Соңғы жаңалықтар

"Талантты Жұлдыздар"

24 сәуір 2024 ж. 57

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жасыл алаңдар жөнделді

Жасыл алаңдар жөнделді


Жаңақорғандағы шағын футбол алаңдарының тозығы жетіп, жарамсыз күйге енгеніне де біршама уақыт өтті. Әсіресе аудан орталығындағы жасыл алаңдар жөндеуді көбірек қажет етіп, жасанды желегі жүгіруге жарамсыз болғанын бәрі біледі. Биыл сол көптің тілеуі орындалып, алаңдар қайта жөндеуден өтті. Сапасы сын көтере ме, қашан пайдалануға берілді? Осыны білу мақсатында жауапты сала мамандарымен байланысып көрдік.


Жалпы Жаңақорған спорт сала­сынан Сыр өңіріндегі шоқтығы биік аудан деуге болады. Әсіресе, ұлттық ойындар, күрес, командалық спорт түрінен аймақтағы белесіміз биік. Оған жыл сайынғы жеткен жетістігіміз дәлел бола алады. Оның ішінде футболдан ұтқан тұсымыз жетерлік, жасөспірімдер мен жастардың ала допты серік етіп, аға буынның ізін басып келеді. Екінші жағынан салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту тұрғысынан алсақ та қолдау бар. Сондықтан, шағын футбол алаң­дарының ретке келтірілуі байыпты бастама деп бағамдадық.
– Биыл елдегі төтенше жағдай, карантин режиміне байланысты жарыс­тардың көбі кейінге шегерілді. Десе де, бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған жарыстар болсын, спортшылар жүлдесіз оралған емес. Келер жылға жоспар көп, ал шағын алаңдардың жөнделуі еңсемізді көтерді. Аудан бойынша 40-қа жуық осындай алаңдар бар, тозығы жеткендер жөндеуден өтіп тұрады. Соның дәлелі биыл бес бірдей шағын алаңның жасыл желегі төселді, – деді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов.
Жаңақорған кентіндегі 5 дана кіші спорт алаңқайларын ағымдағы жөндеуге 41 млн 329 мың теңге бөлініпті. Бұл туралы нақты мәліметті кент әкімдігі берген болатын.
– Биыл Жаңақорған кенті Қорғантоғай көшесінің бойында орналасқан спорт алаңқайларының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 8 088,4 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу жарияланды. Нәтижесінде «Аңсар Строй» ЖШС 6 147,7 мың теңгеге жеңімпаз болып танылып, келісім-шарт жасалды. Бүгінгі таңға ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сол секілді Жеңіс, Жаңаауыл және Болашақ көшесінің бойында орналасқан спорт алаңының құрылысын осы мекеме жүргізді. Тек Б.Майлин көшесінің бойында орналасқан жасыл алаңның жөндеу жұмысына «Консалтинг Груп «Партнер» ЖШС жауапты болды. Жалпы барлық алаңның жөндеуі толық жүйеленіп, тұрғындар пайдалануда, – деді кент әкімі Есдаулет Сейілов.
Иә, шағын алаңдардың игілігін көріп жатқан тұрғындар дән разы. Қазір қыс ауасы болған соң, ерте көктемнен бастап, күздің қара суығына дейін балалар алаңсыз доп теуіп, жаттығу жасайтын жасанды жасыл алаңдардың ретке келуі көптің көкейіндегі жүрген сауалдың бірі болатын. Ендігі мәселе, сол алаңқайларға зиян тигізбей, дұрыс пайдалана алсақ болғаны. Өйткені кезінде қырқып алып, шаңын шығарған жайттарға талай куә болған едік. Көз көрген соң айтып жатқанымыз ғой.
– Шыны керек, бұл өте дұрыс болды. Балалардың спортқа бейімделуіне үлкен әсерін тигізетініне шүбә жоқ. Осындай игі істер көптеп қолға алына берсе, нұр ұстіне нұр ғой. Бұл бәрінен бұрын сау ұрпақ, саламатты өмір салтын қалыптастыруға жайлы мүмкіндік, – деді кент тұрғыны Алпамыс Жансанов.
Тағы бір қуанарлық жайт, келер жылы орталық стадион пайдалануға беріледі. Сәні мен салтанаты келіскен стадионның құрылысы аяқталуға жа­қын екен. Бұл да неше жылдан бергі көп­тің тілеуі болатын. Барлығы уақыт көшінде келеді, тек істің сапалы бітуін бағамдасақ болғаны.

Әлібек Темірбек
18 қараша 2020 ж. 412 0