Базар бағамы партия бақылауында
Әлем елдері оқшауланып, шекарасын жабуының салдарынан экономикасы бір-бірімен байланған елдерге оңай соқпады. Мұны төтенше жағдай кезінде біз де сезініп отырмыз. Үкімет маңызды азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіледі. Бірақ бақылауды тоқтатпау керек. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы осыны басшылыққа алып, елді мекендерге үнемі бақылау жасап келеді. Осы жолғы сапар Сыр беткейдегі ауылдық округтерде жалғасты.
Бас партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев пен партиялық бақылау комиссиясы төрағасы Серік Абдуллаев бастаған топ алдымен Жаңарық ауылдық округіне тоқтады. Округке кіре беріс блок-посттағы жағдайды түсіндірген ауыл әкімі Ақжан Тұрғанбаев:
– Карантинге байланысты тәртіппен жұмыс жасаудамыз. Ауыл азаматтары қайырымдылық шараларын қолға ала бастады. Кеше 10 отбасыға кәсіпкерлер тегін азық-түлік таратып жол көрсетті. Енді ауылдың әр жылғы туылған азаматтары челендж арқылы қаражат жинап, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын соза бастады. Ал дүкендердегі баға бекітілген кесте бойынша жұмыс істеуде, – деді.
Дүкен иелеріне мән-жайды түсіндіргеннен кейін әр тауардың шекті бағасын саралап көрді. Шыны керек әлеуметтік бұрыш жасауға кәсіпкерлердің жағдайы келеді. Дегенмен халықтың талғамы жоғары, яғни тұрғындар арзан тауарға емес, сапалы азық-түлікке бағыт алады. Бұл әрине қуанарлық жағдай, өйткені елдің қарны тоқ дегенді білдіреді.
– Біздің мақсат айыппұл салу немесе тексеру емес, бақылап, мониторинг жасау. Ал қалғаны әкімдіктің құзырында. Бізге сіздерден керегі бағаны шарықтатпай, тұрғындар қол жетімді бағада ұстауды сұраймыз. Қазіргідей жағдайда бағаны үстемелеп емес, қайта халыққа жетімді ету азаматтық іс болар еді, – деді Мәжит Байқожаұлы.
Жаңарықта Ержан Ибетаев деген кәсіпкер бар. Аудан орталығына ұнды жеткізіп отыратын азамат осы. Ол бірінші және екінші сортты ұндарды Шымкент қаласындағы «Ерасыл-2030» зауытынан алдырады. Көбіне бірінші сортты Тянь-Шань ұнын нарыққа шығарады. Бағасы қымбаттау болғанымен, сапасы жоғары.
– Ұн бағасы 8000-нан, ал көтермелеп алушыларға 7800 теңгеден беруге дайынмын. Әрине бұл ұн өте сапалы, сондықтан бұл ұнға сұраныс жоғары. Көрші ауылдардан сауда жасап кетуге ұсыныс жасайды, бірақ посттардан өте алмаймыз, – деді Ержан кәсіпкер.
Иә ел көп тұтынатын бұл бірінші сортты ұнның кенттегі дүкендерде сатылымы сәл қымбаттау. Дегенмен талғамы жоғары жаңақорғандықтар сапалы өнімге ұмтылады. Жалпы біздің байқағанымыз, кәсіпкердің бейнеткештігі мен іске ептілі – нарықты зерделей біледі.
Одан кейін М.Нәлібаев ауылына жол тарттық. Көршілес елді мекендегі жағдай да қалыпты. Біздің бір түсінгеніміз, ауылдық жерлердегі азық-түлік бағасы тұрақты, көбіне Түркістан облысынан келетін арзан тауар қазір төтенше жағдайға байланысты шектелді. Сондықтан аудан орталығынан азық-түлік тасымалданады.
Тұрғындармен тілдесіп, дүкен иелеріне мән жайды түсіндіріп, тәртіпті бұзған жағдайда айыппұл арқалайтынын жеткізді. Келесі күнгі партиялық мониторинг жұмыстары Төменарық, Қожамберді, Жайылма, Сүттіқұдық ауылдық округтеріндегі блок бекет пен азық-түлік дүкендеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жалпы алғанда бас партия елдегі төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері базар бағасына бақылау жүргізіп келеді. Дегенмен елді мекендер ырыққа көнгенімен, аудан орталығында тұрақтылық байқалмайды. Бақылау әлі де күшейе түсетінін түсіндік. Осындай қысыл-таяңда қалтаны емес, ел қамын ойлайтын азаматтарды көріп, көңілге кірбің келеді...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ