№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кәсіпкер 150 млн теңгеге спорт кешенін салып берді

Кәсіпкер 150 млн теңгеге спорт кешенін салып берді

Соңғы жылдары Сыр өңірінде түрлі салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген әлеуметтік нысан қатары арта бастады. Қос тарапқа да тиімді деп танылған әріптестік мемлекет пен бизнестің бірлесе әрекет жасауына жол ашты.

Ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі іске инвестиция тартуға бағытталған жобаларға әйел кәсіпкерлер де атса­лыса бастады.
Міне, осындай тиімді әріптестік аясында бой көтерген спорттық кешен Тәуелсіздік мерекесі күні Сунақата ауылында ашылды. 150 орындық жаңа спорттық кешенінің құрылтайшысы, «Нұрперзент-97» дара кәсіпкерлігінің иесі – Эльмира Дилматаева. Инвестор өз қалтасынан 150 млн теңге қаржы шығарып, «Жастар жылы» аясында ауыл жастарының келешегіне керемет мотивация беретін бастаманы қолға алды. Бұған дейін жеке балабақша саласында кәсібін дөңгелетіп келген Дилматаева ендігі кезекте спорт саласына бет бұрды.
Ауыл халқының қуанышына ортақ­таса келген аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов сунақаталық ағайынды Тәуел­сіздік күнімен құттықтады:
– Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан өз жолында әлем аренасындағы биік белестерді бағындырып, төрткүл дү­ниеге танылды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің символы ретінде Елорданы таңғажайып шаһарға айналдырып, әлемге танытты. Оған қоса ұрпақ болашағы үшін жасаған әрбір бастамасын елдің ертеңгі игілігіне арнады. Осы жолда сындарлы сәттерден сүрінбей өтіп, терезесі тең, керегесі кең елге айналуына барын салды.
Тәуелсіздіктің жемісі ретінде бір ғана Қызылорда облысында биыл 37 млрд. теңгеге 400 мың шаршыметр әлеуметтік құрылыс нысаны салынды. Күні кеше Қызылорда қаласында 240 пәтерлік көпқабатты үй пайдалануға берілді. Ал бүгін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылып жатқан спорт кешенінен келешекте олимп және әлем чемпиондары шықсын! Бұған барлық жағдай жасалынған, – деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Мұнан кейін сөз алған ел ағасы Есенгелді Ержігітов көне Сығанақпен іргелес, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойындағы ауыл ортасынан бой көтерген спорт кешеніне халық дән риза екенін жеткізді. Елдің атынан кешен құрылтайшысы Эльмира Нұрғалиқызына алғысын білдірді.
– Жаһандағы кез келген ұлт үшін ең үлкен байлық, ол – тәуелсіздік. Тәуелсіздік – ешнәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Еркін ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады. Соның айқын дәлелі – Ділматаева Эльмираның Жастар жылы аясында сунақталық жастарға Тәуелсіздік күні тамаша тарту жасауда. Елдің атынан айтар алғысымыз зор. Кәсібіне Алла берекесін берсін!, – деді Есенгелді Ержігітов.
Одан әрі әлеуметтік нысанның лентасы салтанатты түрде қиылып, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов спорт кешенінің ішкі мүмкіндігімен танысты. Әуелі бірінші қабаттағы атшаптырым аумақты алып жатқан залды көріп, соңыра екінші қабаттағы бозкілем төрінде белдесіп жатқан жас спортшылармен тілдесті. Жас балуандарға сәттілік тілеген аймақ басшысы ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға көптеп тартуды тапсырды.
Осылайша Жастар жылы аясында ашылған спорт кешенінің меңгерушісі, жиырма екі жасар Нұрперзент Әбжаппардың айтуынша, 150 орындық кешенде тұрақты 13 адам жұмыспен қамтылып, 300-ге жуық ауыл жастары спорттың волейбол, баскетбол, гандбол және қазақ күресі үйірмелеріне қатыса алады. Қаңтар айынан бастап ресми жұмысын бастайтын кешенге келіп, үйірмелерге жазылып жатқан жасөспірімдер саны көп екен. Басым бөлігі қазақша күрестің қыр-сырын үйренуге қызығушылық танытып жатқанын білдік. Бұған дейін бозкілем төрінде талай атой салып, ауыл абыройын асқақтатып жүрген Ернар Беркімбайдың қуанышында шек жоқ. 2004 жылғы жас балуан жеңіл салмақта аудан, облыстың жеңімпазы. Ендігі кезекте Ернар жаңа кешенде жаттыққанына қуанып жүр.
Айта кетейік, ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі маманы Алмат Сұлтанбектің мәліметіне сүйенсек, Сунақата ауылында 14-29 жас аралығында 606 жас бар екен.

Әбдісамат ӘБДІШ
19 желтоқсан 2019 ж. 667 0