Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білікті маман

Білікті маман


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жер қойнауынан қазылып алынған шикізатты өңдеу ісін 40 пайызға, қалдықтарды кәдеге жаратуды 80 пайызға, баламалы энергияны 30 пайызға арттыруды тапсырды. Президент пәрменіне құлақ асқан Жаңақорғанның өңдеуші кәсіпорындары заманауи технологияларды меңгере отырып, қоршаған ортаға зиянсыз шикізат өңдеу ісін қолға ала бастады. Оның бір көрінісін «СКЗ-U» ЖШС-нің күкірт қышқылын өңдеу тәсілінен аңғаруға болады.
Мұнда біліктілігі жоғары, кәсіби тұрғыда шыңдалған мамандар қызмет етуде. Кәсіпорынның механикалық шеберханасында Мәди Оспанов сынды техниканың тілін ұққан кәсіби мамандар аз емес. Ол еліміз Тәуелсіздік алған тұста Өзбекстаннан атажұртқа атбасын бұрған ағайынның бірі. Жігерлі жас 2012 жылы Жаңақорғанға келгенде «Нұр Отан» партиясының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы (сол кездегі), мәслихат хатшысы Сәулебек Дүйсебековтің қабылдауында болады. Көзінен жалын көрген депутат «осы баладан жақсы маман шығар-ау» деп, енді ғана ашылып жатқан «СКЗ-U» ЖШС-не слесарьлік жұмысқа бағыттама береді. Осылайша жұмысқа тұрған Мәди Махамадиярұлы ұжымға тез сіңісіп, ұжымдастарының сенімді серігіне айналды. Бүгінде еңбексүйгіш маман алтыншы дәрежелі слесарь сатысына көтерілген.
Ол үнемі жоғарылау, алға қарай өрлеумен келеді. Бұған оның табиғи мінезі мен жұмысқа жанын бере кірісуі себеп болды. Алып цехтағы сансыз моторлар мен заманауи құрылғылардың қалыпты жұмыс істеуіне жауапты болғандықтан, оларды үнемі қадағалап тұруы міндетті. Бұзылған жағдайда істен ажыратып, мұқият тексеріп, ақауын түзеп, бөлшектерін майлап, бұрандаларын қатайту біліктілікті ғана емес, білек күшін де қажет ететіні белгілі. Содықтан болар, көп жағдайда слесарь мамандығына күш-қайраты жетілген, қарулы ерлер ғана төтеп береді.
Жұмысына жанын сала кіріскен маманды шеберханада жолықтырдық. Мотордың бөлшектерін майлап, жарамсыз болған тұстарын ауыстырып отырған сәтінде әңгімеге тарттық. «Балалық шағымнан әкемнің ісіне әуестене бастадым. Осылайша, менің техника жөндеу жұмысына құштарлығым оянды. Өзбекстанда ер жетіп, білім алып, кейін атажұртқа келгенде кәсібімнің нәсібін көрдім. Тұрақты жұмысқа орналасып, Айгүлдей адал жар жолығып, отбасы құрдым. Тәубе, төрт балапанның әкесімін», – деді шебер.
Сөзге араласқан қызметтес достары: – Біздің Мәди сөзге тұйықтау келгенімен, іске келгенде оған жетер шебер бола қоймас. Оның қолынан келмейтін іс жоқ. Бір риза болатынымыз, қандай техниканы ұсынсаң да, «жоқ, мен мұны жасай алмаймын» деген уәж айтпайды. Жүрегі кең, жұмыс арасында бір ғана сөзбен ұтымды ой айтып, ержігітке тән қасиетін байқатады, – деді.
Рас, Мәди Оспановтың тұлғасына қарап, оның бойынан нағыз ерге лайық қасиеттерді аңғару қиын емес. Ашылып сыр ақтармаса да, қимыл-қарекетінен өз ісінің шебері екенін аңғарылып тұр. Білек сыбана кірісіп құрылғыны әп-сәтте ретке келтіріп, тиісті орнына қойып, келесісіне көшті. «Үлкен аумақты алып жатқан цехтағы сансыз мотордың қайсысы істен шыққанын, қайсысы бұзыла бастағанын қайдан біледі? Ол мүмкін бе?» деген ойдың жетегінде тұрғанмын. Ойымды оқып қойғандай: «Мыңдаған матор мен насостардың бұзылғанын шығарып тұрған дыбысынан аңғарамын. Яғни, слесарьдың көзі қырағы, құлағы сақ болуы қажет», – деді де кешен ішіндегі жағалай тізілген техниканың тынысынан сыр түйгісі келгендей асықпай аралап кете берды.

ТҮЙІН. Ықылым заманнан бері келе жатқан халық даналығында «қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын» деген тәмсіл бар. Осы мақал біздің бүгінгі кейіпкеріміз секілді ұсталықты жанына серік еткен сері жігіттерге бағытталып айтылғандай. Мәди Оспановтың шеберлік һәм адамгершлік асыл қасиеттері бүгінгі жастарға үлгі болса игі.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
30 қаңтар 2018 ж. 1 078 0