Карантиндік режим сақталуда
Қазір коронавирустың салдарынан карантиндік режим сақталуда. Дегенмен жақын арада жұқпалы індетті еңсеріп, қалыпты өмір дағдысы басталатынына сенемін. Білім саласында жұмысты жүйелі ұйымдастыруда жоспарлау жұмысы маңызды.
Бүгін Жаңақорған ауданы Өзгент ауылдық округінде іске қосылатын сауықтыру жəне демалыс кешеніне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қайттым.
Өздеріңіз білетіндей, Ақсуат елді мекенінің маңында Өзгент көлінің жанында орналасқан кешен бірнеше жыл мақсатын таба алмай, қараусыз тұрды. Өткен жылы аудан əкімі Сұлтан Ысқақұлымен бірге елді мекендерді аралап жүріп, нысанға тоқтаған едік. Сол кезде нысанды маусымдық лагерьге айналдыру мəселесі талқыланып, бір шешімге келген болатынбыз. Яғни биыл мектеп оқушыларының жазғы демалысын сапалы өткізу үшін жөндеу жəне көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алдық.
Айта кететіні, төсек орындарына, асхана жəне ішкі жабдықтарына байланысты мəселенің бəрі шешімін тапқан.
Мектеп директоры Нүркен Смет баяндағандай, кешен аумағын көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Онда 300-ден аса көшет отырғызылып, оны күтіп ұстау үшін бағбан алған. Сондай-ақ балалар шомылатын екі үрмелі бассейннің орны əзірленуде. Ең бастысы, электр жарығы жеткізілді. Қалған жұмыстарды балалардың демалу маусымына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.