№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Газдандыру – игілікті іс

Газдандыру – игілікті іс


Абылайхан Абдраманов есімді азамат фейсбуктегі аккаунтында: "Биыл газ қосылады ма? Әлде көмір алып қысқа дайындала берейік пе?" – деп кент әкімі Есдәулет Сейіловке қарата пікір білдіріпті. Расында кенттің кейбір аумақтарына көгілдір отын әлі қосылған жоқ. Мұның мәнін білетін аудан басшысы Руслан Рүстемов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биыл газ берілетінін айтқан еді.


Бірнеше жылдан бері берілген уәделердің орындалмағанына қын­жылған тұрғындар бар. Алмагүл Иманова екі жылдан бері газдандыру мәселесінің шешімін таппағанын ­айтты.
Аталмыш мәселенің мәнін білу мақсатында алдымен мердігер компания «Әлия Сервис» ЖШС-не хабарластық. Мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңімпаз ретінде танылған компания Батыс Қазақстан облысынан келген екен. Бүгінде мердігер компания жасауға тиісті жұмыстарын аяқтаған.
Мекеме қызметкерлерінің айту­ынша газдандыруға қатысты 410 үй белгіленсе, аталмыш талаптан 50-60 үйді артық орындаған мекеме жұмысы сапасына сын жоқ. Дегенмен әлі де газ шүмектері шығарылмаған үйлер жетерлік. Негізгі мәселе осы.
«КазТрансГаз Аймақ» АҚ елі­міздің түкпір-түкпіріне газ жеткізу мәселесімен айналысқанымен жоба­ны қадағалау аудандық тұрғын үй комуналдық шаруашылық, жо­лау­­шылар көлігі және авто­мобиль жол­дары бөлімінің тікелей мін­деті. Жақында ғана осы бөлімге басшылыққа келген Қайрат Сапарбаевтан түйіткілді мәселенің мәнін сұрадық.
– Кентте газдандыру жұмыстары жүргізілген уақытта көптеген тұрғын үйлер жобаға енбей қалғандықтан газ жүйесі тартылмай қалып кеткен. Оған қоса, Жаңақорған кентінің аумағы кеңейіп, халқының саны жыл сайын артып келеді. Бұл жағдай кенттегі Саяжай және МАИ бекеті аумағында қалыптасып отыр. Осы орайда, халықты газ жүйесіне қосу мақсатында, 2017 жылы жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, Жаңақорған кентіндегі кварталішілік газ тарату жүйесінің құрылысы 2019-2020 жылы өтпелі кезеңімен Алтыкрант, Жаңауыл, Қорғантоғай және МАИ бекетіндегі 6,7, 8, 9, 10, 11-і, Саяжайдағы 9, 10, 11-і көшеге жүргізілді. Жүргізілген құбырларды қолданыстағы газ құбырларына жалғау және тұрғын үйлерді қосу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне толықтай өту қажет, – деді сала басшысы.
Бұдан кейін өркениетті заманда газсыз отырған шаңырақтарға бас сұқтық. МАИ бекетінің 7 көшесінің тұрғыны (атын атамауды өтінді): – Қоныс аударғаныма 3 жылға жуықтады. Көшіп келгелі газға қосылады деген жақсы хабарды естігенімізбен, әзірге тек құрғақ сөз күйінде қалуда. Бұл тек менің мәселем емес, мен секілді біраз үй әлі де отын кіргізіп, күл шығарып жүрміз. Ортақ мәселеміздің тезірек шешілуін қалаймыз, – деді.
Көрші Шиелі ауданына қарасақ, кенттің іші газдандыру мәселесін шешіп, елді мекендердің біршамасы от жағудан арылған. Ы.Жақаев және Бидайкөл елді мекендері газға қосылса, енді Жаңатұрмыс ауылын газға қосу мәселесі қарқынды жүріп жатқанын ақпарат беттерінен оқып жүрміз. Әрине Шиелінің елді мекендері іргелес жатуы шешулі рөл атқарған бар. Дегенмен бізге көгілдір отынмен Жаңақорған кентін толық қамтуға болатын еді ғой. Бұған не дейміз?
Газдандыру ісі басталған кезде ауданның тізгінін Руслан Рүстемов ұстаған еді. Ұтымды ұйымдастыру жұмыстары мен байыпты бақылаудың арқасында газдандыру ісі өрге басты. Қанша тұрғын жеңілдікпен үйіне газ кіргізгені есімізде. «Бітер істің басына, жақ­сы келер қасына» демекші, енді бастаған ісін өзі аяқтайын деп тұрған секілді...
Елбасының стратегиялық бағ­дар­­ла­маларын жүзеге асырып, дамыған мемлекеттер қатарына қосылу жолында жасалып жатқан жұмыстардың маңызды бір саласы – газдандыру ісіне тірелері сөзсіз. Аймақтарға көгілдір отынның келуі осыған дейін от жағып, көмір тасып, күл шығарудың машақатын көрген тұрғындардың тұрмысын жеңілдетумен қатар, табиғаттың зиянды түтіннен тазарып, экологияның жақсаруына да ықпалын тигізді. Алдағы уақытта қыр беткейдегі елді мекендерге де көкілдір отын барады. Бұған дейін аудан орталығын біржақты шешіп алу маңызді іс секілді.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
07 қараша 2020 ж. 555 0