Бәсекелерден жүлделі оралуда
Белбеу күресі десек, ойымызға Әбдісаттар Садықов оралады. Білікті бапкердің шәкірттері белбеу күресінен әлемдік рейтингте үздіктер қатарында. Оның ішінде, Мереке Құдайбергенова, Меруерт Әбубәкір, Алдаберген Нұрлыбек сынды мықтыларды бөліп-жарып айтуға болады. Диана Ғайбулла, Арайлым Қанзада, Алиса Нұртас және т.б айтулы бәсекелерден жүлделі оралуда.
– Бүкіләлемдік күрес одағындағы (United World Wrestling) Дәстүрлі күрес түрлері комитетінің құрамына енетін белбеу күресі даму үстінде. Қазір Әлем, Азия чемпионаттары тұрақты өткізіледі. Мұндай бәсекелерде біздің спортшылар биік белестерді бағындырып жүр. Сондай-ақ, төл өнеріміз – қазақ күресі төрге озып, текті жұрттың асыл қасиеттерін төрткүл дүниеге таныта бастадық. Ұлттық күрестен де құр алақан емеспіз, – дейді белбеу күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Әбдісаттар Садықов.
Белбеу күресінен Әлем және Азия, Халықаралық сындарда ел абыройын асқақтатып жүрген Мереке Құдайбергенова:
– Шыны керек, спорттағы жетістігіме талмай еңбектенудің арқасында жеттім. Оған бапкерімнің және ата-анамның үлесі де көп. 2017 жылы да чемпион атандым. Енді сол жетістігімді қайталау үшін тер төгудемін, – деді.
Расында, ауданда белбеу күресінің өзіндік тарихы бар, қалыптасқан, дамыған спорт түріне жатады.
Е.Райымбек.