№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорған спорты жарады

Жаңақорған спорты жарады


2019 жылды Сыр спортшылары жақсы нәтижемен қорытындылады. Байрақты бәсекелерде елдің абыройын асырды. Жыл соңында аймақ басшысы бабы мен бағы келіскен спортшыларға құрмет көрсетіп, марапат биігіне шығарды. Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде жыл үздіктері анықталды. Жаңақорған аудандар арасында үздік нәтиже көрсетті.


Қорытынды шарада 8 спортшы спорттық атақтарын кеуделеріне тақты. Бұл қатарда еркін күрестен ұлттық құраманың капитаны, жаңақорғандық Дәулет Ниязбеков бар. Ол «ҚР еңбегі сіңген спорт шебері» атағымен мара­патталды. Әрі жастар жылының қоры­тындысымен «Үздік спортшы» номи­нациясын иеленді. Айта кетейік, Дәулет былтыр Елорда төрінде өткен Әлем чемпионатында күмісті олжалап, Токио төрінде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды. Әзірге Сыр өңірінде жалғыз жолдаманы жерлес балуан иеленіп тұр.
Енді үздік бөлімдерге кезек берсек. «Үздік спорт бөлімі» номинациясын қалалық, аудандық спорт бөлімдері арасында Қызылорда қаласы еншілесе, Жаңақорған ауданы екінші дәрежелі, Сырдария ауданы үшінші дәрежелі номинацияға лайықты болды. Жаңақорған аудандар арасында дараланды. Оған қалай лайық болды?
Былтыр аудан спортшылары құрлықтық бәсекелерде атой салды. Дәулеттен бөлек белбеу күресінің балуандары Әлем чемпионатында қос-қостан алтын сыйлады. Қаншама жастар мен жасөспірімдер ел чемпионаттарында жүлдемен оралды. Қол күрестен мүмкіндігі шектеулі спортшылар ара­сында қос спортшы Азиядан алтынмен сүйіншіледі. Бокс, еркін күрес, баскетбол мен волейболдан жеңісті жолдар жалғасын тапты. Еркін күрестен Ғалымжан Өсербаев, бокстан Азамат Бектас пен Қуандық Жүсіп халықаралық бәсекелерде тұғыр биігінен көрінді. Ат спорты, оның ішінде көкпардан жастар ел чемпионатында қолаға қол созды. Айта кететіні, облыстық құраманың толық мүшесі біздің ауданның жігіттері. Теңге ілу мен жамбы атудан да аудан жастары жүлдесіз қайтқан емес.
2019 жыл жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып, олардың спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Мәселен, былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында төрт нысан пайдалануға берілді. Биыл қалған бес ғимараттың лентасы қиылады. Осындай игі бастаманың басы-қасында спорт бөлімі жүргені белгілі. Жалпы алғанда, Махмут Рахымжанов басқаратын спорт бөлімінің Сыр спортында орны биік.
«Үздік спорт мектебі» номинациясын №1 олимпиадалық резерв мектебі иеленсе, үштікті №13 Жалағаш ауданы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жас­өспірімдер мектебі түйіндеді. Ал, екінші тұғыр №8 Түгіскен мектебіне бұйырды. Тағы аудандар арасынан Жаңақорған көш басында. Әбдісаттар Садықов басқаратын ұжым былтыр толағай табыстарға қол жеткізді. Белбеу күресі, қазақша күрес, самбо, дзюдодан балуандар аудан абыройын асқақтатты. Волейбол мен гандболдан облыстан үздік үштікпен түйіндеді.
– Жастар жылы жас спортшылардың жұл­дызы жанды. Әсіресе белбеу күресі мен самбодан Диана Ғайбулла мен Алиса Нұртас Сыр елін алтынмен қуантты. Меруерт пен Мерекені де ерекше атауға болады. Сондай-ақ, еркін күрестен де балғын балуандар өсіп келеді, – деді білікті бапкер С.Мұстафаев.
Міне, жаңақорғандық спортшылардың жет­кен жетістігі осындай. Биыл Токио Олимпиадасы күтіп тұр, біз Дәулеттен алтын күтетін боламыз. Жолдамалар сарапқа салынатын белдесулер әлі де алда. Еркін күрестен бөлек, дзюдо мен бокстан үміттіміз. Барлығы уақыт еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
06 қаңтар 2020 ж. 1 084 0