Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жас инноватордың жаңалығы жүлдеге ілінді

Жас инноватордың жаңалығы жүлдеге ілінді

Бүгінгі жастар жаңашыл, талапшыл. Олардың бойында буырқанған талпыныс зор. Ендеше қазіргі жас буынға мемлекет пен қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің қайнаған ортасынан табылып, Ұлы дала елінің иелері өздері екенін ұғындыра түсу қажет. Жақында Қызылорда қаласында өткен «Байқоңыр Start-Up 3» бизнес-идеялар конкурсында жаңақорғандық жас инноваторлар жоғарыда аталған мақсат үдесінен шыға білді.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұйытқы болған дәстүрлі жас инноваторлар байқауында Қожамберді ауылының тумасы Асылбек Әлібеков пен Әлішер Молдахметтің қанжығасы майланды. Дипломмен қоса, 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Қола жүлдеге қол жеткізген қос дарынмен бізде тілдестік. Әлішердің айтуынша, оның жобасына келешекте сұраныс арта­ды. Өйткені, тазалық тақырыбы қашан­да өзекті.
– Негізгі бизнес-идеям тазалыққа қатысты. Яғни, қала ішін тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартудың тың тәсілі. Жақында Алматы қаласында «Urban.TechMoscow» атты инновациялық жобалар байқауы өткен болатын. Сол кезде «Қала ішіндегі тазалықты жақсарту және оған кететін шығынды азайту» тақырыбына тапсырма берілді. Өзім осыны негізге ала отырып, жоба құрастырдым. Мақсатым – кез келген қалада қоқыстардың санын азайту  және қала ішінің санитариясын жақсарту. Сонымен қатар қала ішіндегі қоқысты тазартуға кететін шығынды азайту. Бұл жоба болашақта сұранысқа ие болатынына сенімдімін, – дейді Әлішер Молдахмет.
 Тілдесу барысында белгілі бол­ған­дай, Қазақ-Британ техникалық университетінің ақпараттық техноло­гиялар факультетінде «Есептеу техни­касы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығында оқитын студенттің жобасына қазірдің өзінде бірнеше компания өкілі  қызығушылық танытуда екен. Соның ішінде «Қазақтелеком» АҚ-мен бірігіп осы жоба аясында жұмыс жасауға  уағдаласуда. Қазақстандағы мегаполис қалаларда да тазалықты жақсартуда қолданылатын жоба кең көлемде көрініс табатынына Әлішер бек сенімді.
Ендігі кезекте, «Байқоңыр Start-Up 3» бизнес-идеялар конкурсына келсек. Дәстүрлі байқауға 100-ге жуық ниеттілер жобасын ұсынғанымен, ақтық сынға 60 жоба сынақтан сүрінбей өткен. Конкурстық комиссияның ортақ шешімімен 60 жобаның ішінен 6-уы жеңімпаз атанды.
Айта кететіні, Әлішер дәрістен қолы босамағандықтан аталмышбайқауға қатыса алмады. Оның орнына осы жобаны таныстыруға бірлесіп жұмыс жасаған қожамберділік сыныптасы Асылбек Әлібеков қатысты. Өз кезегінде Асылбек көптің алдында көсіліп, инновациялық жобасын сәтті қорғап шықты.
– Бұл байқау – болашақ кәсіпкер үшін  үлкен мүмкіндік беретін жоба. Негізгі идея – Әлішердікі. Алайда екеуміз «Қала тазалығының сапасын арттыру және оған кететін шығынды үнемдеу» бизнес жобасын біріге отырып, жұмыс жасадық. «Байқоңыр Start-Up 3» бизнес-идеялар байқауы өтеді дегенді естіп, ақылдаса келе жобамызды жолдадық. Шүкір, қазылар алқасы қолдап, жобамыз жүлдеге ілінді, – Асылбек Мұратбекұлы.
Жоғарыда айтқандай, конкурс  мақсаты – 18-29 аралығындағы талантты, кәсіпкерлікке ынталы жастарды анықтау және қолдау, сондай-ақ бизнес-идеяларын жүзеге асыруға жәрдемдесу болып табылады. Конкурста комиссия құрамында «Жас Отан» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының өкілі, мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлік палатасы, қаржы институты өкілдері және жергілікті бизнес-қауымдастық мүшелері қазылық етті.
Лаура БИБАСАРОВА
01 желтоқсан 2019 ж. 579 0