Қожамберді қуатты ма?

2019 жылы абаттандыруға жергілікті бюджетке 954 мың теңге бөлініп, жаңадан соғылған мектеп көшесіне тас төгілді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы әкімшілік ғимаратына кеңсе жиһаздарын алуға, құдық қазуға жұмсалған. Жастар жылында кәсіпке ынтасы бар жастар қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Сондай-ақ, ауылішілік жұмыстар рет-ретімен шешімін тапқанымен, аяқ су мәселесі шаруаларға қиын болып тұр. Бұл бір, екіншіден, ауылда учаскелік полиция жоқ, салдарынан мал ұрлығы орын ала бастады. Оны шешудің жолын қарастыру керектігін айтқан аудан басшысы облыспен жұмыс жасайтынын айтып, көпті бір қуантып қойды.
Енді жоғарыда айтқан медициналық бекетке тоқталсақ. Ауыл тұрғындары бекеттің іші суық пеш жылытпайды, жату мүмкін еместігін айтып, шағымданды. Сұлтан Мақашов ауданның бас дәрігеріне осыны жеделдетіп шешуді тапсырды. Одан бөлек, тағы сол медицина саласына көңіл толмау қозғалды. Жалпы аудан басшысы мәселелерді шешуді қолға алатынын айтты. Әрі, әр жиын сайын жарыққа жауапты «КРЭК» мекемесін сынға алды.