№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанның он айда жеткен жетістігі мен алдағы жылға жоспары

Жаңақорғанның он айда жеткен жетістігі мен алдағы жылға жоспары


Жаңақорған Сыр өңірінде іргелі, перспективалы ауданның бірі. Оны кәсіпкерлік, құрылыс, ауылшаруашылығы, инвестиция тарту және т.б саланың көрсеткіштері бойынша көруге болады. Одан бөлек, өңірде салық түсімі бойынша және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылған жұмыстар жөнінде да көш басында келеді. Мұны аудан әкімі Сұлтан Мақашов облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.


– 2019 жылдың қаңтар-қазан айында жергілікті бюджет 102 процентке орындалды. Яғни кірістер көзі 1819908,4 мың теңгені құрады. Ауданда өнеркәсіп саласы қалыптасқан, уран, полиметалл кендерінің молдығымен ерекшеленеді. Кен өндіру саласында 10 зауыт жұмыс жасайды. Оның 2-еуі шетелдіктердің қатысуымен уран өндіреді. Құрылыс материалдары, оның ішінде, әртүрлі фракциялы қиыр­шықтас, құмды тас қоспасы, доломит, әк өндіреді, – деді аудан әкімі.
Енді кәсіпкерлік саласына ойыссақ. Сыр өңірінде шағын және орта бизнес бойынша Жаңақорғанмен өзге аудандар бәсекелесе алмайды. Бұған тұрғындардың нарықтық қатынастарға бейімділігі мен тәуекелшілділігі әсер ететіндей. Жыл басында тіркелген кәсіпкерлік субъектісі 3952 болса, 10 ай ішінде олардың саны 4481-ге жетті. Жұмыспен қамтылғандар саны 6552-ге жетіп, 19600 миллионн теңгенің өнімі өндірілді.
– Тұрғындар арасында жеке бизнестің тиімділігін түсініп, кәсіпкерлікпен айна­лысуға ниеттілер саны артып келеді. Оны түрлі мемлекеттік бағдармаларға қатысушылар санының артуынан көру­ге болады. Мәселен, «Бизнес Кеңес­ші» жобасын биыл 144 адам оқып, «Сертификат» алды. «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында шағын несие бойынша 143 жобаға 614,9 млн теңге, 435 жобаның грантына 172,9 млн теңге берілді. Сондай-ақ, «Микробизнес-Кызылорда» бағдарламасы арқылы 25 жоба, «Бизнестің жол қартасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы 10 жоба несиеленді. «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 31 жобасы қаржыландырылды. Жалпы ауданда бүгін­ге дейін барлық қаржы көздерінен 652 жобаға 1 млрд 624 млн теңге тартылды, – деді әкім.
Индустриялық-инновациялық дамыту­дың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағ­дарлама аясында республикалық индус­трияландыру картасына және өңірлік индустрияландыру картасына бір жобадан енді. Мәселен, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ жылдық қуаты 4 миллион тонна кен байыту фабрикасын салу жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 235 миллиард теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 1500-дей адам жұмысқа тартылатын болады. Жоба толық іске қосылғанда 1540 адам жұмыс істейтін болады. Ал өңірлік индустрияландыру картасына енген жоба – «Қызылорда AGROPlus» ЖШС. Жылына 24000 тонна томат пастасын өндіретін жобаның құны – 8877 миллион теңге. Одан бөлек, алдағы жылдарда осы бағдарлама аясында картадан тыс 5 инвестициялық жобалар іске асады. Келешекте әк, керамзит құрылыс материалдарынан кірпіш және блок шығару зауыты, гиперпрессиялау әдісімен бұйымдарды өндіру зауыты және темір-бетонды құбыр бұйымдарын шығаратын зауыт және «Майнинг Консалт Ко» ЖШС-нің полиметалл кендерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинаты ашылады.
Соңғы үш жылда өңірде ауыл­шаруышылық саласы бойынша үздіктер қатарынан түскен емес. 2017 жылы «Үздік аудан» болса, 2018 және 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Озық аудан» атанды.
– Агроөнеркәсіптік кешенді дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бағытында жұмыстар атқарылуда. 2019 жылдың қаңтар-қазан айы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 16 142,9 миллион теңгені құрады. Оның ішінде, егін шаруашылығы 9135,6 миллион теңге мал шаруашылығы 6 826,0 миллион қаржыны көрсетті. Айта кететіні, ғалым-селекционер Керімхан Егізбаев пен Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты бірлесе өндіріске енгізген күріштің «АйКерім» тұқымы өнімділігін көрсетті. Бұл – Жаңақорған ауданының егін шаруашылығы саласындағы үлкен жетістігінің бірі, – деді Сұлтан Мақашов.
Биыл күріштің әр гектарынан 59,6 центнерден өнім жиналды. Күздік, жаздық бидай, жаздық арпа, мақсары, күнбағыстан қанбаға мол өнім түсті. Бақша дақылдары Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Ресейге экспортталды.
Мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 47 шаруашылық 329 220,0 мың теңге несие алып, 10 948 бас қой сатып алды. Жоспар 140,0 процентке орындалды. Аудан тұрғындары мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбағы», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламасына белсенді қатасып келеді. Асыл тұқымды мал шаруашылығы да дамуда.
Экономикалық өсімнің деңгейі құрылыстың ауқымымен байланысты екені анық. Сондықтан құрылыс саласына тоқталсақ. Жалпы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жөнінде арнайы мақала жазылды. Сондықтан егжей-тегжей тоқталмай, келер жылы жүргізілетін құрылыс нысандарын атасақ. Сонымен, 2020 жылы МАИ бекеті аумағында 300 орындық мектеп құрылысы және 140 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Орталық стадионды реконструкциялау, Өзгентте 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы және Бесарықта 90 орындық балабақшаның құрылысын жүргізуге құжаттамасы әзір. Жаңақорған кентінде 600 орындық №169 мектептің сметалық құны жасалды. Республикалық бюджеттен қаржы қаралса, құрылысы басталады.
«Жаңақорған кентінің сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту» және «Ақбұлақ» бағдарламасымен бастау алып, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалғасын тапқан «Сырдария-Талап топтық су құбырының құрылысы» жобасында Сырдария елді мекендерді ауыз сумен қамту қарастырылды. Бұл жұмыстар жоспар бойынша 2019-2020 жылы толық аяқталады.
– Жаңақорған кентінің ішкі ауыз су жүйелерін кеңейту және қайта жаңғырту төртінші кезең құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, қазіргі таңда 3 894,847 миллион теңге игерілді. Жобада қаралған 193,3 шақырым су желілері толығымен салынды. Алайда, жобада кенттегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу сервистік желісі қаралмағандықтан, кент тұрғындары толығымен ауыз сумен қамтамасыз етілмеді. 2020 жылы аталған мәселені шешуге жұмыс жасаймыз, – деді аудан басшысы.
Басшы жұмысын бағалауда халықтың жұмыспен қамтылуын сарапқа алады. Ауданда халық саны – 84221, жұмыспен қамтылғаны – 34108. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 129 адам, Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа 500 тұрғын ілінді. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын арттыру бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын құруға, жастар практикасын ұйымдастыруға, қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыруға 245 940,0 мың теңге қаралды. Атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге 3382 отбасыға 1715607,0 мың теңге бөлінді. Биыл халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспарына сәйкес, ауданда 14 рет бос жұмыс орындарына жәрмеңкесі өтіп, тұрақты жұмыс орындарына – 166, әлеуметтік жұмысқа – 184, жастар практикасына – 282, қоғамдық жұмысқа – 128 жас тартылды. «Бастау бизнес» жобасы аясында – 88жас оқу курстарынан өтті, кәсіпкерлік бағытында 188 жас несие алды. 110 жасқа 505 мың теңге және 149 жасқа 252 мың теңгеден грант беріліп, кәсіптерін жүргізуде.
«Жастар жылында» жүйелі жұмыс атқарылды ма? Сұлтан Ысқақұлы бұған да жауап берді.
– 2019 жылы 5 миллион 393 мың теңге қаржы қаралып, бес түрлі қызмет бойынша 35 түрлі деңгейдегі шара ұйымдастырылды. Оған 5 мыңға жуық жас қатысты. Аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 11 рет кеңес отырысы өткізіліп, 21 мәселе қаралды. Яғни жастар саясатын ілгерілету, жастар жұмыссыздығын жою, белгілі бір кәсіппен айналысуына үйрету, оқыту, қайта даярлау, құқықтық сауаттылығын көтеруге басымдық берілді. Ақүйік ауылдық округінде «Облыстық жастар слеті», Бесарық ауылдық округінде «Жастар – Отанға!» атты республикалық жастар лагері өтті, – деді ол.
2019 жылдың 20 наурызында «Жаңарған Жаңақорған Жастары» ерік­тілер тобы құрылды. Ерікті топ құрамында 100-ге жуық жастар, аға буын өкілдері, жас кәсіпкерлер бар. Жалпы ерікті жастардың негізгі атқаратын 5 бағыты бар. Олар: білім-инновация, қайырымдылық акциялары, мәдени-рухани іс-шаралар, қоғамдық жұмыстар, спорттық сауықтыру шаралары. Аталмыш бес бағыттың ішіндегі ауқымдысы – қайырымдылық жұмысы. 2019 жылы облыс бойынша «Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер тобы «Жылдың үздік ұйымы» атанды.
«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағ­дарламасымен 48 маман тұрғын үй сатып алуға 177 947,0 мың теңге бюджеттік кредит берілді.
Брифингте әкім білім беру, мәдениет, спорт саласындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Ауданда жекеменшік білім беретін орталықтар ашылды. Мектептерде бейне бақылау камералары мен ауыз сумен қамту, мектеп ішілік әжетхана мәселесін шешу жүргізілуде. Білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жаңар­туға мән берілуде. Мектептерде робототехника және IT сыныбы ашылды. Осындай қамқорлықтың арқасында білім беру көрсеткіші көтеріліп келеді. Мәдениет саласыда жаңа биікке көтерілді. Жаңақорған кенті мен елді мекендерде түрлі деңгейдегі байқаулар жиі-жиі өткізіле бастады. Оның дәлелі, биыл 1236 мәдени шара ұйымдастырылды. Жаңақорғанның топырағынан нәр алып, елдің дамуына үлес қосқан тұлғалардың мерейтойлық шаралары жоғары деңгейде аталып өтті. Спорт саласында спортшылардың жетістіктігі көп. Күрес түрлерінен жаңақорғандық балуандар биыл табысты өнер көрсетті. Сондай-ақ, ұлттық ат спорты түрлерінен аудан спортшылары Сыр өңірінің намысын абыройлы қорғай білді.
Брифинг соңында журналистер толған­дырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. «Qyzylorda» телеарнасының журналисті Асқар Тәжиев ауыз су мәселесіне қатысты сауал қойды.
– Қазір ауылдық жерлердегі тұрғын­дарға ауыз су уақытылы жетуде. Бірақ, су құбырлары тым ескірген. Тіпті кенттегі су желілері іске әрең жарап тұр. Сондықтан келер жылы аудан орталығындағы төртінші кезеңнің орталықтандырылған ауыз су жүйесін толық іске қосамыз. Ал «Сырдария-Талап топтық су құбырының құрылысы» жобасы пайдалануға берілсе, онда аудандағы 26 ауылдық округ мен шағын елді мекендер ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2021 жылы аудан толық ауыз сумен қамтамасыз етіледі, – деді аудан әкімі.
– Соңғы жылдары Жаңақорған ауданы Ұлттық біріңғай тестілеуден төменгі нәтиже көрсетуде. Себебі неде? – деген сұрақ қойылды.
– Сауал орынды. Мен мектеп дирек­торларына: «Оқушының білімі ұстаздың өнімі болса, ҰБТ – таразы. Ендеше неге сапалы білім беруге мән бермейсіздер. Неге ата-аналар репититор жалдауы тиіс? Талапкерге құр тест жаттату жеткіліксіз. Оларға сапалы білім беру керек», – деп нақты талап қойдым. Білім беру саласындағы жұмысты жоққа шығара алмаймын. Бірақ жүйелеу керек.
Брифингте ауыл шаруашылығы, жер мәселесі тыс қалмады.
«Халық» газетінің тілшісі Қозы Көрпеш Жасаралұлы музейді мәселе ретінде көтерді.
– Келер жылы музей құрылысына сметалық құжаттары жасалады. Бюджет­тен немесе мемлекеттік-жекешілік әріп­тестік аясында жаңа ғимараттың құрылысы жүргізіледі. Оған қажетті жер телімін белгілеп қойдық, – деді әкім.
Сыр өңірі журналистерімен кездесуден кейін аудан әкімі Сұлтан Мақашов «Qyzylorda» телеарнасының «Өзекжарды» бағдарламасының тікелей эфиріне шығып, атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
14 желтоқсан 2019 ж. 636 0