Жүйелі жұмыс жетістікке бастайды
Коронавирустың салдарынан елдер оқшауланып, карантиндік режимді ұстануда. Дегенмен жұқпалы індетті еңсеріп, қалыпты өмір дағдысы басталатын күн жақын. Біз соған сенеміз. Ендеше жоспарлы жұмысты жүйелеп, атқарылатын істерді бағдарлау маңызды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовтің ісінен осындай мәнді ұқтық. Ол Өзгент ауылдық округі аумағында орналасқан сауықтыру жəне демалыс кешеніне арнайы барып, оқушыларды жазғы демалысқа қабылдауға дайындығын көрді.
Бірнеше жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі сауықтыру кешені ретінде құрылған-ды. Жобаны БҰҰ қаржыландырды. Бірақ келушілердің бос уақытын тиімді өткізіп, белсенді демалыс және жағымды дем алуға жан-жақты жағдай жасауы тиіс кешен қараусыз жатты.
2019 жылы аудан əкімі Сұлтан Ысқақұлы сала басшыларымен ауылдық округтерді аралап жүріп, нысанға арнайы тоқтады. Мақсатсыз жатқан кешенді маусымдық лагерьге айналдыру мəселесі талқыланып, бір шешімге келді. Яғни білім бөлімі маусымдық лагерьге айналдырып, балалардың жазғы демалысын сапалы өткізу көзделді. Қазір кешенді жөндеу жəне көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда төсек орындарына, асхана жəне ішкі жабдықтарына байланысты мəселенің бəрі шешімін тапқан. Алайда атқаратын іс көп...
Бөлім басшысы әрбір іске мән беріп, демалыс кешеніне жауапты №245 мектептің директоры Нүркен Сметтен атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжей сұрады.
– Қазір кешен аумағында көгалдандыру ісі қолға алынды. 300-ден аса көшет отырғызылды. Оның ішінде, саялы және шырша ағашы отырғызылды. Қазір күтіп ұстауға мән берудеміз? – деді директор.
– Ағашты көгертіп, күтіп-баптау оңай іс емес. Бағбан ұстау керек.
– Әрине, онсыз көгалдандыру қиын. Сондықтан арнайы бағбан ұстап отырмыз.
– Бағбанға жағдай жасау керек. Сонда демалыс кешені көк желекке айналады. Айтқандай, гүл – жердің көркі дегендей, балаларымыз демалатын жердің гүлденіп тұрғаны маңызды.
– Раушан гүлінің 30 көшеті отырғызылды. Одан бөлек, сәндік гүлдердің ұрығын тастадық. Карантин ашылып, жазғы демалыс маусымына дейін сұлулықтың, әсемдіктің, тазалықтың нышаны саналатын гүлдер құлпыратын болады.
– Электр жарығы жеткізілді ме?
– Барлық нысанға кірді.
– Балаға сапалы демалыс ұйымдастыру керек. Кешен сол үшін іске қосылады. Біз келушілердің уақыты сапалы әрі қызықты өтуі үшін нені ұсына аламыз?
– Балалар шомылатын екі үрмелі бассейннің орны əзірленуде. Көпшілік рухани-мәдени шаралар өткізетін алаң дайындалды. Шағын ойын алаңдары құрылады. Қазір жатын бөлмелер мен асхананы сырлау-әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Карантин уақытында адамды көбейтпеу керек.
– Күніне екі-үш адам ғана жөндеу жұмыстарына қатысып жатыр.
– Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы бірнеше жыл қараусыз жатқан нысанды балалардың игілігіне бағыттап, жақсы бастама бастады. Істі аяқсыз қалдырмау бізге міндет. Жұмыстардың сапасына мән беру керек.
– Балалардың игілігіне сай қолдануға жанашырлық білдіріп, бастама жасаған аудан әкіміне, бастаманы іскерлікпен ұйымдастырып, өміршең еткен өзіңізге алғыс білдіремін. Біз демалу маусымына дейін жұмысты сапалы атқаруға мән береміз.
Балаға жасаған қамқорлық, келешекке салынған инвестиция. Сондықтан қоғам болып олардың осы бастан толыққанды демалып, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау міндет. Аудан әкімінің бастамасынан, оны сапалы жүзеге асыруға мән берген бөлім басшысының ісінен осыны ұққандай болдық.
Нұрлат Бәйгенже