Өткеннен сабақ алмаған болашақтан таяқ жейді
Уақыт қашанда үстемдігімен, уыста тұрмас қым-қуыт қозғалысымен адамның дегеніне көне бермейді. Қазақта «Үркер үйіңнен көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар» деген ғой, қазір мезгілдің мамыражай кезеңі емес. Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки дейтіндей шақта тұрмыз. Бұл – сынақ, қыс та қыспақтайды, жауапкершілік те желкелейді. Сол себепті арқаны кеңге салып, уайымсыз, мұңсыз отыратын жаймашуақ жағдайды уақыт көтермейді.
Өздеріңізге белгілі, жыл басы жайсыз жағдаймен басталды. Әлемді жайлаған COVID-2019 коронавирус инфекциясы өршіп, жан үшін арпалыс, денсаулықты жақсарту үшін дабыл күшейді. Аудандағы ауыр оқиғалар кейбір шаңырақты шаттықтан айырды, қимасымен қиналып қоштасты. Кім жақынын, жанашырын ажал аузына салып береді, бұл да бір нәубет емес пе еді. Осы тауқыметке қарсы тұру мақсатында қолдағы бар мүмкіндік, қамқорлық елдің амандығына жұмылдырылды. Соңғы сәтке дейін дәрігерлер аянбай күресті, алайда азаматтардан қапыда айырылып қалып жаттық. Бұл тек әлеуметтік жағдайға ғана емес, экономикалық шығынға да әкеліп соқты. Енді міне, арада көп уақыт өтпей, өткеннің ащы сабағы жадымыздан шығып, ұмытыла бастады. Бұрынғы алаңсыз өмір дағдысы той тойлап, жайбарақат күйге түсірді.
Жуырда Мемлекет басшысы өткізген кеңесте: «Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау», – деді. Соған сай барлық медицина қызметкеріне ықтимал екінші толқын басталғанын, вирустың кез келген уақытта жаппай таралу мүмкіндігін ескертті.
Соңғы ақпаратқа сәйкес Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары қызыл аймаққа еніп, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары сары аймаққа жатқызылды.
Сонымен бірге түрлі ақпарат құралдары арқылы айтылып жатқан әлемдегі ауырған адамдардың саны артып, еліміздегі біршама өңір мен шекаралас Ресей мемлекетінде күн санап ауырған адамдар саны артып келеді. Демек Ресейге сапарлап барып келіп жүрген азаматтар сақтық шараларын қатаң ұстанбаса олар індеттің ауданда қайтадан белең алуының негізгі себепкері болулары әбден мүмкін.
Сондықтан аудандық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев (келісім бойынша), кент, ауылдық округ әкімдері облыс аумағынан тыс жерлерде жұмыс жасайтын азаматтардың тізімін жасақтап, олардың отбасына келіп кеткен уақытын күнделікті бақылап, карантин талаптарын сақтауды ұйымдастыруы қажет.
Облыстың бас санитарының 2020 жылғы 2 қарашадағы №26 қаулысын негізге алып, аудан көлеміндегі 300 оқушыға жетпейтін 20 мектептің бүгінгі таңда 19-ы дәстүрлі жағдайдағы жұмысын бастады (№89, 161, 162, 164, 166, 180, 184, 193, 196, 208, 221, 224, 239, 242, 245, 247, 254, 255).
Бұл өз кезегіндегі алаңдатарлық жағдай екенін де жасыруға болмайды. Сондықтан жоғарыдағы барлық мектептерде карантин талаптарының қатаң түрде сақталуы жөніндегі жауапкершілікті аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов күнделікті назарға алулары тиіс. Сонымен бірге барлық ата-ананы балалардың мектептен тыс уақыттағы карантин талаптарын қатаң сақтауына назар аударуға шақырамын!
Ауданның барша тұрғыны болып қатаң шектеу шараларын ұстану арқылы ғана біз өзіміз бен жақындарымызды қорғай аламыз. Халықтан бетперде киюді, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауды талап ету керек. Жоспарланған барлық шарадан бас тартқан жөн. Басты мақсатымыз – індеттің жаппай таралуына жол бермеу.
Ол үшін тағы да айтам, отбасылық, топтық жиындарды тоқтатуымыз қажет. Бұл тұрғыда кент, ауылдық округ әкімдері мен аудандық полиция бөлімі өз дәрежесінде бірлесе жұмыс жүргізулері тиіс. Сақтанбасақ мұның аяғы жаз мезгіліндегі жағдайдан күрделі болмасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Осыны ескерте отырып, жауапкершілікке ортақ мүдде ретінде қарауға, елдің ертеңге деген сеніміне селкеу түсірмеуге шақырамын.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі