№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖӘРМЕҢКЕ: ЖАҢАҚОРҒАН ҚЫЗЫЛОРДАҒА 17 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ТАУАРЫН АЛЫП БАРДЫ

ЖӘРМЕҢКЕ: ЖАҢАҚОРҒАН ҚЫЗЫЛОРДАҒА 17 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ТАУАРЫН АЛЫП БАРДЫ




Күз – қашанда береке мен молшылық маусымы. Ала жаздай егіс даласында тынбай еңбек еткен диқаншы қауым бұл мезетте арқаны кеңге салады. Шіліңгір шілденің ыстық күнінде күтіп-баптаған өнімдерін бұқара халыққа ұсынатын да осы уақыт. Өткен сенбі күні Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай, жаңақорғандық диқандар қала тұрғындарына тамаша тарту жасады. Арзан бағада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып, бұқараға барын ұсынды. Жасыратыны жоқ, жылдағы дәстүрге сай, күз маусымы кірісімен қала тұрғындары жаңақорғандық өнімді асыға күтеді. Бұл күні таң алакеуіммен қызылордалықтар Астана даңғылына ағылды. Сағат тілі сегізді көрсеткенде қарбалас сауда басталып та кетті. Жаңақорғаннан жеткен көкөніс, жеміс-жидек, ет, балық, бақша өнімдері, жем-шөп нарық бағасынан 15 пайызға төмен сатылды. Жалпы, жеткізілген тауар көлемі 271 тоннаны құраса, құны 17 миллион теңгенің төңірегінде. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков нақтылады.
Қысқы азығын қамдап жатқан тұрғындар мен дала еңбеккерлерін Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерекесімен құттықтауға келген Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жахановты аудан әкімі Ғалым Әміреев күтіп алып, жәрмеңкені бірге аралады. Алғаш болып, Кейден ауылынан келген «Нұрмұхаммедәлі» дара кәсіпкерлігінің иесі Ұлпаш Мәлікқызының табиғи өнімдері орналасқан аумаққа аялдады.
– Сұраныс қалай болып жатыр?
– Жақсы. Әсіресе, ауылдың қаймағы мен құрты, сары майы тез сатылуда.
– Қанша жыл болды, кәсіпкерлікті қолға алғаныңызға?
– Үш жылдан асты. Бүгінгі таңда ауылда шағын сеператормен сүттен айран, қаймақ, балқаймақ, дәмді ірімшік, ащы ірімшік, құрт өнімдерін шығарып, аудан орталығына саудалаудамын. Сүт өңдеу технологиясын енді меңгеріп жатқандықтан әліде болса, бұл бағытта нарық сұранысына сай өнім дайындау міндеті тұр.
– Дұрыс екен. Елімізде сүт өнеркәсібі – ауыл шаруашылығы кешенінің ең негізгісінен саналады. Нарықта табиғи өнімге қашанда сұраныс жоғары. Саудаңыз берекелі болсын!
Бұл қызылордалық делегаттар мен жеке кәсіпкер Ұлпаш Мәлікқызы арасындағы диалог.
Жері құт, елі дархан Жаңақорғаннан келген диқаншы қауымды Ақмешіт шаһарының 200 жылдық мерекесімен құттықтаған құрметті қонақтар бұл жәрмеңке екі тарап үшін де тиімді екенін айтты. Өйткені, шаруашылықтар жаз бойғы еңбегін саудалауға мүмкіндік алса, тұрғындар табиғи сапалы әрі арзан өнімге қол жеткізетінін тілге тиек етті.
Иә, расында, саптай тізіліген 20-ға жуық жүк көлігімен жеткізілген ауданға қарасты 26 кент, ауылдық округтің өнімі жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағада сатылды.
«Жәрмеңке жылда дәстүрлі түрде өткізілетіндіктен асыға күтеміз. Таңғы шәйімізді ішер-ішпес, әмиянды қолға алып, осында келдік. Тауар бағасы қалтаға қонымды. Базардан әлдеқайда арзан. Әрі қаптап алсаң, бағасын төмендетіп беруде. Өзім, бір-бір қаптан картоп, пияз, күріш алдым. Бізге бұл бірнеше айға жетеді. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор», – дейді қала тұрғыны Сандуғаш Ахметова.
Сондай-ақ жәрмеңке барысында Аққорған мен Өзгенттің бал өніміне сұраныс жоғары болды. Шаруа қожалықтар пұлдаған жылқы, сиыр, қой еті де нарық бағамынан 15 пайызға төмен сатылды.
Түйіндей айтқанда, таң атқаннан түс ауғанша жалғасқан жәрмеңке қала тұрғындарының қысқы азықтан қысылмай шығуына мүмкіндік жасады. Ең бастысы, қарапайым халық та, өнімі өткен диқанда дән риза. Бұл да болса, күз маусымының қашанда береке мен молшылық айының нышаны екенін айғақтайды. Сонымен қатар, қазақта «шаруа кісіні қыдыр тұт, сақы кісіні қадір тұт» деген аталы сөз бар. Пайымды сөздің парқына үңіліп, алты ай жаз дала қосында дамыл көрмеген еңбеккерлердің ерен еңбегіне берілген баға екенін ұғасыз.
Айта кету керек, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының ән шашуы қалалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жәрмеңкенің сәтті өтуіне өзіндік үлесін қосты.

Әбдісамат ӘБДІШ.
02 қазан 2018 ж. 1 311 0