№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АЗИЯ АЛТЫНЫ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНДА

АЗИЯ АЛТЫНЫ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНДА

   Атқа міну мәдениеті Ұлы даладан негіз алатынын тарих дәлелдесе, бүгінде жылқы жалында ойнайтын қазақ жастары ұлттық ойындардың көшін ілгері сүйреп жүр. Құрылықтық бәсекеден әлемдік деңгейге көтерілген ұлттық спорттың бірі – көкпардың бүгінде көкжиегі кеңейіп келеді. Жуырда Алматы облысының Талғар ауданында өткен жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионаты осының дәлелі. Алғаш рет ұйымдастырылған сары құрылықтық бәсекеде Қазақстан құрамасының жастары алтыннан алқа тақты.

   Алдымен, наурыз айында Жаңақорған топы­рағында жас шабандоздар ұлттық құрамаға ірік­телді. Сыр елі, оның ішінде, Жаңақорғанда көкпардан ел біріншілігінің екінші рет өткізілуі тегін емес. Себебі, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақта көкпар спорты қарқынды дамып келеді. Осы ел чемпионатынан жасақталған жастар Сары құрылықтық бәсекеде жерге қаратпады. Алғаш ұйымдастырылған дүбірлі додаға жеті команда қатысып, жүлделері сарапқа салынды. Көпшілік асыға күткен аламан былай өрбіді: екі топқа бөлінген жеті құраманың төртеуі жартылай сынға жолдама алды. А тобында өнер көрсеткен Қазақстан алдымен өзбек шабандоздарымен кездесті. 13:2 есебімен басым түскен алаң иелері топтағы екінші кездесуін ауған көкпаршыларымен өткізді. Қорытынды есеп 10:3.
   Ал, Б тобы тартысқа толы болды. Қытай, Ресей, Моңғолия және Тәжікстаннан келген жастар көкпар алаңының көркін қыздырды. Иә, әккі көкпаршылар секілді астындағы аттарының ауыздығын қарш-қарш шайнатып, ат құлағында ойнай алмағанымен бұл топта бәсеке жоғары болатын. Фаворит саналған Қытай мен Моңғолия келесі кезеңге жолдама алды. Жартылай сында жолы түйіскен баян-өлгийлік батырлар өзбек жастарын шаң қаптырды. Ал, қытайлық көкпаршылар қазақ жігіттерінің екпініне төтеп бере алмады.
  Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ІІ халықаралық форумына келген шетелдік қонақтар алдында қола үшін тартысқан Өзбекстан мен Қытай жастары қара жердің шаңын шығарды. Екі команданың да өзіндік әдіс-айласы, ойындағы шеберлігі бар. Дегенмен, жаппай көкпарға төселген өзбек палуандары алаңға билік жүргізіп бақты. Қытай құрамасы да осал шағылар жаңғақ емес. Алайда, «жүйрікке жүйрік тап келсе, төрт аяғы бауырында тыпырлар» дегендей, ала шапанды ағайынның айдарынан жел есті.
  Ойынның алғашқы бөлігінде алғашқы болып есеп ашқан қытайлық жігіттер болды. Алайда, алғашқы тайм 2:1 есебімен өзбекстандық көкпаршылардың пайдасына шешілді. Екінші таймда айта қаларлық ойын болған жоқ. Сонда да есеп 2:2 болып, командалар тең түсті. Қосымша уақыт белгіленіп, мүмкіндікті тиімді пайдалана білген өзбек жігіттері салымды 3:2-ге жеткізіп, Азия чемпионатының қоласына қол созды. Ал, көпшілік асыға күткен көшпенді ұлт ұрпақтарының арасындағы кездесу тартысқа толы болды.
  Кездесудің алғашқы бөлігі 2:1-мен аяқталды. Алайда, Талғар төрінде жанкүйерлер алдында атой салған қазақ жастары есепті 8:4-ке жеткізіп, алғаш ұйымдастырылған Азия чемпионатында алтын тұғырдан көрінді. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жаңақорғандық Нұрлыбек Асқаровтың да еншісі бірнеше салыммен майланды. Талап ауылының тумасы Нұрлыбек көкпардан 3 дүркін Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері жəне Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері атанып үлгерген. Исламхан Боранбаев баптайтын Сыр елінің көкпаршылары атынан барған жерлесіміз керемет ойынымен көпті тәнті етті.
  – Жарыстың деңгейі өте жоғары болды. Алайда, қырғыз ағайындардың келмей қалуы ыңғайсыз болды. Алғаш рет ұйымдастырылып тұрғаннан кейін болар жастарда қобалжу болды. Ендігі жоспар жастарды шыңдап, ересектер додасына қосу, – деді Сыр көкпаршыларының бас бапкері.
   Айта кетейік, Өзбекстан құрамасын атпен қамтамасыз еткен Жаңақорған ауданының №7 спорт-мектебінің жылқылары еді.
Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жарияланған Жастар жылы аясында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жастар арасындағы сары құрлық бәсекесінде жеңімпаз Қазақстан құрамасы болды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
24 сәуір 2019 ж. 993 0