№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кітапханашылар Абайды дәріптейді

Кітапханашылар Абайды дәріптейді


«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі Алмахан Мұхаметқалиқызы айтқанындай, М.Әуезов қалыптастырып кеткен Абайтану ғылымын тек зиялы қауым мен ғалымдар аясында зерттеп келеміз, ал, жастардың Абайын, мектеп оқушыларының Абайын, баланың тілінде жеткізе алмай келеміз. Осындай олқылықтың орнын толтыруда кітапхананың, кітапханашылардың еңбегі көрінуі тиіс. Сондықтан кент және ауылдық округтердегі кітапханашылар ағартушы, ақын Абайдың 175 жылдығына арналған танымдық іс-
шараларды жүйелі атқарып келеді.


Біз Абайды қалай танимыз? Ақын өзінің 176 өлеңі, үш поэмасы, 50-ге жуық аудармасы, 45 қара сөзімен танылды. Одан бөлек 27-ге тарта өлеңіне ән жазған сазгерлігі белгілі. Осы аз еңбегімен қазақ руханиятында бетбұрыс жасап, қазақ жазба әдебие­тінің негізін қалады әрі сөз өнерінің теориясын жазды. Оны: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген өлеңі арқылы танып, білуге болады.
Оның «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бишарасы», дегені ақындарға ғана қатысты емес, публицистер мен жазушыларға да қатысты дүние. Қазір сөз өнерінің салмағын зерделемей, ойы жүйесіз, сөзі ретсіз құрылған туындылар көбейді. Расында саны көп, сапасы аз кітаптар баспадан көптеп шығуда. Кітапханашы ретінде ондай кітаптарды оқып, автордың «...білімсіз бишарасын» көңілге тоқып жүрміз.
Абайдың айтпағы, ой мен тіл түзелсе – қоғам түзеледі, қоғам түзелсе – кемелді жолын табады. Бүгінгі қоғамдағы, ашығын айтқанда, әлеуметтік желідегі бейәдеп сөздерді, жүйесіз ойларды естіп, біздің ақын-жазушылардың да олқылығы деп түсінемін...
Шын мәнінде, біз Абайды қалай таныдық? Бұл тұрғыда кітап­хана­шылар­дың да жауапкершілігі бар. Осы­ны терең түсініп, жыл басында Абайтану бағытында іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны мазмұнды атқаруға мән беріп келеміз. Мәселен, жыл басынан бері аудандағы кітапханаларда Абай­дың өмірі мен шығармашылығына арналған 125 мәдени-рухани шара ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, 41 рет Абай оқулары өткізілді. Сондай-ақ, 5 кітап көрмесі, 15 онлайн көрме, 3 виртуалды көрме, 12 әдеби кеш, 14 онлаин шолу, 14 ақпараттық бейнеролик, 18 онлайн оқу, әдеби байқау, әдеби марафон және т.б жоғары деңгейде өтті. Онлайн шаралар әлеуметтік желіде жарияланып, оған оқырмандар да белсенді қатысты.
Әсіресе «Абай оқулары» эста­фетасына ауыл жастары белсенді қаты­сып, ақынның өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерін талдады. Мұндай белсенділікті Жаңақорған кенті мен Қожакент, Аққорған, Бесарық, Ақүйік, Төменарық, Манап, Сунақата, Машбек, Жаңарық ауылдық округінің тұрғындары танытты.
Олардың ішінде, «Абайды оқы, таңырқа!» атты онлайн-байқауы мен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» ақпараттық бейнеролигін бөліп-жарып айту керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы басты міндеттерді талқылап, талдау мақсатында зиялы қауым өкілдері аудандық кітапханада бас қосып, той тойлауға емес, ой ойлауға бұрылудың жолдары сараланды. Ақынның өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Абайдың өзі де рас, сөзі де рас» атты әдеби-сазды кеші, «Абай дара, Абай дара қазақта» атты Абай оқуы және т.б ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Жалпы Абайтану ілімі ақынның өз заманында басталды. Алаш қай­раткері Әлихан Бөкейханов пен Кәкітай Ысқақұлы алғаш рет Абайдың өмірбаяны мен ақындық өнердегі басты ерекшеліктері, орыс және осы арқылы Еуропалық әдебиетпен қарым-қатынасын алғаш рет саралап, ақындық кітапханасының жайы біршама анықталғаны бар. «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының жария­лануы Абайтану ілімінде бетбұрыс болды. 1918 жылы Семей қаласында шыға бастаған «Абай» журналы ақынның шығармашылық шеберханасы мен өмір жолын зерделейтін құралға айналды. Сол кезден бастап Абайтану ілімі ғылымның арналы бір саласына айналып, ғалымдар мен әдебиеттанушылар ақынның шығар­машылығы және эстетикалық көзқарасы жайында жүздеген кітап жазды.
Әрине бұл кітаптардың барлығы бірдей біздің аудандық кітапханада жоқ болуы да мүмкін. Дегенмен, Абайдың өлеңдері мен аудармалары, қара сөздері мен поэмаларымен танысқысы келген оқырмандарға мол мүмкіндік бар. Абайтанушы ғалымдардың көп томдық монографиясын да табуға болады. Жалпы Абайдың өмірбаянына және рухани мұрасына қатысты 100-ге тарта кітап бар. Олардың арасында «Абай әлемі бейнелеу өнерінде», «Абай және Әуезов: Абайтану оқулары», «Абай және қарақалпақ әдебиеті», «Абай туралы естеліктер», «Абайдың ақындық әлемі», «Абайтану дәрістері: Һашия, баяндама, ой-пікір, сын», «Абайдың ақындық дәстүрі», «Абайтану дәрістерінің дерек көздері» сынды бас ақынның тілдік сөздігі мен қара сөздерінің мән-мазмұнын талдаған зерттеулер, өлеңдерінің ұйқасы мен мән-мағынасы жайлы қамтыған еңбектерді жоғары бағалау керек-ақ. Жазушы Дүкенбай Досжанның «Абай айнасы» және «Абайдың рухы: Ғұмырнамалық ойтолғау» кітабы, Мекемтас Мырзахметовтың «Абайтану» және «Абай және шығыс», Рәбиға Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі», Жұмағали Ысмағұловтың «Абай: Даналық дәрістері» және т.б кітаптары Абайтану іліміндегі үлкен рухани олжа екені анық.
Біздің кітапханашылар Абайтану ілімін дәріптеуде осындай құнды еңбектерге сүйеніп, мазмұнды іс атқаруда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «10 тамыз – Абай күні» деп белгіленді. Бұл құптарлық бастама. Себебі Абайдың күні – қазақ сөз өнерінің көркемдік мәніне үңілетін күн. Бұл дегеніміз, жұтаңданып бара жатқан ана тілімізге маңыз беретін күн деген сөз...

Әсем ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
аудандық кітапхананың директоры
08 тамыз 2020 ж. 522 0