Вирус бар ма, жоқ па?
Бұл – аңыз. Өйткені оның әзірге анықталған нақты дәлелі жоқ. Осындай ойымен бөліскен Стэнфорд университетінің биология бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған ғалым, молекулярлық, клеткалық биология және эмбриология бағытын зерттеуші биолог Нұрлыбек Мүрсәлі болатын: «Коронавирус HIV инфекциясының гені екен, яғни қолдан жасалыпты деген пікірлер болды. Тіпті осыған байланысты ғалымдар зерттеу жүргізіп, нәтижесін жариялағысы да келді. Бірақ онда ғылыми фактілер мен нақты дәлел болмады. Мен осы саладағы ғалым ретінде COVID-19-дың генетикалық инженерия арқылы қолдан жасалмағанын айта аламын», – деді.
Ал COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны әзірлеу тобындағы ғалым, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар Табынов қазір жаңа вирусқа қатысты жай ақпарат түгілі ғылыми зерттеулердің саны да күрт артқанын айтады. «Бір нәрсе анық: биологиялық қару қолдан жасаған ғалымдардың бақылауынан шығып кете алмайды, COVID-19-ды бүкіл әлем ғалымдары қазір басқара алмай отыр. Вакцинасы да вирус жайлаған жағдайдың артынша табыла салған жоқ. Демек, бұл биологиялық қару емес», дейді ол.
Сондай-ақ ғалым пандемия – жаңа вирустың пайда болып, әлемге таралуы екенін түсіндіреді. Яғни, «Коронавирус SARS-тың немесе жоғарыдағы басқа да инфекцияның гені, түрі, көшірмесі» деген ұғымның қате және COVID-19-дың жаңа вирус екенін айтады.
Виргиния штатындағы Джордж Мейсон қоғамдық зерттеу университетінің микробиология және жұқпалы аурулар бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған вирусолог Юрий Кимнің пікірі басқа. Оның айтуы бойынша, биоинформатик мамандарының қатысуымен арнайы зерттеу де жүргізілген. Мамандар сол зерттеудің нәтижесінде COVID-19-дың эволюциялық жолмен бірте-бірте дамып, қазіргі деңгейге жеткенін анықтапты. Вирустың генетикалық инженериясы, яғни ойлап табылған вирустар енгізілетін жүйе бар. Ал аталған жүйеден COVID-19-дың ізі де табылмады. Сол себепті жоғарыдағы көзқарас – миф», деді Ю.Ким.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ