Ел тағдыры – жер тағдыры
Ауданымыздың Шалқия өңіріндегі кен орнының қорларын ашу жұмыстары жер асты тәсілімен жүргізіліп жатқандықтан табиғат тұтастығының теңдігіне белгілі мөлшерде зарары бары белгілі. Сондықтан табиғатты қорғау іс-шаралары ҚР Экологиялық Кодексі талаптарына сәйкес аталмыш нысандағы өндіріс жобаларының іске асуындағы экономикалық және экологиялық аспектілерінің тиімді тетіктерін талқылау , сондай-ақ тың жобалардың қоршаған ортаға әсерін бағалау бағытында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемесі өкілдері қатысуында өткен қоғамдық тыңдау мүдделі тараптардың басын қосты.
Жиынға Шалқия кентінің әкімі Әбдімәулен Сабырханов модераторлық етті.
«Шалқия Цинк ЛТД» АҚ бас директорының кеңесшісі Нажмадин Мұсабаев қатысушыларды кеніштің өндірістік қызметімен және акционерлік қоғамның алдағы жоспарымен таныстырды. Одан әрі мекеменің аға экологы Ақмарал Төлтаева кеніш бойынша атқарылып жатқан тау-кен жұмыстарының қоршаған ортаға әсері туралы баяндады.
Қоғамдық талқылауда талқыланған мәселелерге тоқталсақ, бірінші, ауаға шығатын ластаушы қалдықтардың көлемін азайту бағытында шаң ұстау қондырғыларымен жабдықтау деңгейі қандай? Екінші, шахталық су көздерін үнемді пайдалану мақсатында айналымды сумен қамтамасыз етілу көзделген бе? Үшінші, жер асты кешенінде пайда болатын қалдық түрі – бос тау жыныстарын кәдеге жарату мәселесі.
Бірінші сұрақ бойынша жауап берген мекеменің эколог маманы жер асты жұмыстары барысында бөлінетін шығарындыларда сумен басу, суды бүрку, қарқынды желдету тәсілдері пайдаланылатынын, ал екінші мәселе бойынша жылына тасталынатын 4 млн текшеметрден аса шахталық су кен байыту фабрикасының айналымды сумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылатынын, үшінші сұрақ, жер асты кешенінде пайда болатын қалдық түрі – бос тау жыныстарын кәдеге жарату бойынша олар қайтара шикізат ретінде арнайы лабораториялық зерттемелерден өткен соң тұтынушыларға беріліп жатқанын айтты. Негізінен Жоба сараптамадан өтуге дайын деген қорытынды жасалды.
Ал жергілікті халықтың пікірі қандай? Жоғарыдағы сауалдарды қойып, кеніштің заманауи қабілетін сараптауға баса мән беріп талапты қатаңдатып отырған облыс бойынша экология департаменті басшылығы. Бұл мәселелерде әлі де көзқарасы орнықпаған қарапайым жұртшылықтың талабы әлеуметтік мәселелерді ғана тиянақтаумен шектеліп жатқанын түсінуге де болар. Олардың бұл бағыттағы сауалдарына кеніш басшылығының жауабы төмендегідей:
Биылғы жылға Шалқия кенті бойынша электр желілері мен подстанцияларды жаңалау бағытында 20 млн-дай қаржы бөлінбек. Кеніш пен кентаралық автожолдарды қалпына келтіру жұмыстарына, аллея, саябақтар жасау арқылы кент ішін абаттандыру жұмысын жылдың соңына дейін жалғастыру жоспарланып отыр екен.
Жиында жобаланған өнімді пайдалану барысында бос және руда маңы тау жыныстарын өңдеу технологиясы, оларға жұмсалатын жалпы жылдық төлем таныстырылды. Ортақ көзделген мақсат – ел өмірінде әлеуметтік-экономикалық маңызы зор, әлеуетке ие, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндірісте өтімді өнім алу ісінде ведомствоның пайдасы емес, бәрінен бұрын өңір жағдайы, онда өмір сүріп жатқан адамдар тағдыры өзекті екені белгілі. Жер тағдыры – ел тағдыры дейтініміз содан. Бұл ретте туған жер халқының іс басында жүрген тұғырлы азаматтарға сенімі мол.
Баян ҮСЕЙІНОВА