» » Асылзаттың асуы

Асылзаттың асуы


ХХІ ғасыр – білім ғасыры. Демек елдің кемелді болуы білімді де білікті жастарға байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, оқу-тоқу жолында айбыны асқақтаған жастарымыз барда болашағымыз нұрлы болары анық. Бұған Жайылма ауылындағы №195 мектеп-гимназиясының оқушысы Асылзат Орынбасар да үлес қосуда. Өйткені ол жақында халықаралық білім бәйгесінен жеңіспен оралған еді.


Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауынан олжалы оралған Асылзатты сөзге тартып, жетістікке жетуінің сырын білдік.
– Алматы қаласында өтетін бәйгеге қатысу үшін ғылыми жобаға алған тақырыбымды екі жыл бойы зерттеп-зерделедім. Маған бағыт-бағдар беруде жетекшім Күлаш Әлжанова, ал ғылыми нұсқаушым ретінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Математика және қолданбалы механика» кафедрасының аға оқытушысы Захира Байекеева көп демеу болды, – дейді білімпаз жас.
Сондай-ақ, «Математика және Әл-Фараби» тақырыбындағы ғылыми жобаны дайындау барысында геолог-ғалым Ақжан Машанидың Әл-Фараби жөнінде жинақтап, аударған кітаптарын пайдаланғанын тілге тиек етті.
Ол осы тақырыпта көп ізденіп «Әл-Фарабиды туған топырағымен қайта қауыштырған кім?» «Оның зиратын кім іздеп тауып, ғылым әлеміне кім жариялады?», «Ғұлама мұрасын Қазақстанда зерттелуіне кім мұрындық болды?» деген сұрақтарға жауап тапқанын қуанышпен ортаға салды.
Екі турдан тұрған білім бәсекесінде қатарластарының алды болған Асылзат осылайша екі жылдық жұмысының жемісін көрді. Оның ғылыми жобасы әділқазылардың көңілінен шығып үздік үштіктен көрінді. Одан бөлек, Алматы қаласында республикалық «Жас дарын» порталының ұйымдастыруымен ағылшын тілінен өткен байқаудан да үздік шыққан білімді жас «Жас дарын» төсбелгісімен марапатталған.
– Біздер тәуелсіз елдің білімді де саналы ұрпағын тәрбиелеп, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Бүгін төгілген тер ертеңгі күннің алтыннан да қымбат қазынасы. Оны Асылзаттай шәкірттерім дәлелдеп келеді. Артылған үміт пен сенімнің жүгі қанша ауыр екенін білсек те, білім байқауында қазақ қызына тән қайсар мінезімен таныла білді. Бастысы, еткен еңбек еш кетпеді, – дейді ұстазы Күләш Әлжанова.
«Үздік аттестатқа» үміткер, 11 сыныпта оқитын кейіпкеріміз болашақта мұғалім болуды армандайды екен. Мұны естіп таңқалғанымыз жасырын емес. Себебі қазіргі жастар заңгер, есепші болғанды қалайды. «Алма ағашынан алыс түспейді» демекші, Асылзаттың атасы Орынбасар өзі оқитын мектепте кезінде математика пәнінен бала оқытқан екен. Содан болар жұдырықтай жүрегінде ұстаз боламын деген үлкен арманының болуы.
Ал ең үлкен тілегі мектептен соң өзі қалаған жоғары оқу орнында грант иегері атанып, Түркия елінде білім нарығында тәжірибе жинақтау. Ол үшін қазірден дайындықты бастап кеткен ол түрік тілін үйреніп, кең құлашты кадр болудың жолын қарастыруда.

ТҮЙІН. Иә, бүгінгі заман білектің емес білімнің заманы. Адами капитал бірінші орынға шығып, мемлекеттің негізгі қолдау күшіне айналды. Сондықтан жастардың сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалуда. Жас ұрпаққа жасалған жақсылықтың өтеуі зор. Оны Асылзаттай білімгерлеріміз дәлелдейтін болады.
11 наурыз 2020 ж. 516 0