Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбегің – дәулетің

Еңбегің – дәулетің

Жақында дәрігерге көрінуге бардым. Ортақ сөз – денсаулықты күтіп ұстау турасында өрбіді. Әңгімелесу барысында еңбектің құдіретін тани түстім.

Өмірлік тәжірибесі мол дәрігер: «Тоқсанның үстіне шыққан қария сырқаттанып жатыр деген соң үйіне бардым. Қарияның жанарынан «мен таусылдым» дегендей мұң көрінді. Сосын өмірінде дәрігерлік көмек алмаған қарияның қан қысымын, жүрек соғысын тексердім. Науқасты қарау барысында ішкі мүшелерінің саулығына көзім жетті. Тек қуат көзі, ішкі энергиясы таусылғандай күйде жатты. Бірнеше күннен кейін ақсақалға ақ өлім келіп, бақилық болды», – деді.
Бұрынғының кісілеріне ажал осылай келеді екен-ау.
– Мұндайды бірінші рет естіп тұрмын. Бұл қалай болғаны? – деп сұрақтың астына алдым дәрігерді.
Бұл бейнетті өмірдің салдарынан. Еңбекпен ысылған адамға ауру үйір болмайды. Сондықтан қария ғұмырында бір рет болсын дәрі-дәрмек ішіп, ине шаншытқан емес. Ол ажалы келгенше еңбек етті. Егін екті, мал ұстады. Осылайша еңбекпен өмірін мәнді өткізді, – деді ол.
Төменарық ауылдық округінде Бесбай Сәрсенбаев деген нағашы атам өмірден өтті. Ол да дәрігер атаулының алдын көрмей кетті. Ақсақал 60 жасына дейін далада егін егіп, атта тік отыратын. Зейнетке шыққаннан кейін есік алдына жүгері, қауын-қарбыз, қияр мен қызанақ және т.б. егетін. Көршілерінің есік алдында қарияның үйіндегідей көлемде жер болатын. Алайда олар жер қатты, су шықпайды және т.б. уәждермен егін екпейтін. Тек жаз ортасында қарияның ауласындағы бітік шыққан бақша дақылдарына ортақтасатын.
Екі ақсақалды мақтайын деген ойым жоқ. Айтайын дегенім, олардың мәнді де мазмұнды өмірлері еңбекпен тығыз байланыстылығы. Сол себепті олар дәрігірге барып, кезекте тұрған емес.
Мұны не үшін айтып отырғанымды түсінген боларсыздар. Бүгінгі қоғамның еңбектен алыстап бара жатқаны ойландырады.
Бүгінде «Қолы қимылдағанның аузы қимылдар», «Еңбегіне қарай, өнбегі», «Еңбек ерлікке жеткізер, Ерлік елдікке жеткізер», «Еңбек ет те, міндет ет» және т.б. ойлы сөздердің парқын біреу түсінсе, екіншісі ұғына бермейді. Сондықтан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» еңбегінде: «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек», – деген болар.
Хакім Абайдың: «Биік мансап – биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады... Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбек қылсаң қара жер де құр тастамайды», – дейтін ұлағатын ұстанып, еңбек етіп жатқан жастар жоқ емес. Бірақ, ата-анасының зейнетақысына қарап отырған жастар да аз емес.
Қазір жүрек қысымынан қайтыс болып жатқан жастар көп. Тіпті бұл ауру 20 жастағыларды да жағалай бастады. Бір сөзбен айтқанда жүрек қысымы жасарып барады. Үлкендердің: «Тәйірі жап-жас болып давлениесі несі?» дейтін әңгімені жиі еститін болдық. Бұл аурудың басты себебі дене еңбегінің азаюы мен көп ұйықтаудан екен. Мұны дәрігерлер кейінгі кезде жиі-жиі айта бастады.
Екінші жағынан, еңбектен алшақтаған қоғамда жатып ішерлер саны артады. Оның бір ғана дәлелі, Тұңғыш Президент атаулы әлеуметтік көмекті белгілеп еді, масылдық пиғылдағы адамдар қатары көбейді. Бірі мемлекет қаржысын оңай жолмен алу үшін кіріс мөлшерін жасырса, бірі қарт әке-шешесін үй тізімінен (пропискадан) шығаруда. Ең сорақысы, бірге тұрып жатқан отбасы мүшелерінің заңды түрде ажырасуы көптеп тіркелуде.
Неге? Оның бір ғана себебі бар, еңбектің жүгін көтеруден қиналып, үкіметтен қаржы жымқыруға бейімделіп алды.

ТҮЙІН. Жоғарыдағы қос атамыздың дәрігерге жүгінбей өмір сүрулерінің бір ғана себебі бар. Ол – еңбек. Еңбек. Еңбек. Тағы да еңбек. Сондықтан баласының болашағына алаңдаған ата-ана ұрпағының еңбекқор әрі сергек болып өсуін қадағалау қажет. Сонда баласы бәсекеге қабілетті болады. Сонда масыл көзқарасты ұстанбайтын болады.

                                                                                                                                                  Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
07 қыркүйек 2019 ж. 553 0