№51 мектеп түлегінің тұғыры
ХХІ ғасыр білім мен ғылым ғасыры. Осыны зердесіне түйіп, жүрегінен өткізе білген әрбір жас мемлекет пен ата-ана қамқорлығы аясында барлық ынта-жігерді сапалы білім алуға арнап, арман құсын ұшыра білуі заңды. Үздік оқу, үлгілі тәрбиесімен біздің назарымызға ілінген жас талап Оңал Гүлжазираның бойынан осы қасиетті танығандаймыз.
Оның арманы заң қызметкері болу. Осы бағытта дәстүрлі өтетін 9-11 сынып аралығындағы республикалық пәндік олимпиадада құқық негіздері пәні бойынша қатысқан ол аудандық кезеңінен І орын алып, облыстан да олжалы оралыпты. Бұл жөнінде пән мұғалімі Ержан Алтыбаев:
– Құқық негіздері пәні 9 сыныптан бастап оқытылады. Бүгінде 10 – сыныпта оқитын Гүлжазираның заң саласына қызығушылығы жоғары. Болашақ мамандығын да таңдап қойған. Дәстүрлі байқау деңгейі өте әділ өтті. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген 18 қатысушының ішінен ІІ орынға ие болдық. Білім бәсекесі екі кезең бойынша жалғасын тапты. Тест сұрақтарынан 16 балл жинаса, эссе жазудан ең жоғарғы көрсеткішке ие болды. Гүлжазира шығармашылыққа бейім, ойы ұшқыр. Ол үшін бұл байқау алғашқы қадам. Алда әлі дайындығымызды пысықтап, тағы қатысамыз деген ойымыз бар, – дейді.
– Байқаудың алғашқы кезеңі – тест сұрақтарынан мүдіріп қалғаным рас. Алайда екінші кезеңде эссе жазудан жоғары нәтижеге ие болдым. Болашақ мамандығымды нақты белгілеудің сәті туды. Дегенмен заң саласының нәзік жандарға ауыр келетінін айтып, кеңес берушілер де көп. Қатаң тәртіп, заңдарға сүйеніп жұмыс жасау мен үшін қызықты. Алдағы уақытта осы қызығушылығымды өмірлік қызметке айналдыру басты мақсатым, – дейді Гүлжазира.
– Гүлжазираның сабақ үлгерімі өте жақсы. Мектептегі үздіктер қатарында. Ол қоғамдық шаралардың басы-қасынан табылып, сыныбында да белсенді. Берілген тапсырманы бұлжытпай өз уақытында орындайды. Болашақта үлкен үміт күттіретін, жаныма жақын шәкіртім, – дейді сынып жетекшісі Жансұлу Мұсатаева.
Ұшқыр ойлы Гүлжазираның әрбір мерекеде мектеп өміріне тың идеялар ұсынып, орындалуына белсенділік танытып жүретіні тағы бар. Бос уақытында үй шаруасына анасына қолқабыс етеді. Иә, қыз баласы үшін ол да керек-ақ. Ата-анасы да Гүлжазираның келешек үлкен талабына қолдау білдіріп келеді.
Шығармашыл, дарынды жас өзін біліммен сусындатып, бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп отыратын ұстаздары мен ата-анасына дән риза.
Аудан орталығындағы №51 М.Қаратаев атындағы орта мектептің озат оқушысымен осылай бір сәт емен-жарқын жүздесу барысында оның жан-жақты, ізденімпаз жас екенін аңғардық.
«Талаптыға өріс кең» демей ме, асқақ арман иесінің келешегіне біз де сәттілік тілейміз.
Майра ҒАНИЕВА