Праймериз – парасат таңдауы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын қайта жаңғырту бағдарламасы жалғасын тапты. Соның бір дәлелі – «Nur Otan» партиясында жаңа форматтағы ішкі іріктеудің бастау алуы. Дәл қазір осы бағытта праймериздік пікірталастар жүруде. Үміткерлер бағдарламасын көпшілікке ұсынатын ашық алаңға аудан әкімі Руслан Рүстемов арнайы барып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Праймериз АҚШ-та бастау алды. Бұл – партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Қазақ тілінде іріктеу деген мағына береді. Яғни елдің дамуына үлес қосуға қабілетті білікті, білімді, белсенді азаматтарға мүмкіндік беретін жоба. Үміткерлер өзінің лайықты екенін дәлелдейтін алаң – праймериздік пікірсайыс. Мұнда жоспарлары мен сайлауалды бағдарламасын бөлісіп, партияластарын өзіне сендіретін тамаша мүмкіндік бар. Сіздер ашық бәсекеде пікірсайыс талабы мен ережесін сақтай отырып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, ел дамуына елеулі үлес қосатын жобаларды ұсынасыздар деп сенемін. Әр сөзін іспен дәлелдейтін үміткерлерді бастауыш партия мүшелері қолдауға әзір. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді «Nur Otan» партия аудандық филиалының төрағасы Руслан Рүстемұлы.
Ел тарихында мəслихат пен Мəжіліске депутаттыққа үміткерлерді іріктеу тұңғыш рет праймериз тәсілі арқылы өтуде. Бүгінде үміткерлер бастауыш партия мүшелерімен кездесіп, өздерінің бағдармаларын ұсынып, белсенділігін, біліктілігін дәлелдеуге барын салуда. Ал праймериздік пікірталас әлеуметтік желілер арқылы көрсетіледі. Онда үміткерлер өмірбаянымен таныстырып, бағдарламасын қорғайды және бір-біріне сұрақ қойып, өзекті мәселелерді талқылайды.
М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өтіп жатқан пікірсайыс бел ортасына келді. Аудан бойынша ұсынылған 55 үміткердің 24-і пікірталасқа қатысып, өздерінің партияішілік іріктеуге лайықты екенін дәлелдеуге тырысты.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев:
– Праймериздік пікірталастар өз деңгейінде өткізілуде. Өзге өңірдегі жерлестеріміз әлеуметтік желі арқылы өз бағаларын беруде. Мәдениет үйіне келген бастауыш партия мүшелері де үміткерлерге сұрақ қойып, тақырыптың мәні ашыла түсуіне дем беруде. Яғни ашық әрі жариялы өтуде, – деді.
Партияішілік сайлауға қатысатын бастауыш партия мүшелерінің денсаулығы мен қауіпсіздігі де назардан тыс қалмай оларға басымдық берілуде. 1-3 қазан аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беру өтеді. Дауыс берудің соңғы күні бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет желісі жоқ елді мекен тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруіне болады. Үміткерлердің рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады деп жоспарлануда.
«Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша өткізілетін партияішілік іріктеуде елге адал қызмет ететін азаматтар даралануына тілектеспіз.
Лаура БИБАСАРОВА