№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бесарық бекетінде Иманғали Тасмағамбетов, Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, Мәдина Ералиева тұрады

Бесарық бекетінде Иманғали Тасмағамбетов, Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, Мәдина Ералиева тұрады


Қазақ өзі ертеден ырымшыл халық. Бауыр еті – баласы дүниеге келгенде саналы да мағыналы, көпке танымал тұлғалардың есімін беруге талпынады. Бірі перзентіне қол бастаған батырдың, енді бірі ел бастаған бидің атын қойса, тағы бірі көмейіне бұлбұл ұя салған әнші болсын деп ырымдап құлағына азан шақырып ат қояды. Бұл халықтың ардақтысы болған адамдардың – есімін ұмытпау һәм ұлықтау. Әрине, балаға айрықша есім бере отырып, соған лайықты тәрбие бере білу ата-анаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Осындай жауапкершілікті сезіне білген отбасылар Талап ауылдық округінде жетерлік.


Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Бесарық бекетінің тынысы жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Бесарық ауылдық округінен еншісін алып, Талап ауылы болып құрылғанына он жылға жуықтады. Міне, сол аядай ғана ауылда Қазақстанға танымал атақты адамдармен аттас бір емес бірнеше жан тұратынына сенесіз бе? Күні кеше зейнеткерлік жасқа жетіп, қажылыққа барған суреті әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың аттасы осы ауылда тұрады. Одан өзге өлең сөздің дүлдүлі, жыр алыбы Жамбыл Жабаев, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Мұқанов, қазақтың Ақбаяны атанған күміс көмей әнші, Қазақстанның халық әртісі Мәдина Ералиевамен аттас қаракөзді де осы ауылдан табасыз.
Бесарықтың ЖАМБЫЛЫ
Әуелі жүз жасаған Жамбыл Жабаевтың аттасынан бастайық. Бесарық бекетінің тұрғыны, қамал алар қырықты бағындырған Жамбыл Жабаев темір жол саласының маманы. Кешеге дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның «Жолаушылар тасымалы» компаниясында жолсерік қызметін атқарған. 1978 жылы дүние есігін ашқан талаптық Жамбылдың есімін әпкесі Күлайхан қойған. Яғни, әкесі Аманның ағасының қызы. Ал Жабай атасының есімі. Тілдесу барысында Жамбылдан бойында ақындық өнері бар жоғын сұрадық. Жора-жолдастарының ортасында әу дейтіні барын жасырмаған Жамбыл аға отбасының өнерге жақын екенін тілге тиек етті.
– Негізгі мамандығым темір жол саласына қатысты. Жолсерік қызметін атқардым. Алайда соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі ұлымның жағдайына қарайлап, жұмыстан шықтым. Аллаға шүкір, 3 ұл, 3 қызым бар. Барлығы өнерге жақын. Әуелетіп ән айтып, мың бұрала би билегенді ұнатады. Ауылдық клуб ұйымдастырған «Өнерлі отбасы» сайысына да қатысқанбыз. Ең бастысы – бар байлығым – ұл-қыздарымның амандығы, – дейді Жамбыл Аманұлы бізбен әңгімесінде.
Қазақта «Жамбылдың жасын берсін» деген бата қалған. Жүз жасаған жыр дүлдүлінің жасын талаптық Жамбыл ағамыздың отбасына тіледік. Өссін, өнсін! Алты ұл-қызының есімі Жамбыл аталары секілді Алты алашқа әйгілі болсын деген тілегіміз бар. Айтқандай, Жамбылдың атасы Жабай Асылбеков Ұлы Отан соғысының ардагері болған.

«ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫ»
Мұнан кейінгі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Мұқановтың аттасы талаптық Сәбит Мұқанов әскери салада қызмет етеді. Қызмет бабымен ауылдан Қарағанды облысы, Приозерск қаласына көшкеніне екі жыл болыпты. ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 18405 әскери бөлімінде атқыш бригадасында. Оған қоса, қару-жарақ сақтау қоймасына да жауапты.
Анасы Күлпаш Мұқанованың айтуынша, Сәбиттің есімін әкесі Абдусамат қойған. Отыз жылдан астам білім ордасын да мұғалім болған Абдусамат ағай ортаншы ұлы дүниеге келгенде үйіндегі күнтізбеге көзі түскен. Қабырға да тұрған күнтізбенің 25-ші сәуірін жыртып, 26-сәуірін қараса, сол күні қазақтың танымал жазушысы Сәбит Мұқановтың туылған күні деп тұрғанын көреді. Әкесі ойланбастан, сәбидің есімін Сәбит қоямыз, тегі Мұқанов болатыны белгілі деп шешеді. Осылайша, 1981 жылдың 26-сәуірін де Сәбит Мұқанов дүниеге есігін ашады. Жастайынан еңбекқор болып өскен Сәбит Астана қаласында жұмыс істеп, кейіннен қызмет бабымен Приозерск қаласына әскери бөлімге жұмысқа орналасады. Бұл күне жазушының аттасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Келешекте ұрпағының Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Мұқанов секілді елге танымал қоғам қайраткері болғанын қалайды. Үнемі дастархан басында заңғар жазушының өмір жолын таныстырып, көпке үлгі етіп отыратынын жеткізді.

«ҚОҒАМ» ҚАЙРАТКЕРІ
Хош. Келесі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашары Иманғали Тасмағамбетовтың аттасы бесарықтық 11 жасар оқушы. Талаптық Иманғалидың есімін атасы құлағына азан шақырып қойған. Есімнің ерекше болуында да себеп бар. 2008 жылы Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласының әкімі болып тағайындалады. Сол жылы Тасмағамбетовтер әулетінде маңдайы торсықтай ұл дүниеге келіп, атасы «өскенде әкім болсын, халқына жақын болсын» деп батасын беріп, немересінің есімін Иманғали атайды. Анасы Қаракөз Мадалиеваның айтуынша, жасы он бірге толған Иманғалидың мінезі өте ақкөңіл. Мейірімді. Қатарластарына қарайласып, қашанда қол көмегін созуға даяр тұрады екен. Ал сынып жетекшісі Бибінұр апайы болса, Иманғалидың тәртібі өте жақсы және тазалыққұмар екенін тілге тиек етті.

«ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАЯНЫ»
Шағын ауылдағы тағы бір атақты аттастың бірі – Мәдина Ералиева. Әкесі Ералы мен анасы Әтіркүл сүт кенжесі дүние есігін ашқан сәтте Мәдина Ералиеваның өмірін емес, өнерін берсін, қазақ жұртына танымал жезтаңдай әнші болсын деген ниетте есімін ырымдап «Мәдина» деп қояды. Расында ақ пейілді ата-ананың асқақ арманы алдамады.
– Бала Мәдина жастайынан оқуға зерек болып әрі көп алдында қысылмай ән айтуға бейім болды. Теледидардан көрген әнішелердің әндерін жатқа айтып, бізді үнемі қуантуға тырысатын. Ең алғаш бес жасынан бастап сахна төріне шығып ән шырқады. Алғашқы тәлімгері Дина Тұтқабекова. Содан бері, аудан, облыс, респликалық деңгейдегі ән байқауларына қатысып, түрлі деңгейдегі жүлдеге ие болып келеді. Ауылдағы клуб директоры Жәнібек Сыздықов өзінің туған қарындасындай қарап, барлық байқауларға өзі апарып, ағалық ілтипатын көрсетуден шаршаған емес, – дейді анасы Әтіркүл.
Бүгінде ол Түркістан қаласындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің өнер факультетінде музыкалық білім мамандығы бойынша бірінші курс студенті.
Айта кету керек, бесарықтық Мәдина Ералиеваның бүгінге дейін жеткен жетістігі мен бағындырған белесі бір төбе деп. Бірқатарын тізбектеп өтсек. Ол – аудандық және облыстық «Бозторғай» балалар байқауының бірнеше дүркін жүлдегері. Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» халықаралық ән байқауында I-орын, «Көк тудың желбірегені» атты республикалық өнер додасында I-орын, «Күншуақ» республикалық фестивалінде «Вокал» номинациясы бойынша бірінші орын, «Айгөлек» республикалық телевизиялық әндер байқауында қола жүлдеге ие болған. Түркістан қаласын да Бейбітшілік әлемі шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған халықаралық ән додасында эстрадалық вокал бағытында I-орынды қанжығасына байлаған. Мәдина мұндай байқаулар әншілік өнерінің дамуына үлкен серпіліс беретінін жасырып қалмады.
Келешегі «Қазақтың Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиева секілді елге танымал, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әншіге айналғысы келеді. Қанатың талмай, талабың оң болсын, жұлдызың жансын дегіміз келеді.

Әбдісамат ӘБДІШ
14 желтоқсан 2019 ж. 1 965 0