№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әлеуметтік көмекті кімдер алады?

Әлеуметтік көмекті кімдер алады?


Атаулы әлеуметтік көмекті қандай көлемде, қай айдан бастап, қалай алуға болады деген сауал әлі толастаған жоқ. Бұл сұрақтардың жауабын аудан әкімі жүргізген активте білдік. Оған сала басшылары мен ауылдық округ әкімдері, жергілікті жердің комиссия мүшелері қатысты.


– Мемлекеттік АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Көмек шынайы мұқтаж азаматтарға тағайындалу керек. Осыны ескеріңіздер, – деп бастады жиынды Сұлтан Ысқақұлы.
11 қаңтарда шыққан газеттің №2 (8322) нөмірінде «Атаулы әлеуметтік көмек қалай беріледі?» деген мақалада: «Отбасында жұмысқа жарамды бір азамат жұмыстан бас тартса, онда отбасыға АӘК тағайындалмайды. Көп балалы аналарға өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен микро кредит және қайтарымсыз гранттар беріледі» деп жаздық. Яғни еңбекке жарамды жұмыс істеуі тиіс. Мұны әкім былай түсіндірді:
«Жеке қабылдауыма көп балалы аналар келді. Олардың төрт немесе одан көп баласы бар. Бәрі мектеп жасындағы оқушылар. Жұмыс жасауға мүмкіндігім жоқ, бірақ көмек қажет дегенді алға тартты. Ондай жағдайда не істейміз, күніне төрт сағаттық жұмыс ұсынамыз. Олар өзінің ыңғайына қарай жұмыс кестесін құруға болады. Осы төрт сағат бойынша жалақы төленеді және бұл табыс көзіне есептеледі. Сондай-ақ көп балалы аналарға өз бизнесін ашу үшін қайтарымсыз гранттар беріледі. Егер шағын кәсіпкерлігін кеңейтемін десе жеңілдікпен (қаржысы шешілген жағдайда) микро кредиттер алуға жәрдем береміз. Атаулы әлеуметтік көмекке ілініп тұрған адамға біліктілікті арттыратын курстың сертификатын талап етпестен грант тағайындауға мүмкіндік бар».
Өткен жылғы АӘК-ке жүгінушілер арасында істеп жүрген жұмысынан шығып немесе жұмыстан бас тартуына, табысын жасыру, ажырасу және т.б жағдайларына куә болдық. Қысқасы, масылдық пиғылды көрдік. Мұндай жағдайды болдырмас үшін әкімдік пен жергілікті комиссия мүшелері өтініш берушіні жан-жақты зерттеп, мүмкіндігінше жұмысқа тартуы, болмаса шағын кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасауы тиіс.
– Комиссия құжатты жеті күнге дейін (бұған дейін үш күнде қарайтын) қарап, өтініш берушіні жан-жақты зерттеу керек. Өткен жылы бірнеше көлігі бар, зәулім үйі бар азаматтар әлеуметтік көмек алды. Ажырасу фактісі көбейіп, ата-анасымен бірге тұратын жас отбасылар бөлек шығу жағдайы орын алды. Осындай жағдайлар қайталанбау керек, – деді аудан басшысы.
Отбасының жиынтық табыс көзі ретінде төртінші тоқсандыкі қаралады. Әлеуметтік көмекке құжатты айдың қай мерзімінде тапсырса да айдың басынан есептеледі.
Енді комиссия нені ескеруі тиіс? Соған тоқталсақ.
Біріншіден, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді қоспағанда жеке меншігінде екі немесе одан да көп тұрғын үйі бар отбасыға тағайындалмайды.
Екіншіден, өзі тұратын тұрғын үйден бөлек жалға беретін немесе табыс табатын жеке жайы (көлік жуу және көлік жөндейтін орын және т.б) болса көмек берілмейді.
Үшіншіден, отбасында бірнеше көлігі бар болса АӘК ала алмайды.
Төртіншіден, өзінің тұрғын үйінен бөлек жеке меншік жер телімі болған жағдайда ілінбейді.
Бесіншіден, жеке меншігінде немесе уақытша иелігінде ауыл шаруашылығы техникасы, жүк көлігі, автобус және микроавтобус болса тағайындалмайды. Тіпті ресейлік нөмірмен жүрген көліктер де есепке алынуы тиіс.
Биыл АӘК алудағы өзгеріске әлеуметтік топтама енгізілді. Бұған не жатады?
Балаларға арналған әлеуметтік топтамаға 1-3 жас аралығындағы балаларға арналған тағамдар мен 7 түрлі гигиеналық құралдары, 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған 12 түрлі тағамдар мен гигиеналық құралдары, 6-18 жас аралығындағы оқушылар үшін ыстық тамақ, мектеп құралдары, киім-кешек, жол ақысы беріледі. Мектеп формасына (бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арналған) – пиджак, кеудеше, шалбар, аяқ-киім, спорттық костюм мен аяқ киім жатады. Ал мектеп қажетті құрал-жабдықтарына – қызға немес ұлға арналған сөмке, дәптерлер (12 парақ), пенал, сурет салуға арналған альбом, қара қарандаш, дәптер мен кітаптың тыстары, акварель бояулары, сызғыш, өшіргіш, қалың дәптер, шарикті қаламсап беріледі.
Әлеуметтік топтамаға кіретін заттар бір реттік екенін айтып өткіміз келеді. Азық-түлік пакеті ай сайын, гигиеналық құралдары тоқсан сайын беріледі. Мемлекеттік сатып алумен ұтып алған кәсіпкер тиісті заттарды әлеуметтік көмек алушының үйіне жеткізіп беруі тиіс.
– Әлеуметтік топтамаға енгізілген заттардың сапасына, мерзіміне қатты қарау керек. Осыны қатаң тапсырамын. Қоғамды масылдыққа емес, табыс табуға шақырайық, – деп нақты тапсырды әкім.

P.S.: Жергілікті комиссия мүшелері атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әрбір отбасының жұмысқа жарамды мүшесін жұмысқа тартуға мән беру керек-ақ.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
14 қаңтар 2020 ж. 507 0