№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Сөзі дәру дәрігер

Сөзі дәру дәрігер



Сәби анасының мейір-махаббатына қандай зәру болса, аналар да перзентінің саулығына, алаңсыз күлкісіне зәру. Баласының жаны қиналып, бір жері сыздаса, тұла бойы сырқырап, аналық ақ жүрегімен езіле түсетін аналарға балапандарының амандығынан артық бақыт та жоқ. Алайда, өмірдің сынағы болар, бір пендені күлкімен, енді бірін шүкірмен жарататын Тәңірдің әрбір жазғаны хайырлы, – деген халқымыз. Айтпағым, балаң ауырып шырылдағанда, жаныңды қоярға жер таппай әуелі Алладан, екінші ақ халаттылардан үміт күтіп, жалына жәрдем сұрайды екенсің. Қытымыр қыстың қахарынан болар, өзі әлжуаз балапаным бұл жолы да ыстығы түспей, қатты сырқаттанып ауруханаға түстік. Кешкі сағат 9-дар шамасы. Үнемі баратын бөлім – жұқпалы аурулар бөлімі.




Жедел жәрдемнің көлігімен жетіп бара салысымен, тексеру кабинетіне отырып, дәрігерді күттік. Ана жүрек алдамас деген, тілегенімдей, бас дәрігер Әсел Сеилова жұмыста екен. Күн кешқұрым батып, түн ортасы таяса да өз жұмысына деген адалдығы болар, уақытпен санаспастан бізбен қатар түсіп, кезекке тұрған науқас балалардың бәрін тексеруге кірісті. Ыстығы көтеріліп, жөтелден мазасызданған балаларға жылы шырай танытып, алдап-арбап, тексеріп, әрқайсының дертіне қарай ем тағайындады.
Бәлкім, ақ халаттыға деген сенімнің беріктігінен болар, «Алла қаласа балапаным жазылады» деген жақсы ой мені жігерлендіре түсті. Содан не керек, арнайы палатаға жайғасып, тиісті ем-домды қабылдауға кірістік. Аллаға шүкір, бірер күннен соң, балапаным бас көтеріп, ойынға алданып, тәбеті ашыла бастады. Көз алдымда жақсарып келе жатқан қызымның денсаулығына алаңдап отыратын мені енді дәрігерлердің тынымсыз тіршілігі мен мейірбикелердің науқасқа көрсетер қызметі қызықтыра түсті.



Ел арасында түрлі қаңқу сөздер бары рас. Алайда, мен бұл сөздердің жұқпалы аурулар бөліміне арналмағанын жете түсіндім, көзім анық жетті. Таңның атқанынан бастап, дәлізге дейін тола жайғасқан науқастарға мерзімі шектеулі уақыт ішінде дәрі егіп, жағдайларын тексеріп, тиісті ем-домын көрсететін ақ халаттылар да қағазбасты жандандардың қатарынан. Мұны сол бөлімде жатқан жеті күн ішінде жіті таныдым. А, айтқандай, неге екенін білмеймін, дәл осы бөлім құдды бүкіл ауруды қарай беретін бөлім секілді көрінді. Өйткені, мұнда тұмауратқан кішкентай бала да, аяғы ауыр ана да, сарып және кене шағу сынды қауіпті аурулар да жатады. Ал, мұндай қауіпті науқастарға ем тағайындайтын бөлімнің бас дәрігері, меңгеруші Әсел Есдәулетқызының расымен де жүрегі батыл, қайсар екен. Абзал жанның балаларға сыйлаған шипасынан соң, алғысымды ақ параққа ақтаруды жөн көрдім. Сұқбаттастым. Жұмысын сұрадым. Ол болса:


– Әрбір дәрігер «Гиппократ» антына адал болуы керек. Шырылдаған шақалақты емдеп, жазу – менің басты міндетім. Өзім де үш баланың анасымын. Анаға баладан асқан бақыт жоқ. Сондықтан, науқастарым жазылмаса менің біліктілігіме сын. Қауіпті аурудан алшақ қашу да менің ұстанымыма жатпайды. Алдымызға кім келсе де, біз көмек көрсетуге міндеттіміз, – деді.
Иә, рас. Бас инфекционистің сөзіне мен талай рет куә болғанмын. Бұған дейін де қызым ауырып, дәл осы бөлімге түскенімізде, төменгі қабатта аса қауіпті науқас жатты. Қан арқылы жұғатын дерттің жазылуы да екіталай. Қазақстан бойынша санаулы адамдар ғана жазылса, Әсел Сеилова бүгінде бұл дерттен үш адамды айықтырды. Осылайша, облыста озық көрсеткіш көрсетті. Сондықтан, мұндай өз мамандығының кәсіби білгірі біздің өңірге аса қажет-ақ.
Бұл тілшілік тіршіліктің салдарынан емес, аналық жүректен жазылған ақпар. Сөз соңында, жылына 2500 науқас қабылдап, жыл бойы жұмыс жасайтын жұқпалы аурулар бөлімінің мамандарына алғаусыз алғыс арнағым келеді. Лайым, балалар ауырмасын, ұлт саулығы берік болғай!


Айта кететіні, дәл қазіргі сәтте Әсел Есдәулетқызы бастаған жұқпалы аурулар бөлімінің барша мамандары Короновирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастарға ем көрсетуде. Өз бастарына қатерлі болса да, халықтың саулығы үшін күш салуда. Қауіпті ауруды қақпайлаймын деген ақ халаттыларымызға Алла жар болсын. Барлық ем-домдар оң нәтижемен аяқталып, науқастарымыз құлан таза айығып кетсін деп тілейміз. Біз үшін жұмыста жүрген жандардың еңбегі үшін Үйде отырайық! 
                                                                                                                                           Ханзада ДОШАН
18 наурыз 2020 ж. 1 336 0