Абай сатирик болғаны ма?
zhanaqorgan-tynysy.kz. Сатира терминінің шығу тарихы һәм этимологиясы хақында түрлі болжам-түсініктемелер айтылып жүр. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, ежелгі гректерде жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың құдайы Дионистің ән салып, би билеп жүрген жолсеріктерін «Saturos» деп атаған. «Сатира» сөзі осыдан шықса керек. Ал басқа бір зерттеушілердің айтуынша, бұл терминнің түп негізі латынның «Satira» – «смесь» – «аралас, әр нәрсенің қосындысы» сөзінен бастау алған деседі. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап-мінеуші, әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды Satura деп атапты. Әлқисса.Күні кеше Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, белгілі сықақшы Көпен Әмірбектің «Абай – сатирик» атты әдеби кеші өтті.
«Абайдың сатирик екенін әуелі Мұхтар Әуезов жазды. Кейін хакім сатирасын зерттеп, дәлелдеп жазған біздің ұстазымыз – Темірбек Қожакеев. Ол кісі үлкен еңбек жазды. Атауын да өзінің мінезі секілді айғайлатып қойды – «Абай – сатирик». Бүгінгі кештің тақырыбы да осы еңбектің негізінде алынып отыр», деп сөз бастаған Көпен Әмірбек сатираның арғы-бергі тарихына тоқтала келе: «Сатира өз ішінде түрлі жанрға бөлінеді десек, осы әзіл-сықақтың түр-түрін Абай ақын шығармашылығында жақсы пайдаланған және оны жаңғыртқан, жаңартқан, дамытқан», деп хакімнің сықақ өлеңдерін оқып, талдады.
«Абайдың алғашқы өлеңі қалай шықты?.. Бір күні түйелердің ішінде екі аттылы келе жатыр екен. Әйел мен оның ағасы болса керек. Жауыр ат жетектеген келіншек төркіндеп келіпті. Төркіні әлгі әйелге көңілі қалмасын деп жауыр ат мінгізе салған екен. Сондағы айтқан Абайдың ауызша өлеңі:
Кім екен деп келіп ем түйе қуған,
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркініңнің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды ұрайын бірге туған.
Ақынның алғашқы өлеңі лирика ма – сатира. Міне, Абайдың бойындағы құндылық қайда жатыр».
Әдеби кеш барысында дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Абай әндерін орындаса, мектеп оқушылары ақынның сатиралық өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кезекті әңгіме ауанында хакімнің «бірқақпайларын» сөз еткен сатирик:
«Абайдың сатирасын Темірбек Қожакеев ұстаз үшке бөлген. Соның ішінде бір бөлігі тұрмыстық эпиграммалар – құрбы-құрдастарына, замандастарына арналған бірқақпайлар. Өсекшіл, ел арасын алатайдай бүлдіріп жүрген Көжекбайға арнаған арнауында:
Шіркінде ес болсайшы сезед деген,
Әкімге өсек тасып безектеген... – дейді.
Мысық үй ішінде кез келген жерге жатпайды. Биіктеу жерге, төсек үстіне шығады. Сол Көжекбайға Абай айтқан екен: «Көжекбай кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мына мысық сияқты» деп. Бұдан артық қандай сатира керек?!.» деп Абайдың көрген, өскен ортасына тоқталды. «Абай Біржанды қонақ қылған. Әсеттің әнін тыңдады. Дулат, Шөже, Кемпірбайларды көріп өсті. Осындай ортада өмір сүрген Абай қалайша сатирадан құралақан қалмақ. Оның Қантай мен Тонтай деген шаншар нағашылары болды. Керемет қуақы, усойқы, әзілкеш, айналасын қыран-топан күлкіге бөлеп жүретін нағашылары да ақынға әсер етпей қойған жоқ».
Көпен Әмірбектің сөзіне қарағанда, Абайдың сатирасы алғаш жазған өлеңінен бастап, «Болыс болдым мінекиге» дейін жалғасып, қоғамның түрлі кейіпкерлері мен мінездерін өлеңдерімен сынап, сықаған.