Ауданның коммуналдық меншігіндегі мүлікті тиімді басқару тәсілдері жайлы
Мемлекеттік мүлікті басқару Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV Заңымен (бұдан әрі - Заң) реттеледі. Заң мемлекеттің мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы құқықтары мен міндеттерін айқындайды, мемлекеттің меншік құқығында мемлекетке тиесілі мүлікті иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді қоса алғанда, мүліктік құқықты жүзеге асыру тәртібін, мемлекеттік мүлікке, оның ішінде мүлікті мемлекет меншігіне алу және жекешелендіру кезінде құқықтарға ие болу және тоқтату, сондай-ақ жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иелену және (немесе) пайдалану тәртібін белгілейді.
Мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық мүлік болып бөлінеді.
Республикалық мүліктің құрамына:
1) мемлекеттік қазынаның мүлкі:
республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік;
2) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.
Коммуналдық мүліктің құрамына:
1) жергілікті қазынаның мүлкі:
жергілікті бюджеттің қаражаты;
коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік;
2) коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.
Мемлекеттік мүлікті басқару:
1) заңдылық;
2) есеп берушілік және бақылауда болу;
3) жариялылық;
4) мемлекеттік мүлікті қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану;
5) бәсекелестікті дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мүліктің түріне қарай мемлекеттік мүлікті басқаруды Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік мүлікті басқаруды ұйымдастырады және республикалық мүлікті басқарады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкімшілік-аумақтық бірлігінің атынан коммуналдық мүлікті басқаруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімшілік-аумақтық бірлігінің атынан жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқаруды аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты Заңның 18-1-бабында белгіленген құзыретке сәйкес жүзеге асырады.
Коммуналдық мүлікті басқару кезінде жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы мемлекеттік органдардың мәртебесін айқындайтын Заңның 2-тарауында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, ережелерде және өзге де актілерде белгіленген өз құзыреті шеңберінде жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының коммуналдық мүлікке өздерінің құқықтарын іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
Республикалық және коммуналдық мүліктің сақталуын тексеруді мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекеттік мүлік шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілуі мүмкін.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
3) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
4) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
5) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалға (жалдауға), сенімгерлік басқаруға береді;
6) аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы, сондай-ақ олардың акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысуы, оларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, акционерлік қоғамдардың өздеріне тиесілі акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін иеліктен шығару туралы шешімдер қабылдайды;
7) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін) бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға осыған уәкілеттік береді;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
9) аудандық коммуналдық мүліктің пайдаланылуын және сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
10) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерін қарайды, бекітеді және осы Заңда көзделген жағдайларда келіседі;
11) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;
12) аудандық коммуналдық мүлікті аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіп береді;
13) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
14) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақшаны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
15) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, мүліктік жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;
16) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде Заңның 4-тарауында белгіленген талаптар бойынша реквизициялау туралы шешім қабылдайды;
17) Заңның 4-тарауында белгіленген жағдайларда және талаптарда реквизицияланған мүлікке ақшалай өтем төлейді;
18) Заңның 6-тарауында белгіленген жағдайларда жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарған кезде өтем төлейді;
19) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылуы туралы қаулы қабылдайды;
20) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жасасады;
21) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған, мемлекетке мұрагерлік құқығы бойынша өткен аудандық коммуналдық мүліктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткізілген иесіз қалған мүліктің, олжаның, қараусыз қалған жануарлардың, құрамында мәдени құндылықтарға жататын зат жоқ көмбелердің үлестерін есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды ұйымдастырады;
22) сенімгерлікпен басқарушының аудандық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асырады;
23) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын әзірлеу мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлік құқықтарына ие болуына:
1) жергілікті бюджетке түсетін түсімдер;
2) коммуналдық заңды тұлғалардың мүлікті сатып алуы;
3) иесі жоқ және тәркіленген мүліктің коммуналдық мүлік құрамына түсуі;
4) мүлікті республикалық мүліктің құрамынан коммуналдық мүліктің құрамына беру;
5) азаматтық-құқықтық шарттар (сатып алу-сату, мердігерлік және басқа да шарттар) негізінде мүлікті сатып алу және оны жасау;
6) өз бетінше салынған құрылысқа құқықтарға сот шешімі бойынша ие болу;
7) күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды сот шешімі бойынша алып қою;
8) жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар мүлкін мұраға қалдыру, иесіз қалған мүлкінің басқаға өтуі, сыйға тарту немесе оның коммуналдық мүліктің құрамына өзге де өтеусіз берілуі не өзге де өтеусіз түсуі (өтуі);
9) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару;
10) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруы;
11) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша берілген мүлікті қайтару;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер негіз болып табылады.
Мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 Қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) сәйкес жекешелендіріледі. Қаулы аукцион, тендер, жабық тендер және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс нысанында сауда-саттықта жекешелендіру объектілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату және акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату тәртібін реттейді.
Жекешелендіру объектісіне мүлiктiк кешен ретiндегi кәсіпорын, жекешелендiрiлуi тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бiрлiктерi, мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкi, акционерлік қоғамдардың акциялары, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар жатады.
Объектіні жекешелендіру туралы шешімді мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты қабылдайды, олар күнтізбелік он күн ішінде жекешелендіру объектілері туралы ақпаратты (сату кестесі) тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидасы (бұдан әрі - Қағида)мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібін айқындайды.
Мүліктік жалдау (жалға алу) объектісіне су шаруашылығы құрылыстарын, жер учаскелерін, тұрғын үй қорын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери мүлкі мен пайдаланылмайтын әскери мүлкін, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылыстарын қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жылжымалы және жылжымайтын мүліктер (заттар)жатқызылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №17 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидасы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға берудің, оның ішінде тендер өткізудің, сенімгерлік басқарушылармен шарттар жасасу тәртібін айқындайды.
Сенімгерлік басқаруға беру объектілері – мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік кешені, бағалы қағаздар, жарғылық капиталға қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік, мемлекетке тиесілі ақша, сондай-ақ өзге мемлекеттік мүлік.
«Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығына сәйкес аудандық коммуналдық мүліктен жалпы 1521,15 шаршы метр мемлекеттік тұрғын үй емес жайларға барлығы 51 мемлекеттік мүлікті жалға беру шарттары рәсімделіп, келісім шарттар бойынша 1 880,1 мың теңге есептеліп, жергілікті бюджетке 905,4 мың теңге түскен. Жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі мүліктерді жалға беру бойынша 2020 жылға 2 957,0 мың теңге жоспарланып, 726,2 теңге түскен.
2020 жылғы 23 наурыздағы ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Коронавирус жағдайы мен дағдарысқа қарсы шаралар туралы» кеңес хаттамасының 2.22-тармағына сәйкес мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша 3 ай мерзімге шағын және орта бизнес субъектілері үшін жалға алу төлемдерін есептеуді ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап 19 маусымға дейін тоқтата тұру, сонымен қатар ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша 1 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін жалдау ақысын төлеуден босату тапсырмасына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 9 қазандағы №75 бұйрығымен «Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығына жылжымайтын мүлік объектісі үшін мүліктік жалдау (жалға алу) үшін жалдау ақыны шағын және орта бизнес субъектілері үшін 2020 жылдың 20 маусымынан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы кезеңде тоқтату бөлігінде толықтыру енгізілуіне байланысты аудан бойынша жалға беру төлем ақылары тоқтатылды.
«Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 Қағидасына сәйкес, ауданның коммуналдық меншігіндегі 2 автокөлік және 9 ауылшаруашылық техникалары тізілімінің веб-порталына енгізіліп, электронды сауда-саттықта сатылып, жергілікті бюджетке «301102» сыныптама кодына 52 855,8 мың теңге түсті. Жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі мүліктер 12 547,7 мың теңгеге сатылған.
Мемлекеттік мүлікті есепке алу мемлекеттік мүлікті бақылау және тиімді пайдалану мақсаттары үшін жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүлікті есепке алу туралы деректер мемлекеттік мүліктің тізіліміне енгізілуге тиіс.
Лина Омаровна,
Жаңақорған ауданының қаржы бөлімінің коммуналдық меншікті басқару секторының меңгерушісі