Өнерлі елдің өрісі кең
Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов бейсенбі күнгі жұмысын жас талант иесі Мұхаммедәли Абдуллаевты қабылдаумен бастады. Келелі кездесуде ақын Әбілқайыр Сыздықов пен жас ақынның әкесі Нұрлан Жапеков келді. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аякөз Айдосова қатысты.
Жақында Жалағаш ауданында Абайдың 175 жылдығына арналған жас ақындардың облыстық сөз тартысы өткен-тұғын. Оған Мұхаммедәли де қатысып, ә-дегеннен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ол Бақдаулет Әбілдамен жұп құрады. Бұл айтысқа қатысқан ең жас және ең жасы үлкен ақын болды. Сөзтартыс осысымен қызықты өрбіді. Сөз аламанының нәтижесі бойынша “Алтын домбыра” айтысының екі мәрте жеңімпазы Мұхтар Ниязов атындағы жүлдені Мұхамедәлі Абдуллаев қанжығасына байлап қайтты.
– «Шешен көптің тірегі, ақын елдің жүрегі» деген аталы сөз бар. Қасиетті сахнада ақындардың жүректен шыққан сөздері халықтың жүрегіне жетіп жатады. Айтыс өнерінің ұлылығыда осында...
Айтыс ақыны Мамыр Байдәулетов Мұхаммедәлидің сөзтапқырлығын, сахнада өзін еркін ұстайтынын жоғары бағалап, "келешегінен үлкен үміт күттіретін ақын" деп өз бағасын берген еді...
Айналайын, Мұхаммеджан, айтыс өнерінде жұлдызын биіктей берсін, – деп ілтипат білдірді әкім.
Аудан басшысы айтыс өнерінің қайта жаңғырып, дамуында Сыр өңірінің орнына тоқталды.
Айтыс өнерінің тарихын Ұлы Дала елінде қоғамдасу қалыптаса бастаған шақтан іздеу керек. Айтыстың көне түрі – бәдік айтысы, жануарлар мен адамның айтысы, өлі мен тірінің айтысы, жұмбақ айтысы соңын айқын дәлелі.
Жалпы айтыстың тынысы тарылған сәтте Сыр өңірі үлкен қозғаушы күш берді. Әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеев: – Бұрынғылар – мақал, тақпақ үлгісінде айтысып келсе, «Қайым» түрінің басы Күдері мен Ұлбике айтысында болды, –деп көрсетті. Бұл Сыр бойындағы айтыстың даму белесі еді.
Сонау 1943 жылы Қызылорда жерінде алғаш рет өткен ақындар айтысы сұрапыл соғыстан жігері жасып, мұқала бастаған халықтың рухын көтерген еді. Сол жолы тылдағы еңбеккерлерді ерен ерлікке жұмылдырған, шерлі көкіректерге үміт сәулесін ұялатқан ерекше айтыс болды. Араға жылдар салып, 1945 жылы екінші қайтара өткізілген айтыс бейбіт елдің шырқын бұзған басқыншы жауды жеңген қаһарман халықтың өлшеусіз шаттығының көрінісіне айналып еді. Бұдан кейінгі жылдарда Сыр топырағында да айтыс көген кескендей сап тиылған-ды.
Өнер бәйгесінде өзіндік орны бар «Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары», «Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп», Күдеріқожа, Айманкүл Тәжібаева, Қуаныш Баймағамбетов, Нартай Бекежанов, Ұлбике Жанкелдіқызы айтыстары өткен дәуірдің өшпес мұрасына айналды.
Ұлттық рухымызды асқақтатқан айтыс өнері Сыр бойында араға 34 жыл салып, қайта жаңғырды. 1979 жылы өткен Тың игерудің 25 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында Әбдімүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов сынды Сырдың саңлақ айтыскерлері өнер көрсетті. Айтыстың сөне жаздаған шырағы қайта жанған, халықтың асыл өнермен қайта табысқан уақыты осы кезең еді. Содан соң Қазақ ССР-нің құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысы халқымыздың ұмытыла бастаған ізгі өнерге деген сүйіспеншілігін оятты. Сол сайыстарға қатыса бастаған аралдық Әбілхан Маханов, Берекет Омаров, Бекбосын Қайрақбаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, қазалылық Едіге Кішкенеев, жаңақорғандық Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Нұрберген Тастаев, сырдариялық Әбдімүтәліп Қыраубаев, Замаддин Ибадуллаев, Серік Өтеуов, жалағаштық Мырзағали Ақжолов, қармақшылық Қали Шыңғысов, Сәнтөре Пірманов, шиелілік Арзулла Молжігітов, Махамбетқали Тұрсанов, қызылордалық Ниятолла Раманқұлов, Бибігүл Жаппасбаевалардың есімдері ақындар айтысының тарихынан өзіндік орын алып, жыр сүйер жұрттың жадында қалғанын айту парыз.
Сыр бойы айтыс ақындарының көшбасшысы, ақтаңгер ақын Манап Көкеновтің айтыс өнерін дамытудағы еңбегі ерекше. 1980 жылы оған «Қазақстанның халық ақыны» құрметті атағының берілуі соның дәлелі. Жаңақорған ауданында айтыс өнерінде Есеркеп Қонқабаев, Нұрберген Тастаевтың орны ерекше. Одан кейін арқалы ақын Әбілқайыр Сыздықов Жаңақорғанның атын әйгілей түсті.
Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Әбілқайыр Әбілпаттаұлы жас талантты арнайы қабылдап, шабытына шабыт қосқан әкімге алғысын жеткізді.
– «Өнерлі елдің өрісі кең». Осы сөзге аудан әкімі ерекше мән беретіні қуантады. Өз басым, әкімнің руханият, мәдениет саласына бағыттаған істеріне қашанда тілекшімін. Мұндай жарқын істер халықтың рухын байытатыны анық... – деді ақын.
Әкім Руслан Рүстемов ақын Әбілқайыр Сыздықовқа Манап Көкенов атындағы ақындар мектебін жаңғыртып, ақындар сабақтастығын сақтап, ауданда сөз өнері дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Мұхаммедәлидің әкесі Нұрлан Жапеков аудан басшысына алғыс білдіріп, ұлының таланты жайлы тоқталды.
– Балам 7 сыныпта оқиды. Айтысты 5 сыныбынан бастады. Қазір ізденіс үстінде. Алдағы уақытта Әбілқайырмен шығармашылық байланыс орнатып, шабытын шыңдай түсетін боламыз, – деді ақынның қамқоршысы.
Кездесу соңында әкім қос ақынған «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтарын тарту етті.