Екпіндінің екпіні төмен болып тұр
Аядай ғана ауылдан түйінді мәселелер көп көтерілді. Ауыл әкімі Қайрат Қожамжаров пен аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлының есебінен кейін тұрғындар көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. Алдымен 2019 жылы ауылда қандай жұмыстар атқарылды, соған тоқталайық. Елді мекен түгелдей «Жиделі» топтық су құбырына қосылып, барлық тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Әрбір тұтынушы есебінен су есептегіш құралы орнатылған. Жергілікті бюджеттен көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаржы толығымен игеріліпті. Жергілікті салықтардан түскен түсімдерге ауыл ішіне аяқ су жүретін арықтар қазылып, тазаланған. Тас төсеу, тегістеу жұмыстары жүргізілген.
Жалпы мыңға жуық тұрғыны бар ауылда тындырымды тірліктер жетерлік. Ауылда ұзақ жылдан бері айтылып келе жатқан мәселердің бірі ауылдық клуб үйі болатын. 2020 жылы Екпінді ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында 150 орындық жаңа ауылдық клуб үйінің құрылысы басталады деп күтілуде. Енді тұрғындар не дейді, соған көшейік.
Ауылдың кіріс көзі мал мен егін шаруашылығы болғандықтан тұрғындарға ең қажетті нәрсе аяқ су. М-3 каналы мен Р-3 су қашыртқысының жай-күйі толғандыратынын жеткізген халыққа су шаруашылығы мекемесінің орынбасары жұмыс жасалынып жатқанын жеткізді. Кемшілікке шүйліккен аудан басшысы бұл істі өзі қолға алатынын айтты. Шиелінің теңгеріміне, хат жазып жатырмыз дегенді естіген Сұлтан Мақашов облыстық табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану басқармасының басшысымен арнайы сөйлесуге уағдаласты. Ал медицина саласы бойынша ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаевқа қызметіне салғырт қараған дәрігерлерді ауыстыруды тапсырды.
Сондай-ақ, жұмыспен қамту мекемесінің басшысына қоғамдық жұмысқа ауылға қажетті жарықтандыру мен интернет желісіне жауапты қос маманды қоғамдық жұмысқа тартуды тапсырды. Полиция қызметкерлерінің жетіспеуіне байланысты облыстық департаментпен сөйлесіп шешудің жолын қарастырамыз деген аудан әкімі ауылдың ең басты мәселесі ауылға кіре беріс көпірді биылдан қалмай облыстық бюджеттен шешуге жұмыс жасайтынын жеткізді.