Кооперация – дамудың қажеттілігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын басынан аяғына дейін зейін қоя тыңдадым. Жолдауда қоғамдағы өзекті мәселелер жан-жақты қамтылған. Соның ішінде Президент: «Ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деп атап көрсетті.
Агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту үшін жеке және қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айтты.
Мен өзім осы ауылшаруашылығы саласының ардагер маманы ретінде, осы кооперация жүйесін ауылға, ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу аса қажет деп есептеймін.
Мұндай кооперация – кооперативтік еңбек жүйесі кешегі Кеңес үкіметі кезінде де ауыл шаруашылығы өндірісінде кеңінен қолданылды. Осы кооперация шаруашылықтарда шығынды аз жұмсап, мол өнім өндіріп табысқа жетуге мүмкіндіктер жасады. Өйткені бұл жүйе шаруаларды сапалы жұмыс жасай отырып, материалдық ресурстарды үнемдеуге үйретті, нәтижесінде әр жұмысшыға, өнім өндірушіге зор табыс әкелді. Яғни шаруашылық та, ондағы жұмыскерлер де шаруашылық есепке негізделген, кооперация ережесімен еңбек етті.
Қазіргі нарықтық экономиканың да басты талабы – бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіріп, жұмсалған шығынды өтей отырып, табыс табу болып табылады.
Ал енді дәл қазір ауылдағы шаруалар ара-дара, үлеске алған азғантай жерімен әуре болып, былай барса арба сынып, былай барса өгіз өліп демекші, өлместің күнін кешіп жүр. Олардың көбісінде жер айдайтын, дән себетін, оны орып жинайтын техникалары жоқ. Сатып алатын қомақты қаржылары тағы жоқ. Суға таласады, ескі су жүйелерін тазалауға күштері жетпейді. Өндірген азғантай өнімдерін өңдеп өткізуге мүмкіндіктері аз. Сөйтіп алып сатарларға жем болады.
Ауылдағы осы жағдайларды мемлекет басшысы Жолдауда нақты айтып, жол көрсетіп отыр. Иә, саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Бірлік бар жерде ғана тірлік болады. Тәртіп бар жерде ғана табыс болады.
Сондықтан ауылдардағы тауар өндірушілер Жолдауда атап көрсетілген кооперацияға бірігетін кез келді. Шаруалар өзінің үлестегі жерімен, құрал жабдығымен, жекесіндегі мал-құсымен ерікті түрде бірігуге болады. Ол жер, дүние мүлік шаруаның жеке мүлкі болып қала береді. Сонда өзі жұмыс жасай береді. Ал өндірген өнімін келісім шартқа сәйкес кооперативке өткізіп қаржысын алады. Қажетіне қарай, техникалық қызметті, айналым қорларын, көмек қаражат (субсидия) алып отырса үлкен жеңілдік болады. Шаруалар сапалы өнім өндірумен алаңсыз айналысады. Ал кооператив аудандағы, қаладағы сауда орындарынан алған дүкендерде өнімдерді делдалсыз сатуға көмек көрсетеді.
Кооператив мүшелерінің барлығы жұмыспен қамтылып, зейнетақы қорына, медициналық сақтандыруға қаржы аударылып еңбек өтілдері жүреді. Яғни ауылдағы тұрғындар толық жұмыспен қамтылады, әлеуметтік жағынан қорғалады деген сөз.
Менің ойымша, қазір әр ауылда ауыл шаруашылығы өндірісін жолға қойып, тәжірибе жинақтаған, өндіріс көлемі үлкен шаруашылықтар бар. Ауылдағы майда құрылымдар мен жанұялық шаруалар ерікті түрде осы шаруашылықтарға бірігіп кооперативтер құрса болады. Әрине, кооперативтерді басқару заңға сәйкес жазылып, бекітілген Жарғыға сәйкес сайланбалы болады. Оны кооператив төрағасы басқарады. Төраға мүшелер алдында есеп береді. Басқарма мүшелері мен тексеру комиссиясы басқару мен қаржы мәселелерін бақылап, тексеріп отыратыны белгілі.
Жолдауда біздің аймаққа қатысы бар өзекті мәселе, ескірген суару жүйесінің әсерінен судың ысырап болатыны, бұған алдағы кезде жол беруге болмайтыны дұрыс айтылған. Біздің күріш егетін тегістелген жерлердегі су жүйелері ескірген. Оларды тазалауға майда шаруа қожалықтарының шамасы жоқ. Сонымен қатар біздің ғалымдарымыз инженерлік тегістелген жерлердегі ауыспалы егістің мөлшерін, оның тәртібін қайта қарайтын кез келген сияқты.
Қазіргі әртараптандыру бағытына байланысты сол танаптарға (жерлерге) суды аз қажет ететін, нарықта сұранысқа ие дақылдарды орналастыруға болады емес пе? Мен күрішті алып таста деп отырған жоқпын, оның мөлшерін азайту қажет. Сонда суға деген сұраныс азайған болар еді. Оның үстіне біздің аймақта мал басы өсіп, мал азығына деген сұраныс жылдан жылға артып отыр.
Иә, Жолдаудан туындайтын, ауылға, ауыл шаруашылығына байланысты міндеттер ауқымды екенін көріп отырмыз. Саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновация енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет.
Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа Ұлттық Жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ондағы негізгі міндеттеріміз:
– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету;
– миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру;
– еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту;
– агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есеге артыру;
Ауыл еңбеккерлері, халықты асыраушы сала өкілдері ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің бұл міндеттер үдесінен шығуы үшін Жолдауда көрсетілген кооперацияға бірігуі қажет.
Өйткені, кооперация ауыл үшін, ауылшаруашылығы өндірісі үшін қазіргі таңдағы қажеттілік.
Ерғали ОРАЗБЕКОВ,
ауылшаруашылы саласының ардагері, экономист-қаржыгер.