№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ


Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Балайым Кесебаева, Наталья Жұмаділдаева, Фахриддин Қаратаев, Амангелді Дәуренбаев және Абзал Ералиев Жаңақорғанға арнайы атбасын бұрып, Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде айтылған міндеттердің маңызын түсіндірді.
Алдымен халық қалаулылары Байкенже ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес модераторлық еткен жиында «әлеуметтік мемлекеттің» қазақстандық моделі әлеуметтің әлеуетін арттыратын бағдарлама екені айтылды.
Мәжіліс депутаты Абзал Жұмашұлы: «Елбасының әлеуметтік бағдарламасында «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін» көтеріп, «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Бұл қазақстандықтардың әлеуетін артуына және демографиялық ахуалға оң әсер етеді. Бұрын несие 14-15 пайыз болса, енді 7 пайызбен баспаналы болуға мүмкіндік туды. Қазір банктер осы бағдарлама барысында 20 пайыз бастапқы жарна төлеуді қолдайды. Бұл айтарлықтай жеңілдік», – деді.
Мінберге көтерілген Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев: «Біз Елбасының әлеметтік бес бастамасын насихаттап, әрі шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысуға келдік», – дей келе «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде Қызылорда облысының қолөнерлік шеберлігімен, ұлттық өнерімен, мықты спортшыларымен ерекшеленгенін, өңір тұрғындарының қонақжайлылығын сөз етті.
Ал, Мәжіліс депутаты Амангелді Айдарұлы, Балайым Кесебаева, Наталья Жұмаділдаева, Дархан Мыңбай Жаңақорған перспективалы аудан екендігін атап, жиналғандарды жігерлендірді.
Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сматулла Бекназаров мектептің тарлығын халық қалаулыларының назарына салды.
– Мектеп сыйымдылығы 150 орындық. Ауылда бала саны 240-қа жетті. Яни, 100 баладай артық, – деді ақсақал.
Тұрғындар арасынан сұрақ қойған Айсұлу Қалдыбаева мен Тұмар Торғаева экологиялық аймақтарда тұратын әйелдердің зейнетке ерте шығуын заңдастыруды ұсынды. Байкенжеліктер уран өндірісі экологиялық жағдайға әсер етіп, жастардың денсаулығына әсер етіп жатқанын жасырмады. Ал, ауылдық округтің әкімі Нұрғали Оспанов кеніштің әкімшілігі ашықтық, жариялылықты ұстана бермейтіндіктен қызметтік конкурстар халықтың құлағына жете бермейтінін ескертті.
Мәжіліс депутаттары қойылған сауалдар назардан түспейтінін, алдағы уақытта тұшымды жауап беретіндерін айтты.
Халық жағдайына қаныққан халық қалаулылары «Байкен-U» ЖШС -не келіп, уран өндірісімен танысты. Депутаттар тұрғындар көтерген мәселенің мән-жайын білмекке уран қалдықтарының зияны жайлы сұрады.
«Байкен-U» ЖШС-нің бас директорының көмекшісі Ғайнулла Зейнуллаұлы:
– Уран өндіру жөніндегі арнайы жұмыстар 1979 жылы басталған болатын. Алғашқы кезеңде ауқымды кеңістікте барлау жұмыстары жүргізілді. Аталған компания 600-680 метр тереңдікте кен өндіреді. Бұл Қазақстандағы ең терең кен орны болып табылады. Кен өндірумен қатар қоршаған ортаны сақтаудың барлық талаптары орындалып отыр. Қоршаған ортаның тазалығы басты назарда, – деп жауап берді.
Мамандардың сөзінше, кеніште өнім өндіру қауіпсіздігі мұқият сақталған. Оған жер астынан өнімді сілтілеу әдісімен өндіру технологиясы ықпалын тигізуде. Бұл технологияны қолдану нәтижесінде қоршаған ортаның радиоактивті қалдықтармен зияндауға жол берілмейді екен.
Кеніште күнделікті медициналық тексерулер, лабораториялық зерттеулер жүргізілетінін айтты. Кеніште 500 адам қызмет етсе, оның 150-і аудан тұрғындары екен.
Айта өтуіміз керек, компанияның жергілікті өңірге әлеуметтік қолдау көрсетуде белсенділік танытып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңақорған ауданында Сырдария өзенінен өтетін көпірге толық қаржылай көмек көрсетті. 2013 жылы Байкенже қонысында спорт алаңын салып берді. 2014 жылы компанияның қаржысына 50 орындық балабақша бой көтерді. Сонымен қатар компания көптеген мектептерге ұдайы қамқорлық көрсетіп келеді.
Компанияның білікті мамандары Нұржан Әбдірахманов, Людмила Шабалина, Бану Мауленова, Нүркен Мамаев, Бағлан Жарасов және Нұрғазы Үйсінбаев Президенттің бес әлеуметтік бастамасы халыққа зор үміт сыйлағанын тілге тиек етті.
Ал, кеніштің бас инженері Әлібек Жүнісовтің сөзінше, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тау-кен өндірісінің дамуына айрықша назар аударып, өнімділіктің артуына жағдай жасауда екен.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
07 сәуір 2018 ж. 1 318 0