№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мұқтажы жоқ елдің мұңы болмайды

Мұқтажы жоқ елдің мұңы болмайды


Ел жағдайын електен өткізіп, шетін мәселелердің шешілуіне шынайы ықылас қойған халық қалаулылары қаңтардың ақ қар, көк мұзына қарамай Аралдан басталған арнайы сапарға сақадай сайланып шыққан сыңайлы. Биік мінберлерде талқыланып, түйіні тарқатылар күрмеулі мәселелердің тетігін табу үшін ел тынысын тереңнен зерделеп, талап-тілегін тыңдап, тастай берік қағидаларды қалыптастыру, ел сенген едігеге артылар аманат жүгі осындай.


Бейсенбі күні аудан активі және тұрғындар өкілдері алдында сөз алған ҚР Парламенті Сенаты депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша әзірленген заңнамалар бағытында кең түрде түсінік берді.
Алдымен сөз алған халық қалаулысы Бекмырза Қайыпұлы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетін аз қамтылғандарға атаулы әлеуметтік көмектің мән мазмұнымен таныстырды. Сонымен қатар Міндетті мемлекеттік медициналық сақтандырудың санаттары, кәсіпкерлікті қолдау бағытында Үкімет белгілеген жеңілдіктер, жеке азаматтардың құқын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау мақсатында бұған дейін осал болып келген баптарды қатаңдату. Мәселен, мал ұрлығы көбіне кешіріммен қысқартылып келсе, енді бөтеннің мүлкіне қиянат жасаған заңмен жауапкершілікке тартылатыны, яғни қылмыстыны бес жылға дейін, ал екінші рет қайталанған жағдайда он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын жеткізді. Табиғатты қорғау мәселесінде браконьерлікке қатаң тыйым салынады, сондай-ақ рұқсатсыз балық аулауды заң бұзушылық ретінде жауапқа тарту көзделген. Көлікті құжатсыз, мас күйінде басқару иесін жүргізушілік куәлігінен біржолата айыруға әкеп соғады. Сонымен қатар кедендегі азық-түлік пен мал өнімдерінің сапасына бақылауды күшейту мақсатында ветеринария және фитосанитариялық бақылау бөлімдеріне дербес өкілеттік берілетіні, жер қатынастарында заңсыздықтарды шектеу, иеліктеріндегі жерді игермеген жағдайда бір жыл көлемінде қайтарып алу талаптары жөнінде түсінік берді.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында тірек ауылдарды дамытуда алдағы үш жылда Үкіметтен 90 млрд-тан астам қаржы бөлінгелі отырғанын жеткізді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы "Педагог мәртебесі" жөнінде жан-жақты тоқталды. Ауыл мұғалімін өзіне тиісті емес басы артық бейнеттен арашалаудың заңдық тетігін қалыптастырумен қатар жеке басын құрметтеу принципіне негізделген заң тармақтарымен таныстырды.
Яғни, бұдай былай ұстазды негізсіз жәбірлеген ата-ана айыпты саналса, оқушы ұстазға қарсы шығып, құрметсіздік танытқаны үшін ата-анасына заң алдында жауап беруге тура келеді.
Мамандық мәртебесін ең алдымен материалдық тұрғыда демеу арқылы кәсіби биігіне көтеруге болады. Өйткені білім сапасының көрсеткіші мұғалім көңіл-күйіне байланысты. Бұл орайда көп жоғарылаған мұғалім жалақысының мөлшері ұстаз еңбегінің әділ қайтарымына кепіл боларлықтай жаңалығымен көңіл жадыратты.
– Аймақта қордаланған бес мәселе бойынша жақында Премьер-Министрдің қабылдауында болдым, – деп одан әрі сөз сабақтаған сенатор Мұрат Бақтиярұлы алдағы бес жылда аудандардың қарамағындағы ауыл-аймақтарды газдандыру мәселесіне бетбұрыс бар екенін жеткізді.
Ол одан әрі халық арасында жиі көтеріліп жүрген ауылдық жерлерде аурухана салу мәселесінің тиімсіздігін нақты мысалдармен келтірді. Одан гөрі сырқатты дер кезінде анықтап, емдейтін емханалар әлеуетін бекемдеу бағытында кадр сапасы мен заманауи құрылғылар игілігіне бет бұрудың тиімділігі жөнінде пікірлерімен бөлісті.
Халық қалаулысын атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде ана мен бала жағдайы қатты алаңдатады екен. Отбасын құрған үш отбасының бірінің ажырасып кетіп жатқаны, мұның ақырында жүктің ауыры ананың иығына артылып, өмірін тауқыметпен өткізетін тағдырлы жандарға ел ішінде отырып жатбауырлық таныту халықтық үрдісімізге сай келмейтін келеңсіздіктер екенін айтқан ұлт жанашырының жүректен шыққан сөзі қалғыған саналарға қамшыдай тигені рас.
Кездесуге қатысқан тұрғындар тарапынан сөз алған ел ағасы, Құрметті құрылысшы Алшынбай Тұртанов ауданда ауыз су мәселесі шешімін тауып келе жатқанын, әйткенмен халық тұтынатын Жаңақорған жерінің астында жатқан таза судың тапшылығы, сол тіршілік нәрін Шалқияда ашылғалы отырған комбинат іске қосылған жағдайда өндіріске пайдалану мақсатында 14 скважина қазылып, сақадай-сай тұрғанын, бұл жобаның ақылға сыйымсыздығын жаны ауыра жеткізді. Су пайдалану Кодексінің 90 бабында ауыз суды аяқ суға пайдалануға тыйым салынатыны атап көрсетілген. Комбинатта руданы жууға пайдаланатын суды Сырдария өзенінен тартып жеткізу тиімділігін алға тартты. Сонымен қатар Жаңақорғандағы көлдің жағдайын сөз етіп, аяқсу мәселесінде көлдер жүйесін суландырып, бес бірдей елді мекенді аяқсумен қамтитын жобаның дайын тұрғанын, осыны қаржыландыру талабына құмбыл жұмыс жасауға тілек білдірді.
Халықтың аз қамтылған осал тобына мемлекеттік қолдау механизмінің сәуірде қабылданған талаптарында тұрақтылықтың болмауынан асыл ниет аяқсыз қалды. Бұл Үкімет позициясының шикілігінен емес, өз өреміздің әлі де төмендігі, масылдық психологиядан арыла алмай келе жатқан жалқаулықтың кесірінен болды. Мемлекет қолдауына сүйеніп, іс қылуға әрекеттенудің орнына жатып ішуді қолай көріп, жалғандыққа жол беріп, бөгденің несібесіне жөнсіз жармасудың нәтижесінде нағыз көмекке мұқтаж, аяғына тұрып кете алмай жатқан жанұялар тиісті жәрдемақыдан қағылып отыр. Ел ішіндегі жағдайларды сараптап, әлеуметтік көмектің айқын бағдарын жасақтауға жанын сала талап қылып отырған халықтың Парламенттегі өкілдері алдында ағынан жарылған аналар үні қарындастың қамына көз жұмып қарай алмайтын әрбір азаматтың санасын сілкілегені анық.
Солардың бірі, көп балалы ана екі бөлмелі үйде үш жанұя тұрып жатқанын, баласы сырқат, ерінің қайтыс болғанына он жыл, содан бері құзырлы орындар есігін тоздырып келе жатқанын баяндаса, тағы бір замандасымыз ерінің соңында қалған 6 баланы тәрбиелеп келеді, АӘК алу үшін кенжесі үш жарым жасқа толғандықтан жұмыстан бас тартпауға пәрмен туып отырғанын, бірақ күндіз емес, түнгі кафе, дәмханаларға жұмысқа шығуға балаларының бәрі жас, жағдайы көтермейтінін жеткізді.
– Ауданда соңғы 5-6 жылда тұрғын үй құрылысы тоқтап тұр. Кезектің де жылжымайтыны содан. Осы жылдың мамыр айына дейін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджетке өтінім ұсынбақпыз. Алдағы уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыс болады, – деген әкім сөзі көңілдерге дем бергендей.
Ал жалғызбасты ана Кәмшат Рүстемова екі ұл тәрбиелеп отырғанын, балалары сабақты жақсы оқитынын, өз күшімен екі бөлмелі баспана тұрғызып алғанын, отбасылы, дімкәс күйеуін аяп, алиментінен ерікті түрде бас тартқанын айтты. Мектепте еден жуады, ағып тұрған жылы су жоқ, өткен қыс киер киімі де болмай қысылып шыққанын айтқанда "көршісі аш болып, өзі тоқ ұйықтаған мұсылман емес" деген хадис ойға оралды. Ұжым деген көршіден де жақын бір отбасындай қасиетті ұя емес пе? Көз алдарында жүрген бауырға қолұшын созып, демеп жіберсе өмірі ұмытылмастай сауапқа қаларын әрбір ұжым басшысы ұмытпай, осы игі іске ұйытқы бола білсе талай жасты жанар құрғаған болар еді-ау деген өкініш өзекті өртеді.
Бүгінгі жиынды қорытқан аудан басшысы Сұлтан Мақашовтың бақытты ел болашағының тұғырын тіктеуде мемлекет бар жағдайды жасайды. Дегенмен өркениетті елдердегідей елдің ортақ игілігіне бас-көз болып отырған жеке тұлғалар мен компаниялар басшылығының өмір сапасына саналылықпен дем беруі, қайырымдылық қадамдардың қанатын кең жаюы, сайып келгенде, ізгілікті қоғамның ілгері қарыштауының басында тұратынын жеткізген жарқын ойы көп көңілінен қолдау тапқандай.
Иә, алға қарай мінсіз ілгерілеуіміз үшін әуелі әлеуметтік жауапкершілік жолға қойылуы тиіс.

Баян ҮСЕЙІНОВА
11 қаңтар 2020 ж. 536 0