Қайырымды жандардың барына сенемін
Азаматтарға ашық есеп беріп, пікір алмасатын платформа құрып, тұрғындардың мүмкіндігін кеңейту маңызды. Онсыз дамудың жолын табу қиын. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов ашықтық принципін ұстанып, әлеуметтік желілерде тұрғындардың өтініш-тілегіне жауап беріп отырады. Осындай ұсыныс екінші топ мүгедегі Мұрат Бұйрашовқа байланысты түсіпті.
Әлқиссаны әріден бастасақ, ол 2013 жылдан бері қант диабетімен ауырады. Ауру асқынып мүлде аяқпен жүруден қалған-ды. Соның салдарынан түзге шығудың өзі мұң, жары Гүлнарға қиындық тудырады. Отанасы мүгедектер отыратын арбасы болса деп аудан әкімінің атына өтініш хат жолдайды.
Хат иесінің өтінішімен танысқан аудан басшысы Сұлтан Мақашов тез арада мүгедектер арбасын алдыртып, өтінішті араға екі күн салып орындайды. Әкім аманатын аудан басшысының баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров табыстады.
– Қайырымдылық адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Шын мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі. Сондықтан да əрбір жан қайырымдылық істерге араласып, қол ұшын беруі дұрыс деп санаймын, – дейді жауапты маман.
Ал қуаныштан көз жасын тия алмаған Гүлнар Оспанова толқынысын жасыра алмады.
– Әкім жүрекке – жылу, көңілге – демеу берді. Қуанышымызда шек жоқ. Қайырымды жандардың барына сенемін. Шын мұқтаждардың өтініші қараусыз қалмайтынын аудан басшысы дәлелдеп берді. Мүгедек жанды күткен жан ғана адам тағдырының қандай қиын екенін түсінеді. Аналық ақ жүрегіммен алғысымды айтамын, – деді ол.
Тағдырдың сынағына мойымайтын жандар бұл күніне шүкір деп отыр. Бірақ медициналық колледжді бітірген ұлы 3 жылдан бері жұмыссыз отырғаны жанына бататынын сөз етті. Мұны Нұрбол Бакиров басшылық тарапқа міндетті түрде жеткізетінін айтты.
Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дегендей қайырымдылықты, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп қолдан келген жәрдемін ұсынып жүрген жандардың арамызда әлі де бар екендігі қуантады. Ал мұндай іске аудан әкімінің мән беруі көңілге қуат береді.
Лаура БИБАСАРОВА