№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұғырдан таймаған теміржолшы

Тұғырдан таймаған теміржолшы


Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Бабашевтар әулетінің есімі талаптықтарға жақсы таныс. Себебі бұл отбасының барлық мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі салада еңбек етуде. Бір ерекшелігі, олардың бәрі де қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін адал еңбекпен көтерілген. Елбасы айтқан нағыз еңбек адамын осы әулеттен табасыз. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан талаптық отбасының шаңырағына ат басын бұрып, қарт теміржолшы Тұрлыбек атамен тілдестік.


Иә, шығыстан батысқа, батыстан шы­ғысқа қарай созылып жатқан атақты «Орынбор – Ташкент» теміржол бойындағы шағын Бесарық станциясының тарихы тікелей осы темір жол құрылысының салынуымен байланысты. 1904 жылдан бастап, теміржолшылар қоныстанған, Бесарық бекеті болып құрылған.
– Әкем Орынбек осы Бесарық стан­циясының басшысы болған. Қара­пайым жұмысшыдан ерен еңбегінің нәтижесінде басшылық лауазымға көте­ріл­ді. Ешқашан жауапкершілік жүгіне жеңіл қараған емес. Күндіз-түні бекеттің басынан табылып, өз ісінің адал маманы екенін іс жүзінде көрсете білді. Теміржол саласынан зейнетке шықты. Әке жолын қуып, біз де теміржолшы болдық. Содан бергі уақытта Бабашевтар ұрпағының үшінші буыны теміржолда жұмыс істеп, әулет жолын жалғастырып келеміз. Жасыратыны жоқ, шойын жолдың бойында балалық шағымыз да өтті. Тепловоздың гудогі, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс, – дейді Тұрлыбек Орынбекұлы.
Ауылда тұратын бұл отбасының тір­лігі теміржолмен біте қайнасып, құрыш білекпен болат жолдың бойында еңбек ететін ұрпақтар бүгінде ата дәстүрін бұзбай, атакәсіптің құлағынан ұстағандарын мақтан тұтады. Айтқандай, Тұрлыбек ата электромеханик ретінде зейнеткерлікке шыққан. Әуелгіде Талап совхозында көлік жүргізуші, кейіннен мекемеде электрик болған Тұрлыбек ата Бесарық станциясында жиырма жыл бойы электрик ретінде бейнет етіп, бүгінде зейнетін көруде. Жетпісті алқымдаған қария әлі де тың. Күнделікті таңертең күнмен таласа тұрып, станция маңын барлап келуді әдетке айналдырған. Ізінен ерген жастарға білген-түйгенін өнеге етіп, ақылын айтудан жалыққан емес.
Тұрлыбек атаның ұлы Талапбек те бүгінде Жаңақорған разъезінде темір­жол­шылар әулетіндегі бабалар ізін дәріптеп келеді. Ол аталмыш разъезде кезекші электромеханик болып жұмыс жасайды. Талапбек ағамыз жұмыс барысында шкафтардағы релелер кернеуін өлшейді, рельс тізбегі, шунттық сезімталдық, кабель, аккумулятор тексереді. Бәрін белгіленген уақытта, талапқа сай орындайды. Осылайша әрбір кезекшілігін асқан ыждахаттылықпен атқарады.
Түйіндей айтқанда, теміржолшы­лар­дың тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты қуатты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр. Мұның қатарында жалпы еңбек жолы өтілін есептегенде бір ғасырға жуық, ынтымағы ұйысқан Бабашевтар әулетінің еселі еңбегі елге үлгі. Әулеттің әрбір мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәуелі шаңырақта бүгінде төртінші буын өзінің қызметін теміржол саласымен байланыстырып, ризығын теруде.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
19 қараша 2019 ж. 574 0