Тілін тапқан табысқа жетеді
Президент Қасым Жомарт Тоқаев Жолдауында білім беру жүйесін жақсартуға байланысты арнайы тапсырма жүктеді. Осыған байланысты Қызылорда облыстық білім басқармасы мен облыстық әдістемелік орталығы кәсіптік колледж оқытушылары арасында «Үздік топ жетекші-2019» сайысы өтті. Білім додасында аудан намысын қорғаған Ақмарал Досанова жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Оның кіл мықтының арасында даралануы бекер емес. Өйткені оның өмірлік мұраты – бала оқытып, білімін шыңдау. Мұндай асқақ арманы өзі білім алған №53 А.Романов атындағы мектепте қалыптасты. Бұл жолда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «тарих-география» мамандығы бойынша, Қазақ ұлттық аграрлық уиверситетінде «кәсіптік оқыту» бойынша білім алды.
– Ақмарал Досанова өз ісіне тиянақты, бастаған ісін аяғына дейін орындайтын ұстаз. Адамгершілік қасиетінен бөлек балаларға қамқорлығы, жанашырлығы да басым. Оның осындай озат қырларын ескеріп облыстық сайысқа қатысуға ұсынған едік. Нәтижесі көңілді қуантты. Сыр өңірінің әр аумағынан келген білікті мамандар арасынан қабілет-қарымымен ерекшеленіп, үздік шықты. Біз озат оқытушылармен мақтанамыз, – дейді колледж директорының орынбасары Алмат Мампаев.
Кейіпкеріміз білім ордасында «Аспаз» мамандығында оқитын студенттерге кәсіби бағдар берсе, №10 Фермер шаруашылығы мамандығының студенттеріне жетекшілік етіп келеді.
– Алланың маңдайға жазған сынағы болар, өмірлік жолдасымнан ерте айырылдым. Бүгінде әр қадамыма рухани күш-жігерді перзентім Кәусарымнан аламын. Оны жақсы тәрбиелеп, өсіріп, жақсы ана болсам, шәкірттеріме жақсы ұстаз болсам деген арман алға жетелейді, – дейді Ақмарал Досанова.
Ақмарал апай осындай үлгілі еңбек жолының арқасында «Үздік педагог-2018» республикалық төсбелгісін тақты. Мұнан өзге облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ ұйымының арнайы «Алғыс хаттымен» марапатталған.
P.S.: Халық даналығында «мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген тағылымды сөз бар. Расында Ақмарал сынды ұстаздар елдің тұтқасын ұстайтын жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, маман болып қалыптасуына жағдай жасауда. Мұның өзі елдің дамуына қосқан үлес емес пе?..
Ханзада ДОШАН