» » Креативті жоба қолдауды күтеді

Креативті жоба қолдауды күтеді


Кенттегі «Қара бура» сауда орнына азық-түлік алуға барған едік. Адам қарасы қалың. Әркім өзіне қажеттісін таңдап, талғамына сай, қалтасына қарай алып жүр. Бір сәтте сатушы мен тұтынушының арасындағы әңгімені құлағым шалды.


– Апай, нан қалмаған ба?
– Таусылып қалды, Жаннаға ертең нанды көбірек пісіруін айтамыз-ау. Сұраныс көбейді.
Екеуара әңгіменің мәні қызықтырды. Сосын тез таусылатын қандай нан екеніне көңіл бөлдік.
– Жаннаның наны таң ертемен келеді. Кей күндері түске дейін таусылып кетеді. Халық әбден үйреніп алды. «Жаннаның наны бар ма?» деп сұрап келетіндердің қарасы күн санап артып келеді, – деді сатушы.
Бұл нанның өзгесінен ерек­шелігі, тойымды әрі ашытқысыз дайын­далатынында екенін білдік. Жалпы ашытылмаған нанның пайдасы көп. Біріншіден, ағзаға сіңімді. Сосын ас қорыту процесін жеңілдетеді.
Дерек көздеріне қарағанда, дрож­сыз дайындалатын нан тығыз болады, ал мұндай өнім ішектің және бұлшық еттердің жұмысын белсендіріледі. Бұл ішек микрофлорасының жұмысына оң ықпалын тигізеді. Ал ашытқысы көп нан іштегі бактериялардың көбеюіне әсері барын ғалымдар дәлелдеген.
Сұрастыра жүре шағын наубайхана иесі Жаннаны да іздеп таптық.
– Өзім балабақшада жұмыс істеймін. Қазір бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. Балаларым мүлде нан жемейтін. Ал анам болса дүкеннің нанын жеп асқазаны ауыратынына көзім жетті. Сосын интернеттен қалай ашытқысыз нан жабуға болатыны жайлы іздендім. Таптым. Түріктің технологиясы бойын­ша нанды ашытқысыз жабуға болады екен. Қызылша, грек жаңғағын қосып, қара ұнмен илейтін де нанның түрлері бар. Көпшілік жиын-тойларға, “нан тоғызға” тапсырыс береді. Ең бастысы, бұрын балаларыма нанды жегізе алмайтын болсам, қазір таласып-тармасып жейді, – дейді кейіпкеріміз.
Корановирустың салдарынан жұ­мыс орындары тоқтап, халық жұмыс­сыз қалғаны жасырын емес. Осындайда іс бастаса игі. Ал Үкіметке алақан жайып, алма піс, аузыма түстің кебін киіп қарап отырған адам қаншама. Ал біздің кейіпкеріміздің алға қойған мақсаты биік...
– Біздің нан тойымды. Себебі тығыздығы қалыпқа сай. Бүгінде нанның екі түрін ғана өткіземін. Нанды ашыту жолы өзгеше. Қара ұн мен балды араластырып он сегіз сағат жылы жерде ұстаймын. Кейін ашытқы дайын болған соң нанға қосып илеймін. Тапсырыс бойынша нанның түр-түрін жабамын. Бастысы, кәсібім өзіме ұнайды, – дейді көпбалалы ана.
Адам жақсылыққа тез үйренеді емес пе? Денсаулыққа пайдалы, ең бастысы, дәмді нан кент тұрғындарына танымал бола бастады. Күнделікті тұтынатын тұрғынның бірі – Альфира Асанова:
– Біз Жаннаның жапқан нанына әбден үйреніп алдық. Таңертен дүкенге асыға келеміз. Өйткені нан тез таусылып қалады. Денсаулыққа пайдалы, дәмі тіл үйіретін нан ауданның әрбір дүкенінен табылса деген ниетіміз бар. Мемлекеттен қолдау тапса, кәсібі де өркен жаятынына сеніміміз мол, – деді.
Он екі түрлі нанның илеу, жабу әдісін меңгерген Жаннаның наны көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Дегенмен қаржының тапшылығы қолбайлау болып отырған жайы бар. Күніне 100-180 нан ғана жауып өткізуге ғана қауқарлы шағын пешін үлкейтсем деген ниеті бар. Келешекте түркиялық нан илеп жабуға арналған пешін алып, кәсібін кеңейтсем деген мақсаты оны адастырмайды. Қайта биікке жетелейді. Оған біздің басшылар дем берсе екен. Себебі Үкімет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуге барынша қолдау көрсетіліп келеді. Президенттің шешімімен кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланды. Мемлекеттік гранттармен, жеңілдетілген несиемен қолдаудың тетігі бар. Осындай жеңілдікке Жанна Көкпарбаева да ілінсе деген үміт бар. Қолынан іс келетін еңбек адамына осындай қолдау ауадай керек-ақ...

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
17 қазан 2020 ж. 914 0