№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мектеп оқушысы опера әншісі

Мектеп оқушысы опера әншісі


Жыл сайын Витебск қаласында жасөспірімдер арасында өтетін өнер бәйгесі тың есімдердің танылуына жаңа мүмкіндіктер сыйлап келеді. Биыл да шартараптан 1000-нан астам үміткер қатысқан ән байқауында бақ сынау жаңақорғандық ұлан Ескендір Ералының маңдайына бұйырды. Халықаралық «Арт-парад Витебск» өнер байқауына алғаш жолдама алған жас дарын Муслим Магомаевтың «Синяя вечность» әнін орындап І дәрежелі дипломант атанды. Жастайынан өнердің төресі саналар операға бет бұрған батыл жүректі бауырымызбен жүзбе-жүз кездесуді ұйғардық.


Ескендірдің ата-анасы да өнер ауылынан алыс емес жандар. Ауданда өткен түрлі отбасылық байқауларға қатысып, ұлының өнерге деген қызығушылығын арттыруда барын салып демеп келеді. Әкесі Зұлқарнай Мұхамеджанов жеке кәсіпкер, ал анасы Гүлназира Фазылова денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. «Әке балаға сыншы» демей ме, кейіпкеріміздің әншілікке бет бұруына алдымен ата-анасы мүдделі болыпты. 9 жасынан бастап Әлшекей атындағы өнер мектебінде талантты ұстаздардан дәріс алған ол түрлі деңгейдегі өнер байқауларында бақ сынап, өз қабілетін шыңдап келеді. Бүгінде әнші, сазгер Шәрбану Жиенбаева жетекшілік ететін вокал сыныбында дәріс алып, Сапар Отарбаевтан домбыраның қыр-сырын үйреніп жүр.
– Өнер ордасына келген талапкер қай ұстаздан дәріс алғысы келеді, ол өз таңдауы. Алғашында Құралай Әлиеваның сыныбында оқыды. Өткен оқу жылынан бастап біздің үйірмеге ауысты. Ескендірдің дауысы опералық әндерге бейім. Ол өте талапшыл, өзіне сын көзбен қарап, қателігін түзеуге барынша күш салып еңбектенеді. Бүгінде Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған және Муслим Магомаевтың репертуарынан, италян классикасынан әндер орындап жүр. Алғаш операны баритон даусымен бастаған еді, қазіргі уақытта бас дауысқа ауысты. Бас дауыс сирек кездеседі. Сондықтан да шәкіртімнің болашағынан үлкен үміт күтемін. Баланы өнер мен білімге баулуда ұстазға ата-ана қолдау көрсетсе үлкен белестерді бағындыра алады. Оған қолдау көрсетіп жүрген ата-анасына алғысым шексіз, – деді ұстазы Шәрбану Жиенбаева.
Кейіпкеріміздің өнердегі биігін саралап өтсек. Астана қаласының 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіз елім – тірегім, туған тілім-жүрегім» тақырыбындағы облыстық шығармашылық байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталған. Х Халықаралық «Ғұмырдария» өнер байқауында әнші, сазгер Шәрбану Жиенбаеваның «Қазақ елі» әнін орындап, «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлдегер атанса, жыл аяғында ІІІ Республикалық «Ұлы дала ұрпақтары» өнер мен білім байқауында бас жүлдені иемденген.
Жас дарын өнердегі мүмкін­шіліктерін арттыруды жөн санап Қызылорда қаласында Қазанғап атындағы өнер колледжі вокал бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі ұстаз Қаракөз Ақдәулетовадан білімін жетілдіріп қайтты.
Ол оқитын №169 Н.Илялетдинов атындағы мектептегі ұстаздарымен тілдескенімізде жас таланттың мектепішілік шаралардан қалмайтынын, сабақ үлгерімінің жақсы екенін білдік. Иә, адам баласы бір-бірінен өнерімен, білімімен дараланады емес пе?
– Қандай өнер додасы болмасын маған сенім артып бәйгеге қосқан ұстаздарым мен ата-анамның үмітін ақтауға тырысамын. Алда халықаралық байқаулар күтіп тұр. Мамыр айында Ташкент қаласында және Болгарияда өтетін фестивальге дайындық үстіндемін. Репертуар да таңдалып қойылған. Бұйыртса, ол жақта да алғы орындарды иемдену ойда бар. Ол үшін тынбай еңбектену қажет, – дейді Ералы Ескендір.
Келешек жолын айқындаған өнерпаз болашақта Қазақстан атын әлемге танытар опера әншісі болуды армандайды. Біз де оның өнер әлемінде өз қолтаңбасын қалдырар тұлға болуына сенім артып, алдағы додаларда топ жаруына тілектестігімізді білдіреміз.

Майра ҒАНИЕВА
18 қаңтар 2020 ж. 956 0