Қызылордалық жас өнертапқыш инновациялық құлаққап жасады
Жас өнертапқыштың бұл жобасы көпшілікті таңғалдырып отыр. Қазір екінің бірі құлаққапты пайдаланады. Дегенмен ол қауіпсіздікті сақтау барысында көптеген қиындықтар тудырады. Дастан құлаққаптың ішіне қауіпсіздік сигналын орнатқан. Мәселен, көлік, жол-көлік, жедел жәрдем қызметтерінің сигналы естілгенде құлаққаптағы әуен автоматты түрде тоқтайды. «Мұндай құлаққаптың алыстан көлік дабылын қабылдауға мүмкіндігі бар. Ол шамамен 15 метрді құрайды. Сондай-ақ, осындай қашықтықта музыканы қабылдауға шамасы бар. Әзірге құлаққаптың бір ғана данасын жасап шықтым. Алдағы уақытта оны көбейтуге ұсыныс түсіп жатыр», - деді Дастан Айтбай. Бүгінгі күні аталмыш жоба бойынша Қызылорда облысының әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті тарапынан оны іске асыруға байланысты ұсыныс жасалған. Енді бірлесіп жұмыс жасау барысында оны қолданысқа енгізбек. Жақында Қызылордадағы «Кәсіпкерлер үйінде» облыс жастарының арасында өткен «Байқоңыр Start-up 2» бизнес-идеялар конкурсында Дастан Айтбайдың «Инновациялық құлаққап «Safe headphones»» жобасы арқылы бірінші орынды жеңіп алды. Оған арнайы диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұдан бұрын жас өнертапқыштың вирусқа қарсы қорғаныс ретінде қолданылатын арнайы жобаны ойлап тапқанын хабарлаған едік.