№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аграрлық секторды ғылым өркендетеді

Аграрлық секторды ғылым өркендетеді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­да­уында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабі­летті эконо­мика құру мүмкін емес екендігін айтты. Ал саланы серпінді дамытудың бірден-бір жолы – ғылыммен байланысты арттырып, ғылыми жетістіктерді қолдану керек. Мұндай озық тәжірибені шөлді даланы игерген Израильден көруге болады. Келер жылдан бастап ғылыми-техникаларға кем дегенде 3 жыл ішінде 50 млрд теңгеден астам қаржы қаралады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.


Иә, алдағы жылы ғылыми зерт­теулерге басымдық беретін фермерлер субсидия алады. Осы арқылы заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуде қосымша экономикалық ын­та­ландыру, сондай-ақ бизнес пен ғы­лымның ықпалдасуы қамтамасыз еті­леді. Демек, ғылымға иек артатын кез келді.
«Мемлекет басшысы Жолдауында аграрлық ғылымды дамыту және за­манауи ауыл шаруашылығын дамы­туға жоғары білікті мамандар даярлау міндетін қойды. Бүгінде әлемдегі фермерлердің шамамен 70 проценті білімнің жетіспеушілігінен бастаған шаруасын тоқтатты. Бұл арнайы оқу­дың және біліктілікті арттыру мүмкіндігінің жоқтығымен, сондай-ақ аграрлық ғылымның дамуымен де бай­ланысты» – деді министр.
Биыл Үкімет жанындағы Жоғары ғылы­ми-техникалық комиссия алдағы 3 жылға бағдарламалық-нысаналы қар­жыландыруға 50,4 млрд теңге мақұл­дады. Бұл қаражат былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2-3 есеге көп. Бюджеттен бөлінген қомақты қа­ра­жатқа 10 басым бағыт бойынша 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарлануда.
Ведомство басшысының айтуынша, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту жөніндегі «Кешен­ді жоспар» бір айдың ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, бекіту үшін Үкіметке жолданады.
«Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында министрлік ал­ды­на бірқатар міндеттер қойып, оларды шешу агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытуда жаңа серпін береді. Бірінші кезекте келесі бес жылдыққа ар­налған «АӨК дамыту жөніндегі» жаңа ұлттық жобаны әзірлеу қажет. Осы бағдарламалық құжатты дайын­дауға FAO беделді халықаралық ұйымы тартылды. Маңызды құжаттың құрамына енген алғашқы жобалар жел­тоқсан айында тұжырымдама түрін­де жасалады», – деді С.Омаров.
Министрдің сөзінше, қазір жұмыс тобы құрылып, оның құрамына «Ата­мекен» ҰКП, фермерлердің сала­лық қауымдастықтары мен одақтары, аграр­лық ғылым өкілдері, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары кірді. АӨК дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасының негізгі құжатының жо­ба­сын әзірлегеннен кейін жұмыс тобының құрамы кеңейтіліп, кеңінен талқылау жүргізілетін болады. Бұл туралы ауданымыздағы ғалым – агроном, селекционер Керімхан Егіз­баев өз ойымен бөлісті.
– Жалпы бұл өте керемет бастама. Әсіресе ғылымға енді бет бұрған жастарға мотивация, яғни күш-жігер сыйлайды. Осы жерде бір мәселені айта кетейін, қазір күріштен көбірек өнім алудың тиімді тәсілдері көп. Жерді құнарландыру, ең бірінші міндет осында, біз осыған көңіл бөле бермейміз. Сондықтан жер жетерлік, кәсіп­керлерге жалға бермей-ақ, оны мемлекет меншігіне қайтарған жөн. Өйткені біреудің несібесіне ортақ­тасқан орынсыз, онсызда күріштің центнерін арттырудың жолын іздеп әлек болып жүрген шаруалардың жұмысы шаш етектен. Ал мына жоба мақұлданып, қабылданатын болса онда екі-үш жылдың ішінде елдегі ауыл­шаруашылығы саласы үлкен жетістікке жетер еді. Өйткені Жапония елі бізге үлгі бола алады, – деді ғылыми өнді­рістік «Агротехнология» шаруа қожа­лығының басшысы.
Соңғы жылдары Керекеңнің «Ай-Керім» сорты Сыр өңірінде үлкен сұранысқа ие бола бастады. Міне, нағыз ғылыми жобаның жетістігі. Алдағы уақытта да айналымға өзге үрдістер енгізуді көздеп отыр кейіпкеріміз. Сол секілді дрондар да өнімнің көлемін арттыруға мол мүмкіндік береді. Мұны «Түгіскен ТШ» ЖШС-нің қоданыс аясы­нан аңғаруға болады.
ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ал­тын дәуірі. Сондықтан ғылымы озық елдердің еңсесі қашанда биік. Ал аграрлы саланың ғылыми жүйесін ай­на­лымға енгізген мемлекеттердің эко­номикасы өрге басып келеді.

Әли ТЕМІРБЕК
02 желтоқсан 2020 ж. 333 0