижесі болар жақын арада тойханаларды сәндеу жұмысын қолға алмақшы екен.

Лаура БИБАСАРОВА.