№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алисаның мақсаты айқын

Алисаның мақсаты айқын


Сыр өңірінде белбеу күресі дамуда десек, оған жаңақорғандық балуандардың сүбелі үлесі бар. Республикалық, халықаралық айтулы спорттық бәсекелерде біздің балуандар құр қайтқан емес. Бұл қатарда Алиса Нұртастың өзіндік биігін көруге болады. Ол Қазақстан чемпионатында жасөспірімдер, жастар арасында үш рет дара шықты.

Соңғы жеңісіне Қостанай қаласында қол жеткізді. Жыл басында белбеу күресінен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді.
– Жеңіске жету үшін адам өз-өзіне сене білуі керек. Спортта осыны үйрендім. Ең бастысы, бапкердің үйреткен әрбір техникасын меңгеріп, жарыста еркін жасау деңгейіне жеткізу маңызды. Сонда кез-келген қарсыластың осал тұсын оңай табуға болады, – дейді чемпион рухты балуан.
Он жасынан татамиде тер төге бастайды. Туған жері Жалағаш ауданы Мәдениет ауылындағы №14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Гүлдана Ғаппаровадан белбеу күресінің әліппесін үйренеді. Бірнеше жылдық үзілістен кейін білікті бапкер Аян Асылбековтің қол астында жаттығып, республикалық деңгейдегі турнирлерге қатысады.
– 2016 жылы VІІІ жазғы Спартакиадасында дзюдо татамиіне шығып, екінші орын алдым. Осы жетістігім шабыт беріп, күреске деген құлшынысымды арттыра түсті, – дейді балуан қыз.
Бүгінде №8 Түгіскен спорт мектебінде білікті бапкер Әбдісаттар Садықовтан тәлім алады. Алисаның артықшылығы – әмбебап балуан. Самба, дзюдо, белбеу, қазақ күресін бірдей меңгерген. Қазақ күресінен жастар арасында Қазақстанның жүлдегері. 2019 жылы белбеу және самбо күресінен де жүлде алды. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен белбеу күресінен Әлем чемпионатында алтын алқа тақты.
– Алиса өте еңбекқор, білек күшін үйреткен тәсілдермен ұштастыра біледі. Содан болар қатысқан жарыстан жүлдесіз қайтқан емес. Одан үлкен үміт күтеміз, – деді бапкері Әбсаттар Садықов.
Арманы асқақ, мұраты биік бұрымды балуанның ата-анасы Нұртас Достанов пен Мәрияш Әріпбаева әрдайым тілеулес болып, перзенті бозкілемге шыққанда тақымын қысып отырады. Алғаш спортқа жетелеген де әкесі.
Оны Нұртас аға былай еске алды: «Қызым кішкентай күнінен спортқа бейім өсті. Алғашқы жылдары аудан, облыстық бәсекелерден орын алып, бізді қуантты. Спорттан қол үзген кездері де болды. Бірақ күреске деген құлшынысы оны адастырмады. Жарақаттан сақтанып, бабы мен бағы келісіп жүрсе Әлем чемпионаттарын талай рет бағындырады. Біз соған тілеулеспіз».
Оны алда байрақты бәсекелер күтіп тұр. Ресейдің Казан қаласында өтетін Әлем чемпионатында кезекті бірінші рет алуы керек. Ол үшін үйде жаттығуда. Иә Алисаны карантинның қатаң режимінің өзі спорттан шектей алмады. Өйткені оның арманы биік, ол – Олимп шыңы.

Майра ҒАНИЕВА
12 сәуір 2020 ж. 463 0