№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» Еңбек. Еңбек. Еңбек.

Еңбек. Еңбек. Еңбек.

Бір дәрігермен әңгімелескенімде «Ер дәулеті – еңбек» деген аталы сөздің парқын түскендей болдым.
«Тоқсанның үстіне шыққан ақсақал сырқаттанып жатыр деген соң үйіне бардым. Қарияның жанарынан «мен таусылдым» дегендей мұн көрінді. Сосын өмірінде дәрігерлік көмек алмаған қарияның қан қысымын, жүрек соғысын тексердім. Науқасты қарау барысында ішкі мүшелерінің саулығына көзім жетті. Тек қуат көзі, ішкі энергиясы таусылғандай күйде жатты. Бірнеше күннен кейін Ерінбетке ақ өлім келіп, бақилық болды», – деді дәрігер.
Міне бұрынғының кісілеріне ажал осылай келеді екен-ау. Дәрігерден: «Мұндайды бірінші рет естіп тұрмын. Бұл қалай болғаны?», – дегенімізде:
– Оның бір ғана жауабы бар. Ол бейнетті өмірдің нәтижесі. Еңбекпен ысылған адамға ауру үйір болмайды. Сондықтан ғұмырында бір рет болсын дәрі-дәрмек ішіп, ине шаншытқан емес. Ол ажалы келгенше еңбек етті. Егін екті, мал ұстады. Осылайша еңбекпен өмірін мәнді өткізді, – деді.  
Төменарықта Бесбай Сәрсенбаев деген ақсақал бар. Қазір жанары көрмейді. Десе де, сергек қарияның қуаты бойында. Әлі тың сезінеді. Тек екі көзі қарауытқандықтан далаға шығып жұмыс істеуді қойған. Ақсақал 60 жасына дейін далада егін егіп, атта тік отыратын. Зейнетке шыққаннан кейін есік алдына жүгері, қауын-қарбыз, қияр мен қызанақ және т.б. егетін. Көршілерінің есік алдында қарияның үйіндегідей көлемде жер болатын. Алайда олар жер қатты, су шықпайды және т.б. уәждермен егін екпейтін. Тек жаз ортасында қарияның ауласындағы бітік шыққан бақша дақылдарына ортақтасатын.
Екі ақсақалды мақтайын деген ойымыз жоқ. Айтайын дегеніміз олардың мәнді де мазмұнды өмірлері еңбекпен тығыз байланыстылығы. Сол себепті олар дәрігірге барып, кезекте тұрған емес.
Мұны не үшін айтып отырғанымызды түсінген боларсыздар. Бүгінгі қоғамның еңбектен алыстап бара жатқаны ойландырады.
Бүгінде «Қолы қимылдағанның ауызы қимылдар», «Еңбегіне қарай, өнбегі», «Еңбек ерлікке жеткізер, Ерлік елдікке жеткізер», «Еңбек ет те, міндет ет» және т.б. ойлы сөздердің парқын біреу түсінсе, екіншісі ұғына бермейді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадамы» еңбегінде: «Әлемнің әміршісі еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек», – деген болар.  
Хакім Абайдың: «Биік мансап биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады... Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбек қылсаң қара жер де құр тастамайды», – дейтін ұлағатын ұстанып, еңбек етіп жатқан жастар жоқ емес. Бірақ, ата-анасының зейнетақысына қарап отырған жастар да аз емес.
Қазір жүрек қысымынан қайтыс болып жатқан жастар көп. Тіптен бұл ауру 20 жастағыларға тән болып алды. Бір сөзбен айтқанда жүрек қысымы жасарып барады. Үлкендердің: «Тәңірі жап-жас болып давлениясы несі?» дейтін әңгімені жиі еститін болдық.
Бұл аурудың басты себебі дене еңбегінің азаю мен көп ұйықтау екен. Мұны дәрігерлер кейін кезде жиі-жиі айта бастады.
Түйін. Ерінбет пен Бесбайдың дәрігерге жүгінбей өмір сүрулерінің бір ғана себебі бар. Ол – еңбек. Еңбек. Еңбек. Тағы да еңбек. Сондықтан баласының болашағына алаңдаған ата-ана ұрпағының еңбекқор әрі сергек болып өсуін қадағалау қажет...
Нұр-Кенже.
---
11 наурыз 2018 ж. 2 469 0