» » Бүлдіршіндер "Алтын күзде" би биледі

Бүлдіршіндер "Алтын күзде" би биледі

Жуырда кент орталығында орналасқан «Болашақ» бөбекжай-бақшасы «Алтын күз» мейрамын тойлады. Аталмыш мерекеде ұйымдастырылған күз мерекесі балалар арасында сайыс түрінде өрбіді. Осылайша өз өнерлерін ортаға салған бүлдіршіндер тәлімгерлерімен бірге түрлі кезеңдерден өтіп, жиналған көпшілікке қуаныш сыйлады. Мақсаты табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері жайлы түсіндіріп, берекелі мезгіл екенін айтумен қатар еңбекқорлыққа тәрбиелеп, ойлау қабілетін дамыту.

«Білімді бүлдіршіндер», «Жас бағбандар», «Жас тапқырлар» тобынан шыққан балабақша тәрбиеленушілері «Таныстыру», «Театр әлеміне саяхат», «Өз өнері», «Күзгі сән үлгісі» кезеңдері бойынша бақтарын сынады. Алғашқы кезең бойынша тәрбиеші Ғалия Үсенова дайындаған Изатулла Бағым мен Нұрдастан Сұлтанбектің өзін-өзі таныстыруы ерекшелегімен есте қалды. Екінші кезеңде «Дос іздеген бота» ертегісін сахналық қойылым ретінде ұсынған Әмина Жаппарованың бүлдіршіндері Әйзере Әбдіжаппар мен Раяна Жамал ыстық ыхыласқа бөленді. Ал ағылшын тілі маманы Анар Мамешова дайындаған Байжан Ақтамғали мен Гүлдана Яхия өз өнерін көрсету сайысында спорттық жаттығулар арқылы жапырақтан көрнекілік құралдар құрастырып, баланың ой-өрісін дамытуға арналған қажетті іс-қимылдар бейнесін ортаға салды. Соңғы күзгі сән үлгісін көрсету кезеңінде барлық бүлдіршіндердің еңбегі бірдей бағаланып, тең түсті. Сонымен қатар Жанар Әбдрахманова даярлаған Заңғар Сұлтан мен Айару Жақсыбек, Ләззат Мақұлбекова тәрбиеленушілері Мырзабек Алтынбек пен Сәбина Ерік және Әйгерім Тұрсынханованың бүлдіршіндері Ділназ Асайын, Нұрдаулет Асайын және Жансая Кеңесбектің де өнерлері сарапшылар тарапынан оң тұрғыда бағаланып, қошемет көрсетілді. Осы кезеңдік сайыстарда әділ бағасын берген қазылар қатарында балабақша меңгерушісі Балжан Әбжаппарқызы, би жетекші маманы Гүлнар Сүгірбаева және бөбекжайдың тігінші маманы Бибайша Сейтовалар болды.
– «Ұлт боламын десең болашағыңды түзе» демекші, ел ертеңі өсіп келе жатқан осы жеткіншектердің қолында. Ал енді бүгінгі сайыс бойынша қатысқан бүлдіршіндер мен тәлімгерлерге және ата-аналарға алғысым шексіз. Балабақшада қандай да бір байқау, сайыс болмасын үнемі жоғары дәрежеде өтеді. Әрине мұның бәрі білікті, білімді мамандардың еткен еңбегінің жемісі, – деді балбаақша меңгерушісі Балжан Мырзабаева.
Осылайша кішкентайлардың ара­сында қызықты бағытта өрбіген сайыс соңында тәрбиеші Әмина Жапбарованың тәрбиеленушілері «Өнерлі бала», Ләззат Мақұлбекованың бүлдіршіндері «Шығармашыл бала», Жанар Әбдірахманова дайындағын бөбектер «Ізденімпаз бала» номинациясымен марапатталса, сайыс қорытындысы бойынша І орынды Анар Мамешованың балғындары иеленсе, Ғалия Үсенова мен Әйгерім Тұрсынханованың өнерлі балалары өзара екінші орынды бөлісті.
Соңыра ата-аналар атынан бала­бақша тәрбиеленушісі Жансая Кеңес­бектің әжесі Айым Байбосынова сөз алып, ұжымға алғысын айтып ақ батасын берді.

Индира ТҰРАБАЕВА
«Болашақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі
27 қараша 2019 ж. 811 0