№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сұлулықтың сырын ұққан сері

Сұлулықтың сырын ұққан сері


Жаңақорғанда шағын бизнеспен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Әсіресе жігіттердің тәуекелге барып, тірлігін тіктеп жүргенін білеміз. Оған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы бар десек те болады. Десе де, біреуге арқа сүйемей, өзі ісін өрге сүйреп жүрген азаматтар аз емес. Асылжан Нұрқожаев солардың қатарында. Оның қызметі – шаштараз.


Асылжан ер, әйел деп бөлмей қатар қызмет көрсететін жалғыз шаштараз. Қазір кентте 30-ға жуық шаштараз болса, солардың жартысынан көбі әйелдерге арналған. Жалпы бұл қызмет түрінің артуы халыққа таңдау жасауға мүмкіндік беріп, бәсекелестік ортаны қалыптастырып келеді. Шаштараз саласында талмай еңбек етіп, кәсібін дөңгелетіп отырған Асылжанның қызмет орны «Нұр базары» жанындағы «Ақ бөпе» сән салоны. Уақытпен санаспайтын шеберді сөзге тартып, кәсібіне қызығушылық білдірген едік.
– Мен мұнай-газ саласының маманымын. Шымкент шаһарындағы колледжді тәмамдап, біраз уақыт әр түрлі жұмыс атқардым. 2016 жылдан бері осы салаға қызығушылығым оянды. Нұрәлі Оспанов ұстазымнан шаш қиюдың тәсілдерін үйреніп, 3 жыл бірге қызметтес болдым. Арасында Сыр өңіріне белгілі Ермек Ахметовтен да оқып-үйрендім. Ол кезде тек ұлдарға ғана қызмет көрсететін едім, – деп бастады әңгімесін кәсіп иесі.
Тек былтырдан бастап өз алдына кәсіп ашып, бұған дейін шеберден үйренген іс-тәжірибесіне сүйеніп, жары Айдана екеуі жеке кәсіпке көшеді. Бір жылға жуық уақытта тұтынушыларының саны артып, көбіне бұрымдылардың қатары көбейген. «Ердің еңбегін айт» демекші, қазір екі қолға бір күрек таппай, айлығы аз жұмысқа жүрексініп жүрген жігіттерге Түгіскеннің тумасы үлгі деуге болады.
– Шыны керек, мұндай жұмысқа қазір жігіттер ынта білдіре бермейді. Көбі оңай жерден нәпақа тапқысы келеді. Мәселе онда емес, бірінші Құдай берген талантыңды тасада қалдыруға болмайды, екінші қазір жалған арға емес, шынайы еңбекке ұмтылу керек. Бұл қазіргі заманның ағымы. Маған өзімнің кәсібім ұнайды. Тіпті қазір шаш қырқуды үйрет деп келушілердің қатары артты. Бірақ мен өз-өзіме келіп алғанша ұстаздықтан бас тартудамын, – дейді ол.
Иә, «Түйменің инесіз күні жоқ» демекші, бүгінде қыздардың сұлулығын паш ететін табиғи болмысы болса, оның ішінде шаш үлгісі қыздардың әдемілік құпиясынан сыр шертеді. Сондықтан, нәзік жандылардың талғамы күн сартып келеді. Заман өзгермесе де, әйелдердің шаш қою үлгісі, бояуы мен басқа да өзін әрлеуі қатты өзгерді. Тұрмыста көп қолданылатын шаш қиюдың барлық түрін білетін жас кәсіпкер солардың барлығының көңілінен шыға біледі. Ал еңбегінің ақысы...
– Биыл ерлердің шашын қию қызметі қымбаттады. Аудан орталығындағы кейбір шаштараздарда 1000 теңге болса, бізде 700 теңгеден. Ал қыздардың шашын қию қызметі 1000 теңгеден басталады. Қазір сәнге айналған күйдіріп (осветление), оны түрлі түске бояу сынды қызмет түрлері 10 000 теңгеден басталады. Енді тұтынушы талғамына сай жасаймыз, бағасын да қол жетімді етуге тырысамыз, – дейді Асылжан Сағындықұлы.
Шаш қию, 2,3,4 D кірпік жалғау, қасқа күтім, жалпы алғанда Асылжан мен Айдананың негізгі қызметтері осылар. Қызмет сапасына дәлел болу үшін тұрғындар пікірін білгенді жөн көрдік.
– Мен мұнда айына кейде екі рет келемін. Маған қызмет көрсетуі, құрал-жабдықтары көңілімнен шығады. Әрине алғашқы кезде қалай болады деп күмәнданғаным рас. Бірақ қазір тұрақты тұтынушы болдым, – деді Айнұр Нұржанова.
Айтпақшы, кейіпкеріміз қайырым­дылық шараларына да қатысып тұрады. Жуырда «Жаңарған Жаңақорған жастарының» ұйымдастыруымен шаш­таразда тұрмысы төмен отбасылардың балаларының шашын тегін қысқартып бергенін айтады.
– Әр ай сайын бір күндік қайырымдылық шарасын ұйымдас­тырып тұратын боламыз. Мен тегін шаш қию қызметін көрсетсем, ерікті жастар сыйлықтарын үлестіреді. Жалпы жігіттердің шашын қию қиындық тудырмағанымен, аруларға қызмет ауыр. Барынша тұтынушы талғамынан шығып, сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Қандай жағдай болмасын сабыр сақтап, ыждағаттылықтан танбаған ұтады, – дейді Асылжан.
ХХІ ғасырдағы өркениеттің өлшемінің бірі – кәсіпкерліктің дамуында. Өйткені, уақыт ағымына тез бейімделе алатын шағын және орта бизнес мемлекеттің негізі қуаты. Ал шаштараз қызметі бүгінгінің сұранысына ие. Осы бағытта күні-түні еңбек етіп жүрген азаматтың қызметі арта түссін дейік.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
05 ақпан 2020 ж. 1 001 0