«ЖАҢА ТОЛҚЫН» сыйлығына кімдер ие болды?
«Жаңақорған шипажайы» АҚ мәжіліс залында ауданның жалынды жастары «Жаңа толқын» жастар форумы аясында бас қосты. Жастар жылын қорытындылаған жиында сала үздіктері марапат биігінен көрінді. Еркін форматта өткен форуымды аудан әкімі Сұлтан Мақашов ашып, биылғы атқарылған жұмыстар мен жастардың жеткен жетістігін саралады.

Ақын Әбілқайыр Сыздықов жастарға лебізін өлеңмен жеткізді. Ауданның «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Баян Божбанбаева белсенді жастарды қолдау бағытындағы бастамаларға тоқталды.
Биыл өз саласында жемісті еңбек ете білген 13 жас «Жаңа толқын» сыйлығына ие болды. Тоқтар Әжімұратов, Ханзада Дошан, Әбдірашид Рахманберді, Алтынбек Асқаров, Салтанат Шәменова, Дәулет Орынбасаров пен Орынбасар Асанов осы жүлдеге лайық деп танылды. Сондай-ақ, бұл қатарда Наржан Молдабеков, Әлібек Жарықбаев, Ермұханбет Әбдраманов, Ақниет Ераханқызы, Серік Бақытұлы және Жандос Әбенов бар.
Ал жас ұстаздар арасынан шәкірттерінің жеткен жетістікері мен жаңаша әдіс, жаңа білім беру жүйесін меңгеруде дараланған бес педагог білім бөлімінің арнайы сыйлығына ие болды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов облыстық жастар ресурстық орталығы директорының «Алғыс хатымен» бірнеше жасты марапаттады.
Марапат иелерінің атынан агро-техникалық колледждің жас ұстазы, әрі тілші Ханзада Дошан алғыс білдірсе, «Дара» продюсерлік орталығының директоры Серік Бақытұлы өз ұсынысын жеткізді.
Иә, биыл аудан жастары қай салада болмасын толағай табыстарға қол жеткізді. Спорт, мәдениет, білім саласында облыстық, республикалық байрақты сындарда биіктен көрінді. Сондай-ақ «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілері тобы көптеген игі істер атқарды. Солардың басы-қасында жүрген жастар жанашыры, аудан депутаты Арман Мәжитов жастарды марапатымен құттықтады. Сондай-ақ жастар форуымына Қармақшы ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ыбрахим арнайы келіпті.
Ахмет Байтұрсынов «Мен жастарға сенемін» демекші, жастар қоғамның негізгі қозғаушы күші. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев келер жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, бір-біріне қамқорлық жасап, қоғамды мейірімге бөлейтін бастамада жастарды белсенділік танытуға шақырды. Яғни жастарға арналған жыл жалғасын табады.
Еркін форматта өткен «Жаңа толқын» жастар форумын жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров қорытындылады.
– Биыл жастар үшін үлкен жаңалықтар мен жақсылықтардың жылы болды. Басқаша айту мүмкін де емес. Оқыдық, үйрендік. Өз идеясы, талпынысы бар талантты жастарға көп мүмкіндік берілді. Жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренді, грант алды, жеңілдетілген кредит алды. Сөйтіп жеке бизнесін бастады. Одан бөлек спорт, мәдениет, білім, инновациясаласында шыңдалып, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, елге танылды. Бүгінгі «Жас толқын» сыйлығы жастарға жігер берді. Оны қатысушылардың жанарынан байқауға болады. Аудан басшысына, бізді қолдаған барша жерлестерге алғыс білдіремін, – деді Жаңақорған ауданындағы жастардың көшбасшысы Наурызбай Ерікұлы.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ