№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Басты міндет – аудан тұрғындарының әлеуетін арттыру

Басты міндет – аудан тұрғындарының әлеуетін арттыру


Іс істеймін деген адам кабинетте отыра алмайды. Аудан басшысы Руслан Рүстемовтің жұмыс стилінен осыны ұқтық. Ашықтық пен жариялықты басшылыққа алып, халықпен дүркін-дүркін кездесіп, негізгі мәселелерді біліп, оның сапалы шешілуіне сала басшылары мен ауыл әкімдерін ұйыстырып, сосын шешімін тапқан қажеттілікті тұрғындарға баяндауды жолға қойды. Осындай үндестікті Сыр және қыр беткейдегі ауылдық округтерге арнайы барғанында білуге болады. Әлі де елді мекендерді аралау жалғасады. Әкімге қауырт жұмыстардан бір сәт бізге бет бұрып, ауылдық округтерді аралаудың қорытындысы жөнінде сұхбат беруін сұрадық.


– Сыр беткейді бағытқа алып, бірінші Қандөзге тоқта­ға­ны­ңызды білеміз. Ондағы мә­селелер қаншалықты шешімін тапты?
– Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айында әкім болып келісімен барлық елді мекенге арнайы барып, әрбір тұрғын көтерген ұсынысына мән беріп, шешілу жолдарын зерделедім. Айта кететіні, көп ауылдың мәселесі ортақ. Яғни аяқ және ауыз, жайылымдық жер, электр жүйесінің ескіргені, интернет жылдамдығының төмен болуы және т.б. жиі көтерілді.
Қандөз ауылдық округі бойынша 7 ұсыныс айтылған еді. Оның ішінде, елді мекеннің басты көшесі – Н.Төреқұлов көшесін орташа жөндеуден өткізу (асфальт және жаяу жүргінші жолын салу) үшін ауыл әкімі тікелей аудандық бюджеттен қаржы алуға бюджеттік өтінім беріу тиіс. 20 қазанда аудандық бюджетті нақтылаған сессияның барысында 21 кент, ауылдық округтегі көшелерді күн сәулесі арқылы жарықтандыру қондырғысына қаржы қаралды. Бұл қатарда аталған көшені жарықтандыруға 1 млн. 335 мың теңге қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін іске қосылады. Одан бөлек, Наурыз көшесінің бойына жаңадан темір қоршау жасату үшін 3 млн. 742 мың. теңге қаржы қаралды. Ал Н.Төреқұлов көшесін асфальттауға байланысты кент, ауылдық округтердегі көшелерді жөндеуден өткізу үшін республикалық бағдарламаларға ұсынып, қаржы тарту мақсатында алдын ала тізім жинақталып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынылды. Алдағы уақытта қаржы қаралған жағдайда көше жөнделеді.
– Жаңақорған ауданында бір­­неше жылдан бері электр желілер мен бағандарының ес­кір­гені, соның салдарынан жа­рықтың өз деңгейінде жетпейтіні көтеріліп келеді. Бұл – Қандөзге де ортақ мәселе. Мұны шешудің жолы бар ма?
– Әрине кез келген нәрсенің түйінін тарқатуға болады. 1965-1970 жылдары қойылған бөрене баға­налары мен элетр желісі ауа райының қолайсыздығына бай­ланысты сынуы, құлауы жиі кездесіп жатады. Яғни бағаналар мен желінің 70 пайызы тозды. Мұны реттеуге көп қаржы, ұзақ уақыт жұмсалады. Бұл жағдайды жетік білеміз, әрі облыстық деңгейде шешілуіне күш салудамыз. Сондықтан бұл мәселені аудан бойынша жүйелі түрде жөнделуі үшін облысқа арнайы ұсынып жатырмыз.
– Экономикалық тұрғыда өр­кен­­деуде және азаматтық қо­ғам­ды қалыптастыруда төр­тінші деңгейлі бюджеттің ат­­­қа­рар міндеті зор. Яғни ауыл әкімдері салық тартып, жер­гілікті мәселелерді өз деңгейінде шешуге қол жет­кізеді. Осыған байланысты мәслихаттың кеңейтілген алқа мәжілісінде ауыл әкімдерін қамшылағаныңыз есімізде...
– Дұрыс айтасың. Қазір ауыл әкімдерінің дербес бюджеті бар. Ауылға инвестиция тартып, салық түсімін арттырып, ауыл тұрғындарының әлеуметік әлеуетін арттыруы тиіс. Әріптестерімнен осындай белсенділікті күтемін.
Шынында, көп мәселені ауыл деңгейінде шешуге болады. Мәселен, Қалғансыр елді мекеніне баратын тас жолды грейдер мен тегістеуді жергілікті жерде шешуге әбден болады. Ауыл әкімі қоғамдастық жиынында қарап, дербес есеп шотынан (КСН) қаражат қарастырып, жұмыс істеуі қажет немесе 2021 жылға жоспарланған елді мекендерді абаттандыру бағдарламасы есебінен жөндейтін болады. Мұндай мысалдар көп...
– Қандөздегі күрделі мәсе­ленің бірі – аяқ және ауыз су. Оның шешімі қалай болады?
– Жалпы Жаңақорған ауданы бойынша ауыз су мәселесі өте күрделі болып тұр. Жоспар бойынша Сыр және қыр беткейдегі, Орынбор-Ташкент темір жолының бойындағы барлық елді мекендер «Талап-Сыр­дария» топтық су құбыры бойын­ша ауыз сумен қамтылуы керек. Бірақ бас тоғандағы судың жетіс­пеушілігіне байланысты қосым­ша скважиналар қазылады. Сон­дықтан әзірге уақытпен су алуға тура келеді. Алдағы жылдары тәулік бойы таза ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмыс істейміз.
Аяқ су мәселесі – Көктөбе, Қан­дөз, Төменарық және Сүттіқұдық, Байкенжеге ортақ. Қазір әр ауылдың географиялық орналасуы және жер бедеріне қарай шешудің жолын зерттеудеміз. Нақты Қандөздегі мә­се­ле бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысымен сөйлестім. Насосты (СНП насосы) сатып алу заңдылықтары бойынша конкурс жеңімпазы анықталып, мердігермен келісім шарт жасалды. Жыл соңына дейін насос әкелінеді.
– Қандөзде тағы қандай мәселе көтерілген еді?
– Қандөзде көтерілген алтыншы ұсыныс – елді мекендегі мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында жаңадан салынған спорт кешенінің ашылуын сұраған еді. 2019-2020 жылы аудан бойынша 9 елді мекенде спорт кешендер салынды. Алайда елдегі қаржылық жетіспеушілікке сәйкес кезең-кезеңімен қаржысын қарап берілуде. Облыста өткен тамыз айындағы сессияда облыстық бюджеттен 3 елді мекендегі спорт кешенінің қаржысы шешілді. Енді жыл соңына дейін қалған 6 спорт кешеннің қаржысы берілетін болады.
Жетінші ұсыныс – егін егуге қажетті жерді шешіп беруді сұрады. Ауылдағы ашылған агро-аймақта егін егуге толық мүмкіндік бар.
– Қыркүйек айында Көктөбе ауылдық округіне барғаныңызда 4 ұсыныс көтерілгенін білеміз. Көктөбеліктерді немен қуанттыңыз?
– Интернет желісінің жылдамдығын арттыру, ұялы байланыс желілері жөнінде аудан бойынша 10-нан аса елді мекендерде мәселе көтерілді. Бұл қызметтің түрі бәсекелестік ортаға берілген қызметтің түріне жатады. Тұрғындарға сервистік қызмет көрсетуге «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ жауапты. Екі мекеменің аудандағы өкілдерімен сөйлестім. Аудан көлеміндегі интернет желісінің жылдамдығын арттыру мақсатында қолдағы барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жатқанын айтты. Осы жылдың аяғына дейін «Транстелеком» АҚ Аққұм, Қосүйеңкі, Келінтөбе, М.Нәлібаев, Қожакент, Қандөз, Қаратөбе елді мекеніне ұялы байланыс желісі арқылы 4G, 3G интернет желісінің жылдамдығын арттыратын болады. Ал, аудан көлеміндегі көпшілік ауылдарда «Қазақтелеком» АҚ электромонтер мамандары қысқарып кеткен. Сондықтан табиғаттың қолайсыз жағдайларында туындайтын дауылдың, жауынның салдарынан жарықтың сөнуі кезінде автоматтық телемеханика байланысы (АТС) жарықтан ағытылып қалып жатады. Сол уақыттарда интернет желілері болмай қалады. Сондықтан елді мекендердегі қысқарып кеткен «Қазақтелеком» АҚ-ның мамандарын қайтаруға жұмыс жасайтын боламыз. Егер заңдылықтарына сәйкес келіп жатса жаңа жылдан бастап шешімін табады.
Көктебе, Қандөз, М.Нәлібаев, Талап, Қосүйіңкі ауылына ортақ мәселе –мал басының көптігінен жайылымдық жерлер жетпей жатқаны. Бұл бағытта ауылдық елді мекен шекараларын (әкімшілік аумағын) белгілеу жұмыстарын жүргізуге қаражат қарастырылып, барлық кент және ауылдық округтердің әкімшілік аумағының шекарасын белгілеу жұмыс­тары істелуде. Жыл соңында бұл жұмыстар аяқталып, облыстық атқарушы және өкілетті органдардың қарауына ұсынылады. Сол құжат бекітіліп, әділет органдарына тіркелгенен кейін, жайылымдық жерлерді кеңейтуге бағытталған жұмыстар атқарылатын болады. Яғни елді мекенге жақын орналасқан шаруа қожалықтардан жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін алынады. Бұдан бөлек жайылымдық жерлердің аздығы жөнінде облыстық жер қатынастары басқармасына хат жолданып, орман қоры жерлерін халықтың мал жайылымдығына беру сұралды.
– Меніңше, Өзгентте көтерілген екі мәселе өте орынды. Бірі – клуб үйі болса, екіншісі – С.Шаухаманов атындағы аллея. Солай емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Өзгент ауылдық округінде көтерілген екі ұсыныс өте орынды. Екеуінің де жоба сметалық құжаттары дайындалып, жоба құны анықталған. Ауылдағы клуб құрылысы осы уақытқа дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында салынатын болып келді. Бүгінде бағдарлама басымдықтан алынып тасталды. Бірақ біз қарап отырған жоқпыз. Биыл «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауданда көптеген әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтуде және жаңадан салынуда. Бір ғана мысал, Шалқия кентінен 150 орындық клубтың құрылысы жүруде.
Жоғарыда айтылған бағдарламалар бойынша жоғарғы бюджеттерден қаржы тарту үшін аудандағы дайын жобаларды ұсынып жатырмыз. Қос жоба – клуб үйі мен мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов атындағы жастар аллеясы алдағы жылы қолдау тапса, құрылысы басталады.
Көтерілген ұсыныстан бөлек жыл соңына дейін М.Әуезов көшесіне күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдар қойылатын болады. Оған қаржы бөлінді. Енді тек ауыл әкімі қажетті жұмыстарын жүргізіп, қаржыны мерзімінде игеру керек. Сонымен қатар жоғарыдағы бағдарламалар бойынша қаржы алу үшін Досан ата, Құдайбергенов, М.Әуезов көшесін жөндеу жобасы ұсынылды.
– М.Нәлібаев ауылдық округін аудандағы сәні мен дәулеті жарасқан елді мекеннің біріне балаймыз. Әлеуетті ауылда қандай мәселелер бар?
– 2020 жылдың қыркүйек айында елді мекендерді аралау барысында 4 ұсыныс түсті. Оның ішінде, қазіргі таңда 1 ұсыныс толық шешімін тапты. Яғни елді мекенде жаңа мектеп салынған соң №196 мектептің ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, №17 «Әділ» балабақшасына берілген. Елді мекенде бала санының көптігінен балабақшаға тағы екі топ қосып беру үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралып, қажетті штат бірліктері берілді.
Спорт кешенін салу жөніндегі ұсыныс бойынша облыстық басқармалар арқылы қажетті құжаттары жинақталатын болады. Жаңақорған ауданы бойынша 2020 жылға салынып қойған 6 спорт кешенінің қаржысын шешіп алсақ, алдағы жылдарға жаңадан басталатын жобалар дайындалатын болады.
Көтерілген ұсыныстардан бөлек жыл соңына дейін елді мекендегі Ә.Молдағұлова, Т.Рысқұлов, Тайлақ батыр көшелеріне күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдар алынып қойылатын болады. Оған қаржы бөлінген. Енді тек ауыл әкімі қажетті жұмыстарын жүргізіп, қаржыны мерзімінде игеру керек.
2021 жылға мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы елді мекендерге қаржы тарту үшін жоғары бюджетке көптеген жобалар ұсынылып жатыр. Соның ішінде А.Құнанбаев, С.Сейфуллин, Ақжол, Ы.Алтынсарин, А.Иманов көшесін жөн­деу жобасы ұсынылды.
– Біздің ауданның бағына қарай темір жол желісі бар, оған батыс пен шығысты жалғайтын халықаралық жолды қосыңыз. Осы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансферлік жолының бойында орналасқан Манап ауылдық округіне барғанда ойға не түйдіңіз?
– Ерте замандардан Ұлы Жібек жолы тіршіліктің қайнар көзі болды. Сауда керуенінің бойында жүздеген қалалар мен керуен сарайлары бой көтерді. Құрлықтағы сауда жолы теңізге ауысуының салдарынан империялар күйрегені белгілі. Тарихшылардың сөзінше, Алтын Орданың әлсіреуіне Ұлы Жібек жолының тоқтауы әсер етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында Ұлы Жібек жолының ізімен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы құрылды. Енді мүмкіндікті барынша пайдалану керек. Бұл мақсатта аудан көлемінде 6 сервистік орталық іске қосылды. Соның біреуі – Манапта. Дегенмен бұл да аздық етеді. Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа жүйткіген көліктер Манапта арнайы тоқтайтын үлкен сервистік орталыққа айналдыру керек. Бұған Манап ауылының географиялық орналасуы әбден келіп тұр. Аудан кәсіпкерлері осыған мән беруі тиіс. Сонда ғана ауылдың тынысы артып, тіршілігі қайнайды. Мені мазалайтыны осы нәрсе. Қалғаны уақыттың еншісінде шешімін таба беретіні белгілі ғой. Міне, Халық ақыны Манап Көкеновтың атын алған ауылға барған сайын санама осы ой келеді.
– Руслан Рүстемұлы, бұл ауқымды жоба, үлкен іс. Ниетіңізге жетіңіз. Бүгінгі күннің тілімен сөйлесек, Манапта қандай мәселелер бар, қаншалықты деңгейде орындауға болады?
– Кез-келген нәрсеге ниет танытса шешілмейтін түйін жоқ. Манап ауылдық округінен қыркүйек айындағы тұрғындармен кездесу барысында 2 ұсыныс көтерілді. Оның біреуі – Талап бекетіндегі ұзындығы 5 шақырымды құрайтын айналма жолды асфальттап беру болса, аталған ұсыныс бойынша 5,2 шақырым жолды орташа жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындауға қазан айында аудандық бюджеттен 2 млн. 188 мың теңге бөлінді. Енді алдымен жоба дайындалады. Жоба ендігі жылдың бірінші тоқсанына дейін жасалады. Содан кейін дайын жобаға қаржы сұрауға облысқа ұсынатын боламыз. Қазір елді мекендерді дамыту мақсатында көптеген бағдарламалар қабылданып жатыр.
Көтерілген ұсыныстан бөлек қазан айындағы аудандық бюджетті нақтылау барысында елді мекендерге күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдарды алып орнату үшін Талап бекетіндегі Мырзатаев, Жолдасбеков көшелеріне 1 млн. 48 мың. теңге қаржы қаралды. Осы айдың ішінде ауылдың әкімі тиісті жұмыстарын атқарады.
Одан бөлек, Талап бекетіндегі жарық­тандырылып жатқан Жолдасбеков көшесі мен Сейдалиев көшесі, Манап елді мекенінен Тоған көшесі мен Қосаев көшесі жөндеу жүргізілетін көшелердің тізіміне енді. Жоғары бюджеттен қар­жысын шешуге жұмыс жүргізіледі.
– Талап ауылдық округінің талап-өтініштері жайлы не дейсіз?
– Бесарық бекетіндегі тұрғындар 2 ұсыныс көтерген болатын. Оның бірі – елді мекендегі Темір жол және Бесарық көшелерін асфальттап беру болатын. Біз барлық кент, ауылдық округтер бойынша жөнделетін көшелер тізімі жасап, республикалық бағдарламаларға ұсынып, қаржы тарту мақсатында облыстық экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасына жолдадық. Сол тізімнің ішінде Талап ауылдық округінің Өркендеу, Ақтас, Тәуелсіздік, Мешіт, Бесарық, Теміржол көшесі бар. Биылғы бюджеті нақтылау барысында қазан айында Теміржол көшесіне күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдарды алып орнату үшін 813 мың. теңге қаржы берілді.
Екінші ауылдың аумағындағы жайы­лымдық жерлерде жабылып қалған артезиан скважиналардың аузын ашу жөніндегі көтерген ұсыныс бойынша қазан айында өткен облыс әкімінің кеңейтілген мәжілісінде қаралды. Облыс бойынша осында кезінде қазылып, пайдаланылмай жабылып қалған құдық­тарды түгендеп, паспорттап, елдің игілігіне пайдалану жөнінде мәсе­ле қозғалды. Сондықтан шамалы уақытта облыстан арнайы жұмысшы топ құрылып зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
– Қыркүйек айында сізбен бірге ауылдық округтерді аралаған кезде ең көп ұсыныс Бесарық ауылдық округінен көтерілгенін білеміз. Бесарықтықтардың өтініш-тілектері қандай деңгейде шешілуде? Соған қысқаша тоқталсаңыз...
– Қыркүйектегі ауылдарды аралау барысында аудан көлеміндегі барлық елді мекендерден 100-ден аса ұсыныс тілектер жинақталды. Олар бойынша жыл соңына дейін қаржысының игерілуін, заң талаптарына сәйкес жедел орындауға болады деген 16 ұсынысты шештік бүгінгі күнге дейін. Көтерілген ұсыныстардан да бөлек жұмыстарға өткен қазан айында аудандық бюд­жеттен қаржылар қарастырдық. Сол көтерілген ұсыныстың ішіндегі ауылдық клубқа музыкалық аспаптар (бас домбыра, домбыра, прима қобыз, баян, виолончель, контрабас, жетіген, шертер, қылқобыз, дана шаңқобыз, дауылпаз, сылдырмақ, аса таяқ) алуға 3 млн. 310 мың теңге, киімдер алуға (ерлер, әйелдер) 1 млн. 50 мың. теңге қаржы бөлінді. Көтерілген тағы бір ұсыныс – ауылдың жылдан жылға үлкейіп келе жатырғанын ескеріп, жаңадан түсетін көшенің инфрақұрылымына қаржы бөлу жөніндегі ұсыныстарыңыз бойынша елді мекеннің жаңадан түсетін көшелерінің инфрақұрылымы жобасын дайдындап, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін аудандық бюджеттен 2 млн. 758 мың. теңге бөлініп, қазіргі таңда жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы жылы дайындалған жобаға жоғары тұрған бюджеттерден қаржы сұралатын болады. Көтерілген ұсыныстардан бөлек Бесарық, Кеңес елді мекендерінің көшелерін жарықтандыру мақсатында күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдар алып, орнатуға 1 млн. 747 мың теңге қаралды.
Кент, ауылдық округтердегі көше­лерді жөндеу үшін республикалық бағдарламалар арқылы қаржы тарту үшін тізімдер жасалып облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынылды. Аталған тізімнің ішінде Бесарық ауылдық округінің Қыдыров, Жұматаев, Танхиев, Алиев, Кенебаев, Рыспанбет, Жандаралиев, Шермағанбет көшесі бар.
Ал, кездесуде көтерілген плоти­надан ауылға дейін 25 шақырым су ағатын арыққа лоток салып беру жөніндегі ұсыныс ауқымды іс. Сала мамандарымен ақылдасып лоток түсетін жерге мемлекеттік АКТ, геодезиялық топографиялық іздестіру жобалау жұмыстарын жүргізу және сәулет-жобалау тапсырысын алуы шарт. Бұл жұмыстарды жүргізбес бұрын иелік ететін мекеме немесе заңды тұлғаны белгілеу керек.
Аталған жұмыстарды ауыл әкімі мен менің орынбасарым Ғалымжан Сопбековпен бірлесіп, арнайы жол картасына енуіне жұмыс жасауды тапсырдым. Алдымен істелетін жұмыстың көлемін анықтап алып, сол жұмыстарды жасау үшін кезең – кезеңімен атқарылатын жұмыстарды жоспарлау керек. Содан кейін қаржы көздерін іздестіреміз. Дәл осындай жағдай Қыраш және Қосүйіңкі ауылдық округіне де қатысты болып отыр.
Көтерілген ұсыныстың тағы біреуі, жаңадан 90 орындық бала-бақша ғимаратын салу болатын. 90 орындық балабақшаның құрылысына жоба сметалық құжаттары дайындалып, мем­лекеттік сараптамадан өткізілген екен. Жобаның құны 470 млн. теңгені құраған. Одан бөлек тағы Жаңақорған кентінде 140 орындық, Ақүйік елді мекенінде 90 орындық балабақшалардың жоба сметалық құжаттары дайындалған.
– Жоғарыда Қосүйеңкі ауылдық округіндегі негізгі мәселе интернет екенін айттыңыз. Шағын елді мекенде бұдан бөлек қандай қажеттіліктер бар?
– Адамның сапалы өмір сүруге деген сұранысы артқан сайын қажеттіліктер туындайтыны ақиқат. Мәселен, Қосүйеңкі ауылында балаларды балабақшамен қамту 35 процентті құрайды. Бұл өте төмен көрсеткіш. 2-ші топ ашуға бала саны сәйкес келеді. Сондықтан 2021 жылдың бюджетінен қосымша бір топ ашуға жұмыс жасаймыз.
Жаңақорған кентінде ауыз су жүргізілген кезде асфальтты жолды тіліп тастағаны белгілі. Қосүйеңкіліктер де суландыру жұмысына шағымданды. Біз бұған бақылауды күшейттік.
– Сіздің әкім болып келгеніңізге екі ай өтті. Осы уақыт ішінде Қырашта қандай өзгерістер орын алды?
– Әрине екі айда тау қопарып, істің бәрін бітіріп тастамағанымен, ұсыныстардың әлеуметтік маңызын саралау, шешілу жолдарын қарастыру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, барлық елді мекендер бойынша 100-ден аса ұсыныс түсті. Соңын 16-ы толық шешімін тапты. Одан кейін қазіргі заманның талабына сай елді мекендерді көшелерді жарықтандырып берейік деген оймен аудандағы 21 елді мекенге күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдар орнатуды жөн санадық. Сол елді мекендер ішінде Қыраш ауылындағы Жаңауыл көшесін жарықтандыруға 1 млн. 355 мың. теңге қаралды.
Көтерілген ұсыныстан бөлек аудан бойынша кент, ауылдық округтердегі көшелерді жөндеу үшін республикалық бағдарламалар арқылы қаржы тарту үшін тізімдер жасалып облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынылды. Оның ішінде осы ауылдың Қаратау және Бейбітшілік көшесі ілінді. Алдағы жылдары қаржылары қаралып жатса елді мекен ішіндегі жолдар жөнделетін болады. Ал, ауылдың бас жағындағы Жаңа ауыл көшесі мен мектепке дейінгі аралықтағы балалар жүретін қара жолға тас төсеп беру кент, ауылдық округтерді абаттандыру үшін бөлінетін қаржы есебінен немесе ауыл әкімі аппаратының өз бюджетіндегі қаржының есебінен жұмыс жасайды.
– Әлеуметтік желіден Ақүйіктегі кездесу жақсы өткенінен хабардар болдық. Яғни таяу жылдары көгілдір отын қосылатыны айтылды. Осы қаншалықты рас?
– «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек Қызылорда облысына жасаған сапары кезінде Ақүйік елді мекенінде болып, газдандыру ісіне оң көзқарас танытты. Содан бері біршама іс атқарылды. Дәл қазір газ тарту бойынша облыстық бюджеттен 20,6 млн. теңге бөлініп жоба сметалық құжат дайындау жұмыстары басталып кетті. Алдағы жылы дайындалған құжаттар негізінде облыстық бюджеттен газ тарту жұмыстарын жүргізу үшін қаржы сұралатын болады. Айтқандай, Ақүйік ауылдық округін газдандыру жобасы аясында Қырашқа да көкілдір отын жеткізіледі.
– Екінші қайтара ауылдық округтерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, халықпен етене жақын жұмыс істеудің үлгісін көрсеттіңіз. Мұны ауыл әкімдері қаперге алар. Дегенмен уақыттың талабына сай маңызды істер қосылып отырады. Алдағы ең маңызды жұмысқа нені балайсыз?
– Әкімнің ең басты міндеті – халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру. Бұл жолда шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім өндіру кластерін қалыптастыру арқылы мал және егін шаруашылығын өркендеуде. Бұл жолда жүйелі жоспар құрып, қажырлы еңбек ете береміз.
Өзіңіз білетіндей, 2021 жылы үлкен саяси науқан – Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Сол науқанға ел болып, аудан тұрғындары болып бірауыздан қатысып, елдің ауызбіршілігін, елдің ынтымағын арттыра түсу міндеті тұр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

11 қараша 2020 ж. 1 052 0