Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкім қарттарға құрмет көрсетті

Әкім қарттарға құрмет көрсетті


«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсеткен адамның мерейі өседі. Осының парқын жақсы түсінетін аудан әкімі Руслан Рүстемов бейсенбі күнгі жұмысын қазыналы қарттарды мерекемен құттықтаумен бастады.


Алдымен Манап Көкенов көшесі №196 үйде тұратын Еңбек ардагері Елеусіз Сейдеметовке сәлем бере барды.
– Ассалаумағалейкум, аға! Қуат­тысыз ба? – деп ізет көрсетті әкім.
– Уағалейкумсалам, Русланжан! Шүкір! Әкім келеді дегенді естіп «төбем көкке төрт елі жетпеді». Шынында, қатты қуандым, – деп қуанышын жасыр­мады ақсақал.
– Қарты бар үйдің құты бар. Ескіден қалған есті сөз. Сөздің мәнін зерделей қарасаңыз, қазақ қоғамында ақсақалдар интитутының орнын түсінесіз. Жалпы ақсақалды сыйлаған халықпыз ғой, 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтау үшін арнайы келдім. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін! – деді Руслан Рүстемұлы.
– Рақмет! Өзіңе деген ізетім ерекше. Әрқашан абыройлы бол! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деп батасын берді Елеусіз Сейдеметұлы.
Қара шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Батыр ана Орынкүл Исаева да әкімге ілтипат білдіріп, мазмұнды да мәнді өмір тіледі.
1964 жылы Елеусіз ақсақал қиыршық тас зауытында көлік жүргізуші ретінде еңбек жолын бастап, 30 жылға тарта табан аудармай еңбек етті. Қарапайым еңбек адамы ретінде ауданның дамуына өз үлесін қосты. Түгіскен массивінде де еңбек етті. Қолына кетпен ұстап, диқаншылық етпесе де, Жаңақорған-Көктөбе бағытындағы жолға тас төсеуге атсалысты.
– 1966-1967 жылдары Көктебеге дейінгі жол салынды. Соған тас тасыдық. Ол кезде бүгінгідей көпір жоқ. Қожакенттің тұсында Құрбан деген паромшы болатын. Сырдың арғы бетіне бір жүк көлікпен өткізетін... – деп еске алды өткен кезді еңбек ардагері.
Әкім елгезектігін танытып:
– Ұмытпасам, мен 2016 жылы Қызылорда қаласына қызметім ауысып жатқанда Рахымжан балаңыз егіз перзентті болды. Олар қайда? – деді.
– Жадыңыз мықты екен, бүгінде тілі шығып, тақпақ айтып береді, –деді отанасы Орынкүл апа.
Қонақтардың шалт жүрісін байқаған ақсақал: «Бүгін қасиетті бейсенбі. Әруақтардың рухына Құран бағыштайын» деп тізе бүктірді.
Келесі кезекте әкім Хорасан ата көшесі №26 үйдің тұрғыны Наталья Чулкованы мерекесімен құттықтады. Ішкі істер саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан ананың тілеуі елдің тыныштығы, жұрттың амандығы.
– Ардагерлер күні құтты болсын! Жалпы ардагер деген сөздің түпкі мағынасын, этимологиясын арда емген деп білемін. «Ар», «намыс» сөзімен ұштастасатын «ардагер» деген тіркес мәнді, мағыналы естіледі. Сіз сол арадагерлер қатарында баянды өмір сүре беріңіз. ...Деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық тілеймін! – деді әкім.
Қазақ тілін еркін меңгерген кәріс ұлтының өкілі қонақжайлық танытып, өзі пісірген бауырсақтан дәм татуды ұсынды.
70 жасқа келген Наталья Герман­қызының ұлдары Алматыда тұрады. Үнемі Алматы мен Жаңақорғанның ортасында жүреді екен.
– Жалғыз қалсам да мен Жаңа­қорғанды тастап кеткім келмейді. Маған ыстық, бауыр басып кеткенмін. Осында өскен соң танысың көп, тынысың кең, – деп туған жердің қадір-құрметін айтты.
Екі жақты әңгіме барысында Алтайдан тамыр алатын ұлттардың діңгегі бір қазақ, кәріс ұлтының тіліндегі және мәдениетіндегі ұқсастықтар жайында да айтылды.
– Жалпы корей халқы нанды пан дейді. Ал, бізде асыққан кезде нан-паннан ауыз ти демей ме? Сонан соң түбір-тегіміз Алтайдан шыққаннан кейін тек қана түркі халықтары мен жапон, корейдің шақалағы белінде көк жолақ бар. Яғни туыстық белгі. Демек, түбіріміз бір. Рақмет сізге, жүз жасаңыз, – деді Руслан Рүстемұлы.
Одан кейін Зұлпыхар Мұсаханов көшесіндегі №70 үйге де арнайы барды. Онда 83 жастағы Мазина Нафикова тұрады.
Қарт ана: – “Ел тыныш болсын!” Істерің алға басып, елге істеген қызметін берекелі болсын! – деп батасымен қабыл алды.
Әкім ежелден татар-қазақтың рухани-мәдени байланысы берік болғанын әңгіме арқауы етті. Абайдың тұңғыш кітабы Қазанда басылса, алаш зиялылары Татарстанда білім алды...
ХХ ғасырдың 50 жылдары Татарстаннан келеді. Жаңа­қорғанды жерсініп, аудандық коммуналдық шаруашылық меке­месінде қарапайым жұмыс­шы болып істеп, зейнетке шығады.
Қазақ-татар тілін аралас­тырып сөйлеген Мазина әжей шаңырағына тұңғыш рет әкім келгеніне марқайып қалғанын айтты.
Түстен кейін аудан әкімі Машбек Нәлібаев ауылдық округінде ғасыр жасаған Ұлғай Жандарбекованың шаңырағына барды.
– Армысыз, азиз ана! Осында жүз жасаған ана бар деп естіп келдім, – деді әкім.
Қос ғасырдың куәсі болған ақсамайлы әже аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Тыныштық пен татулықтың құнын жақсы түсінеді. Сондықтан елдің амандық-саулығын, ұрпағының бейбіт заманда ғұмыр кешуін тілеп отыр.
– Айналайын, көпжасағыр, өс, өн! – деп көз жасына ерік берді азиз ана.
Бірер минуттық тыныштықтан кейін:
– Осында келген бірінші әкім өзінсің. Елдің басшысы арнайы келгенде қалай қуанбайын?! Қуаныштымын! Шүкір, ұрпағым жетіліп келеді. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деп қуанышын жасырмады.
Ауданның бірінші басшысы арнайы келгеніне балаша қуанған азиз ана батасын аяп қалмай: «Балам-ау, ісің оң болсын! Сапарың сәтті болсын! Елге қызмет етуден шаршама, – деді.
Ұлғай әже тағдыр тауқыметін аз тартқан жоқ. Тәжікстанның Аштский ауданы, Қамшықорған ауданында туды. 13 жасында Сарыағаш асып, мақта шаруашылығында еңбек етті. Қасымбек Жандарбековпен шаңырақ көтеріп, 1967 жылы Өзгент өңіріне табан тіреп, Машбек ауылынан тұрақ табады. Бүгінде бір ұл, бір қызынан 11 немере, 30 шөбере сүйіп отыр.

Р.S.: ХХ ғасырдың аласа­пыранынан аман қалып, аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңын көрген ардагерлердің тілеуі бір. Ол – елдің бүтіндігі, жұрттың амандығы, ұрпағының саулығы. Осы дұға-тілектер бізді желеп-жебеп жүргені де анық. Әкімнің ардегерлер құрмет көрсетуі кезінде осыны аңғардық...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
03 қазан 2020 ж. 535 0