Бұрымды қыз байқауы
Жаңақорған аудандық балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығындағы «Жайдарлы жас ұлан» үйірмесінің жетекшісі Ақнұр Мадалиеваның ұйытқы болуымен «Ордакент» ардагерлер және жастар ресуртық орталығында «Бұрымды қыз» байқауы өтті.
Масаты – қазақ қызының бойындағы әдептілік, көріктілік, инабаттылық, басқа да қасиеттерін жан-жақты ашуға бағытталған шараға Абылбек Шұғыла, Анарбай Ақсезім, Әбдіразаққызы Назгүл, Мұсахмет Зарина, Даубай Гүлназ сынды талапкер ат қосып, бағын сынады.
Шараны мекеме директоры Әлімжан Ержанов сөз сөйлеп ашып, шәкірттеріне сәттілік тіледі.
Қатысушылар өз-өзін таныстыру, сұрақтарға жауап беру, өз өнерін көрсету шарттары бойынша, сынға түсті. «Мен қазақтың қызымын дара туған» деп басталатын таныстыру рәсімінде өздерінің толғамды ойларын көркем тілмен жетелеп жеткізе білген балауса қыздарымыз сұраққа жауап беруде халықтық дәстүрімізге сай келетін сауалдар төңірегінде ой-білім жарыстырды.
«Қыздың көркі – шаш» дегендей, шаштарын бес күн тарап, он күн өрген қазақтың ертедегі аруларындай түрлі шаш үлгісін көрсете білген қаракөздеріміз шашты өсірудің, күтіп-баптаудың да түрлі құпиясымен бөлісті.
Өнерлі арулардың барлық шарттар бойынша жинақтаған ұпайына әділ бағасын берген қазылар алқасы төрайымы Үсейінова Баян апайымыз сахна мінберіне көтеріліп, жеңімпаздарды марапаттады.
Бас жүлдені оқшау өнер, артық ізденіс, терең еңбекқорлығымен көзге түскен Абылбек Шұғыла меншіктеді. Қалған қатысушылардың барлығы жеке номинацияларды иеленіп, мекеме дирекциясының арнайы сый-сияпаттарын иеленді.
Айнұр СЕЙДЕМЕТОВА