Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сегіз айдың сараптамасы

Сегіз айдың сараптамасы


Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы бейсенбі күні өткізген кеңейтілген мәжілісте ауыл әкімдерінің қызметтік жауапкершілігін экономикалық тұрғыдан сүзгіден өткізді. Шыны керек, қызметтік міндетіне жүрдім-бардым қарайтын кейбір ауыл әкімдерінің әрекетін сын тезіне салып, халыққа қызмет етудің жолын нұсқады.


– Әкімдік міндетті арқалағаннан кейін елді мекендердің әлеуметтік әлеуетіне жауаптымын. Мұны жақсы түсінемін. Бірақ сол ауылдардың тізгінін ұстап отыған әкімдердің іскерлік қабілет-қарымына көп нәрсе байланысты болып тұр. Сондықтан 8 айдағы көрсеткішті 29 көрсеткіш бойынша сарапқа салып, қай ауыл әкімі қандай деңгейде жұмыс атқарып отырғанын анықтауды жөн санадым, – деп бастады кіріспе сөзін аудан әкімі.
Бірінші мәселе, кент және ауылдық округтердің бюджет бағдарламасын орындау деңгейі жөнінде аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ахметқали Қасқабаев баяндады.
Баяндамашы бюджет қаражатын игеруде ауданның орташа көрсеткіші 98,1 пайызды құраса, Жаңақорған кентінде тиісті меже 84,8 пайызға ғана орындалғанын, бюджет түсімдерінің тиянақталуы жөнінен ауданның орташа көрсеткіші 53,2 пайызды құрағанын жеткізді. 18 ауылдық округте бұл көрсеткіш ауданның орташа көрсеткішінен жоғары. Ал мүлік салығының мүлтіксіз орындалуына мән бермеген Қаратөбеде 19,7 пайызды, Аққорғанда 23,4 пайызды, Қандөзде 47,6 пайызды құрап отыр екен. Қалған елді мекендерде меже орта көрсеткіштен жоғары. Жер салығын өндіруден М.Нәлібаев ауылы 15,8, Аққорған 19,1, Қаратөбе 19,9, Жаңақорған кенті 25 пайызға енді табан тірепті.
Өткен жылға қарағанда ауданда мал басы жөнінен 107,4 пайызға өсім бар. Аудан бойынша кәсіпкерлік мақсатта 210 жобаға 443 млн 513 мың 600 теңге бөлінген. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына Жаңақорған кентінен екі үміткер қатысқан. Қалған ауылдық округтердің ешбірінде жобаға талап қылушы жоқ. Мұндай жағдайда тұрғындар арасында жұмыссыздық мәселесі өзектілігін жоймайды. Оның ауданда орта көрсеткіші 4,9 пайызды құраса, Төменарық, Сүттіқұдық, Шалқия елді мекендерінде жағдай мұнан да төмен. Экономикалық белсенді халыққа шаққанда кәсіпкерліктің үлесі бойынша көрсеткіш Жаңақорған кентінде 24,4 пайызды, Қожакентте 19,3 пайызды құрайды. Қалған ауыл округтерінде бұл көрсеткіштің кемдігі көзге ұрып тұр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ауданда 2020 жылға межеленген 2 млрд теңге қаржы берекелі кәсіпке бел буған тәуекелдің төмендігінен қарқын ала алмай қаңтарылып тұр. Жаңақорған кентінде 5, Аққорған, Қосүйеңкі ауылдық округтерінде 2 жобадан ұсынылды. Бесарық, Төменарық, Ақүйік, Келінтөбе, Қаратөбе ауылдық округтері бойынша 1 жобадан ғана іске асырған.
Сонымен, 8 айдың бедерінде белгіленген рейтингте Қыркеңсе, Қожакент, Ақүйік ауылдық округтері алдыңғы орындардан табылса, М.Нәлібаев, Қаратөбе, Кейден ауылдарының соңғы қатардан қара көрсетуі аталған ауылдық округ әкімдерінің өз жұмыстарын қамшылаулары қажет екендігін көрсетіп отыр.
Хабарлама негізінде талқылауға көшкен аудан әкімі Руслан Рүстемов мемлекеттік бағдарламалар аясында жергілікті жерде көкжиегі көрініп тұрған талай жобаның тоны шешілмеген күйі кәдеге аспай қалып жатқаны ауыл әкімдерінің кінәсі екенін орынды сынға алды. Жер жағдайы, ауа райының қолайлығы тұрғысынан келгенде көш озық, айы оңынан туған ауданымызда кей ағайынның жұмыссыз отыруы айналып келгенде мойынға жар бермес жалқаулықтың кесірі, ал оның зардабы елдің өз тұрмысын тежеп, ауданның да көрсеткішін артқа тартып отырғанын айтып, осы тұрғыда тегеурінді талаптарын қойды.
Ауылдық округтерді түгелге жуық аралағанда түйгеніндей, елді мекендерде бірқатар мәселелерді жергілікті бюджет арқылы шешуге мүмкіндік бар. Бірақ осы бюджет дербестігінің деңгейіне маңыз беріп, салық түсімдерінің толық орындалуына ауыл әкімдері мүдделілік танытуы тиіс.
Одан әрі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша кемшіліктерді атап көрсеткен аудан әкімі нақтылыққа жұмыс жасау керектігін ескертті.
Күн тәртібі бойынша келесі кезекте бөлім басшысы Зейнулла Әшірбеков 2020-2021 жылға жылу беру маусымына дайындық барысы жөнінде хабарлама жасады.
Аудан әкімі мәселенің маңыздылығын атап өтіп әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығын толық қамтамасыз етуді және аталған мәселе бойынша қазан айының бірінші жұмыс аптасына қысқы жылу маусымына дайын болуды тапсырды.
Әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары бойынша «Жұмыспен камту жол картасы» бағдарламасы аясында №89, №194, №213, мектебі күрделі жөндеуден өтіп және №125, №224, №51 мектептер ағымдағы жөндеуден өтуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында №86 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Алдағы уақытта сұйық отынмен қамтамасыз етілетін он мектептің жоба-сметалық құжаттары «Қызылорда проект-сервиз» ЖШС-де сараптамадан өткізілу үстінде.
Келесі жылдан бастап аудан орталығындағы №5 мемлекеттік балабақшасы газға қосылады. Кенттегі балалар және жасөспірімдер мектебінің екі нысаны газбен жылытылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аграрлық-техникалық колледж, аудан әкімдігінің ғимараты, емхана, аудандық архив мекемесі газбен жылыту жүйесіне қосылады.
Жылу маусымына дайындықтың есебіне қанағаттанбаған аудан басшысы қаһарлы қыстан қиналмай шығуда әзірлікті ширату үшін кеңседе отырып кемшілікті теріп емес, көзбен көріп, қолмен нұқып міндеттегенде міннің түзелетініне талабын бүгіп қалмады.
Мұнан соң аудан әкімі орынбасары Ғалымжан Сопбеков кент және ауылдық округтердегі тазалық жұмысының барысына тоқталды.
Екі айлық көркейту-көгалдандыру және тазалық айлығына мән беру мәселесі, елді мекендерде бес жыл ішінде 15 млн тал көшеттерін егу жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай игілікті істі бастандыруға сай жобаларды ұсыну, осы бағытта жер таңдау, аяқсу жағдайын реттеу бойынша мәселелерді шешуге мемлекеттік тұрғыда көмек болатынын, осыған сәйкес ұсынымдарды 15 қазанға дейін тапсыруды міндеттеді.
Одан әрі екі апта көлемінде іске көшкен сенбіліктер жағдайына тоқталып, кент орталығында және елді мекендерде тазалығы сын көтермейтін көшелер мен бояулары оңып кеткен көрнекіліктер турасында фотообьектив бойынша кемшіліктерді көп көзінде талқыға салды.
Тазалық мәселесі жөнінде тереңдете тапсырма жүктеген аудан әкімі Руслан Рүстемов көптен қол тимей кеткен аумақтарды қоқыстан арылтуда ұжым болып бірлесіп бірыңғай жүйеге келтіре алмай жатқан қиындықтарды алға тартып, айнала келеңсіздіктерге көзжұмбайлықпен қарамай, елді жаппай тазалыққа үйретудің талабы бір сәт босаңсымауы қажет екенін айтты.
Ел, жер тазалығымен қоса жеке бас тазалығы басты орында тұруы тиіс. Әсіресе мектеп жасындағы жеткіншектерімізді әлемді тітіренткен індетке ұрындырып алмаудың барлық амалы осы тазалық мәселесін қалтқысыз сақтаудан басталатынын қатаң ескертті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Руслан Рүстемов іс басында жүрген азаматтардың ілгері бағытта жұмыс жасауы аудан көрсеткішін алға апарудың басты тетігі екенін, бұл бағытта жауапкершілік салмағын сезінудің маңыздылығын айтты.

Қаныбек Әбдуов, Баян Үсейінова.
26 қыркүйек 2020 ж. 565 0